Рудный индустриалды университетінде мектеп командалары арасында «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Jaidarman junior» облыстық лигасының жартылай финалы өтті. Нәтижесінде қатысқан сегіз команданың бесеуі финалдық ойындарға жолдама алды.
Бүгінде «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысы жастардың сүйікті ойын алаңына айналып, жалынды жастардың басын қосуда. Іріктеу ойындарына өңіріміздің барлық ауданынан және жалпы білім беретін мектептердің оқушы жастарынан құралған 8 құрам қатысты.
«Бұл жоба Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық ішкі саясат бөлімі» ММ әлеуметтік мемлекеттік сатып алу аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, жайдарман ойындары Рудныйда 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Негізгі мақсаты – қазақ тілді жастардың ортасын қалыптастыру және оларға мүмкіндік беру. Жыл сайын әртүрлі жарыстар ұйымдастырылады. Биылғы жылы жергілікті көрермендер мен топтардың тәжірибе алмасуы мақсатында облысымыздың басқа көршілес аудандарының командаларын шақырып отырмыз. Соңғы алты жылда бұл жобаны ішкі саясат бөлімі қолдап келеді», – деп атап өтті «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының басшысы Марғұлан Бәкір.
Өз жолдарын Мектепшілік жарыстардан бастаған Қарабалық ауданынан келген «Ой жеткендер» командасы «Жайдарман Джуниор» облыстық лигасына көптен дайындалып жүргендерін атап өтті. Команда капитаны Әдемі екі жыл бойы лига ойындарын көрермен ретінде қадағалап, өз командасын құрып, бүгін сахнаға алғаш рет шығып жатыр.
Команда мүшелері жарысқа жан-жақты дайындалғанын, әзіл-оспақтарын пысықтап, бір-бірімен тәжірибе алмасқанын айтады. Олардың мақсаты – жеңіс қана емес, сонымен қатар, сахнада өнер көрсету, жаңа достар табу және өздерін таныту. «Ой жеткендер» командасы өз өнерлерімен ерекшеленіп, жанкүйерлерін қуантуға бар күштерін салды.
«Жалпы, біз сахнада жүргенімізге екі жыл уақыт өтті. Мектепте әрдайым бірінші орын алатынбыз. Біздің командамыз «Ой жеткендер» атауы біліміміз бен мүмкіндіктеріміздің шекарасын білдіреді», – деп айтты команда капитаны Әдемі Ердосова. – Әрине, бізге қарсылас командалар да өте мықты. Сайыс барысында біз бір-бірімізден тәжірибе алып, шығармашылық жағынан дамуға тырысамыз».
Жайдарман ойындарына қатысушы топтардың бірі – Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектебінің «Тәуекел» командасы. Олар облыс чемпионы және «Junior» ойындарының финалисттері ретінде танылған, сондай-ақ, олар «Тұмар» командасының шәкірттері. Жас ойыншысы Естай өз командасының жеңіске жететініне күмәні жоқ екендігін айтып, қарсыластарына сәттілік тіледі.
«Қарсыластарымызды менсінбей, оларды әлсіз немесе кішкентай балалар деп қарастырамыз деген пікірмен келіспейміз. Біз оларды кәдімгі қарсылас ретінде көреміз және олардың да бізге қарсы шыға алатынына сенеміз. Сондықтан, біз барша қатысушыларға сәттілік тілейміз, ал өзімізге жеңіс тілеудеміз», – деді «Тәуекел» командасының ойыншысы.
Команда жетекшілерінің жолын қуып, үлкен жауапкершілік арқалап отырған «Тәуекел» командасы, өздерінің әзіл-оспақтарын сахнада көрсетіп, көрермендерді қуантуды мақсат етіп отыр. Естай мен оның командасы тек жеңісті ғана емес, сондай-ақ, шығармашылық және достық атмосферада жаңа тәжірибе алуды көздеп келеді.
«Жайдарман» – бұл ерекше орта, командалық қойылымдар мен ойын-сауық іс-шараларының үздіксіз тоғысуы. Шығармашылық жастар үшін әзіл мен көңіл көтерудің тұрақты ағыны алдағы маусымға қуат береді. Басты мақсат – рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау және жастардың шығармашылық дамуын қолдау. Марғұлан Бәкірдың айтуынша, «Жайдарман» – бұл КВН форматы, ол жастарға импровизацияны үйретеді және шығармашылық әлеуетін дамытуға көмектеседі.
«Жайдарманға қатысқан жастардың болашағы жарқын. Олар кез келген салада керемет маман болуға қабілетті, өйткені ойын оларға көптеген мүмкіндіктер береді. Ойын барысында жастар өздерінің шығармашылық ойларын, әзілдерін және актерлік шеберліктерін шыңдайды», – деп қорытындылады Марғұлан Бәкір.
Келесі «Jaidarman junior» финалдық ойыны қараша айында өтеді. Бұл жарыс жастардың таланттарын танытуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Асем БАЙКАНОВА,
суретті түсірген Никита ЕВСТИФЕЕВ