Рудный қаласында Тәуелсіздік күні қалай атап өтілмек?

 Еліміздің тарихындағы ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін тойлау жоспары, бүгін қала әкімдігінде талқыланды.

«16 желтоқсан күні еліміз үшін айрықша мәнге ие, бұл күн азаттықтың құндылықтарын дәріптеп, тәуелсіз мемлекеттің жетістіктерін насихаттауға және елдің дамуына үлес қосқан азаматтарды ұлықтауға арналған. Биылғы мерекеге орай Рудный қаласында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар ел бірлігі мен бейбітшілікті нығайтуға, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсетуге бағытталған. Қалалық жоспарға сәйкес, әртүрлі форматтағы мәдени, білім беру және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылмақ»,- деп атап өтті қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлшат Ермешекова.

Мектептер мен колледждерде патриоттық тәрбие

11-15 желтоқсан аралығында қала мектептерінде келесі патриоттық сынып сағаттары өтеді:

  • «33 жыл – Бейбітшілік пен келісім жылы»;
  • «Желтоқсан жаңғырығы»;
  • «Тәуелсіздік белестері»;
  • «Менің Отаным – Қазақстан».

Ал колледждерде 9-16 желтоқсан аралығында:

  • «Тәуелсіздік – бақыт бастауы» атты оқушылар челленджі;
  • «Мен халқыммен мақтанамын» атты кураторлық сағат өтеді.

12 желтоқсан күні Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде «Тәуелсіздік – ұлттық өрлеудің ұлы күші» тақырыбында дәріс өтсе, 14 желтоқсан күні Рудный құрылыс және көлік колледжінде мерекелік шара ұйымдастырылады. Сонымен бірге 18 желтоқсанда диалог алаңында студенттер мен оқытушылар «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» тақырыбын талқылайды.

Рудный индустриалды университеті де мерекеге үлес қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырады, онда Тәуелсіздіктің 33 жылдығының маңызы талқыланады.

Мәдениет мекемелеріндегі шаралар

Қаладағы кітапханалар мен мәдениет орталықтары да мерекеге өз үлестерін қосады:

  • 9 желтоқсанда №8 кітапханада «Отанымды жырлаймын, дәріптеймін» атты әдеби-музыкалық көрме өтеді;
  • 10 желтоқсанда Орталық кітапханада «Ғасырлар арманы – менің Отаным» тақырыбында интерактивті патриоттық сағат өтеді;
  • 11 желтоқсанда Балалар кітапханасында жас оқырмандар арасында зияткерлік сайыс ұйымдастырылады;
  • 12 желтоқсанда №13 кітапханада «Еліміздің тәуелсіздігі – Қазақстан шежіресінің алтын парағы» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді;
  • 13 желтоқсанда №11 кітапханада «Тәуелсіздік шыңдары» атты бейне-тур өткізіледі, ал тарихи шолу №6 кітапханада өтеді;
  • 15 желтоқсанда Қашар ауылындағы «Юность» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік тарихы» атты бейнежурнал ұсынылады.

Сонымен қатар, қалалық тарихи-өлкетану музейі 13 желтоқсанда «Тәуелсіздік шыңдары» атты ақпараттық-патриоттық сағат өткізеді.

Әлеуметтік саладағы шаралар

Әлеуметтік мекемелердің де белсенді қатысуымен 11-18 желтоқсан аралығында:

  • мерекелік жиналыстар;
  • шығармашылық көрмелер;
  • тарих сағаттары;
  • спорттық-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.

Спорттық жарыстар

14 желтоқсан күні «Горняк» спорт кешенінде жасөспірімдер мен қыздар арасында дзюдо бойынша жарыстар өтеді. 14-15 желтоқсан аралығында шахмат турнирі өтеді.

Әлеуметтік қолдау және қайырымдылық акциялары

Қала кәсіпорындары мен ұйымдарына:

  • Қиын жағдайға тап болған және әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру;
  • Еңбек ұжымдарында мерекелік шаралар өткізу ұсынылды.

Мерекелік көрмелер мен жәрмеңкелер

7 және 21 желтоқсанда Рудный қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді, ал 14 желтоқсан күні Қашар ауылында да жәрмеңке ұйымдастырылады.

«Рудный қаласы әкімдігі бекіткен мерекелік іс-шаралар жоспарының толық нұсқасы әкімдіктің ресми сайтында жарияланып, барлық ұйымдар мен кәсіпорындарға жеткізілетін болады. Тәуелсіздік күні – әр азамат үшін ерекше мереке. Қала тұрғындарына бірлескен күш-жігермен мерекелік көңіл-күй сыйлау – ортақ мақсат»,- деп қорытындылады бөлім басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *