Халықты алаяқтардан қалай қорғауға болады

Құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша қоғамдық тыңдаулар онлайн-форматта Қостанай облыстық Журналистер одағының төрайымы Александра Сергазинованың қатысуымен өтті.

«Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл саласында халықтың құқықтық сауаттылығын және ақпараттандырылуын арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы тыңдауға жоба жүзеге асырылған елді мекендердің барлық өкілдері қатысты.

Александра Сергазинова жобаның нәтижелерімен бөлісіп, қандай кәсіпорындарда және қай елді мекендерде іс-шаралар өткізілгенін баяндады:

«Әрине, сіздер жобаның аясында ауылдар мен Рудный қаласының көшелеріне орналастырылған баннерлерді байқаған боларсыздар. Біз бейнероликтерді әлеуметтік желілерде ғана емес, сондай-ақ мектептер, балабақшалар мен коммуналдық мекемелердің WhatsApp топтарында да тараттық. Коммуналдық мекемелердің барлығында кездесулер өткізіп, алаяқтардың құрбаны болмау жолдарын қарапайым тілмен түсіндірдік», – деді ол және Рудный қаласының Полиция басқармасына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Тыңдаулар барысында «Алаяқтыққа жол жоқ!» атты бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталды. Оларға жуырда қоғамдық ұйым атынан мобильді телефондармен қолдануға ыңғайлы сыйлықтарды табысталады.

Горняцкий кенті мен Перцевка ауылының әкімі Зейнелғабиден Әбілов өз ұсыныстарын білдірді:

«Алдын алу іс-шараларын мәдени-ойын-сауық бағдарламаларымен үйлестіру қажет. Бұл көбірек қатысушыларды тартып, іс-шаралардың есте қаларлық болуына көмектеседі. Біз тек ақпарат беріп қана қоймай, адамдарды белсенді қатысуға ынталандыратын жағдай жасауымыз керек», – деп атап өтті әкім.

Жоба тапсырыс берушісінің атынан сөз сөйлеген қалалық әкім аппаратының заң бөлімінің бас маманы Қайсар Оңғар жарнамада екі тілді қолданудың маңыздылығына тоқталды:

«Іс-шараларымыздың материалдары қазақ және орыс тілдерінде бір бағытта ұсынылуы қажет. Бұл кеңірек аудиторияны қамтып, ақпараттың барлығына қолжетімді болуына ықпал етеді. Әр адам өзіне қажетті ақпаратты өз тілінде және ыңғайлы форматта алуына мүмкіндік жасауымыз керек».

Ұйымдастырушылар келесі жылы іс-шараларды одан әрі тиімді ету үшін барлық ұсыныстар ескерілетінін атап өтті.

 

Әсем Байқанова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *