Қыс түсуімен қарды уақытылы тазалау мәселесі өзекті бола түсуде. Рудный қаласы әкімінің қатысуымен өткен аппараттық жиналыста ТКШ бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов қыста атқарылатын жұмыстар жайлы баяндама жасап, мердігер ұйымдарға қойылатын міндеттерді және тұрғындардың атсалысуының маңыздылығын атап өтті.
Қаланы қардан тазарту үшін «РАХАТ-2018» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Мердігер ұйым 50 дана арнайы техникамен жабдықталған: 2 дана қар тиегіш техника; 14 дана пышақ-щетка жабдығы бар көлік; 2 дана шнекоротор; 5 автогрейдер; 17 трактор (К-700, Т-150, МТЗ-80); 4 құрама жол машиналары (КДМ); 6 фронталды тиегіш; 10 қосымша техника.
«Жаяу жүргіншілер жолдары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін қардан тазалау үшін 120 адам жұмылдырылған. Қардың көктайғаққа айналуын болдырмау мақсатында 300 тонна құм-тұз қоспасы және 250 тонна таза тұз дайындалған. «Бұл материалдар жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарға себіледі», — деп атап өтті Юрий Итемгенов.
Қалың қар жауған күндері коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істейді. Көбіне техникалық жұмыстар түнгі уақытта жүргізіледі, себебі бұл жол қозғалысына кедергі келтірмеуге және апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік маңызы бар нысандарға (балабақшалар, мектептер, ауруханалар) кіреберіс жолдарды тазалауға ерекше назар аударылады. Көпқабатты үйлер аумағы мен жеке секторды тазалау да жүйелі түрде ұйымдастырылады.
«Негізгі міндетіміз – көшелер мен тротуарларды тазалау ғана емес, сонымен қатар жол бойындағы қардың жиналуын болдырмау және уақытылы шығару», — деп атап өтті ТКШ бөлімінің басшысы.
Тұрғындар Ikomek қызметі немесе әлеуметтік желілер арқылы қардан тазарту бойынша өтініштерін қалдыра алады. Әрбір өтініш тіркеліп, мердігер ұйымға тез арада жеткізіледі. «Ikomek операторлары өтініш берушімен жұмыс аяқталғанша байланыста болады», — деп атап өтті Юрий Итемгенов.
Тазалау және күтіп ұстау ережелеріне сәйкес жауапкершілік аймақтары былай бөлінген:
- Жергілікті атқарушы орган: жалпы қолданыстағы жолдар, тротуарлар және әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар.
- Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) және жай серіктестіктер (ОСИ): үйлердің аулалары мен аумақтары.
- Кәсіпкерлер (дүкендер, сауда орталықтары, қоймалар): өздеріне тиесілі аумақтарды тазалау.
Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, қаланы таза ұстау үшін тек коммуналдық қызметтерге ғана сенім арту жеткіліксіз. Әкім жеке сектор тұрғындарын өз аумағын тазалауға шақырды.
«Егер автогрейдер орталық көшені тазалап жатқанда, біреудің кіреберісін жауып қойса, күрек алып, өз аумағыңызды тазалаңыз. Бұл барлығымыздың ортақ міндетіміз», -деді Виктор Ионенко.
Әкім ТКШ бөліміне қажеттілік туындаған жағдайда қосымша техниканы тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Ол үшін жеке ұйымдармен меморандумдар мен ниет хаттамаларын жасасу ұсынылды.
«Техниканы көбейтіп, қаланы бар-жоғы бірнеше сағаттың ішінде тазалап бітіруіміз қажет. Қаржыландыру толық көлемде қарастырылған, бұл тұрғыда мәселе жоқ», — деп мәлімдеді әкім.
Сонымен қатар, таңертеңгі сағат 6-7-ге дейін қаланың негізгі кварталдық жолдары мен тротуарлары толықтай тазалануы керектігі ескертілді. Бұған қоса, Полиция басқармасымен бірлесе отырып, тазалау ережелерін бұзғандарды жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізілетіні хабарланды.
Қала әкімі тұрғындарды аулалар мен көлік тұрағы аймақтарын қардан тазалауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Рудный қаласында қысқы тазалық жұмыстары – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық тұрғындардың ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігермен қала қауіпсіз әрі жайлы болады.Әркім өз ауласын тазалап, қаланы таза ұстауға үлес қосуы тиіс», — деп түйіндеді ол.