Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй-жайларды жекешелендіру құқығы берілді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары жұмыс істейді, «Отау» және «Наурыз» жаңа жеңілдікті ипотекалық бағдарламалары іске қосылды, оған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатысады. Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығы сақталады.
Сондай-ақ оларға және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына жалдамалы тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызынын беру көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй-жайларды жекешелендіру құқығы (2024 жылғы 22 қарашада № 138-VIII қабылданды) берілді, — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының дерегінше, бұдан басқа, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кезекке тұрған кезде үш жыл тіркеуде болу жөніндегі қолданыстағы талап жойылды.
— Биылғы 25 сәуірден бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Осы бағдарламаға сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, оның ішінде жетім балалар үшін кредит бойынша мөлшерлеме 7 пайызды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдан бастап «Мейірім» қайырымдылық акциясы іске асырылуда. Оның аясында әрбір жетім балаға мамандық таңдауда, жұмысқа орналасуда және тұрғын үймен қамтамасыз етуде көмек көрсететін «патронаттық» ұйым бекітіледі. Осылайша, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жүйелі шаралар қабылдануда, — деді Олжас Бектенов.