Рудный қаласындағы «Алые паруса» көркемөнерпаздар халық шығармашылығы үйінде қазақ халық әндерінің «Әсем әнім» қалалық байқауы өтті.
Биылғы конкурстық бағдарлама 28 нөмірден тұрды, бағдарламаға барлығы 14 қатысушы қатысып, үздік атағы үшін бақ сынасты.
«Әсем әнім» байқауына 8 жастан 15 жасқа дейінгі және 16 жастан асқан әуесқой вокалистер мен вокалдық топтар шақырылды. Әр қатысушысы 2 композицияны орындады: қазақ халық әні және екінші композицияны таңдауды ұйыдастырушылар байқауға қатысушының қалауына қалдырды.
Жас таланттардың ішінде 40 жылдық тәжірибесі бар әнші ерекше көзге түсті. Қарлығаш Өтемісова сахнада 1980 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Қатысушы байқауға жеңіс үшін емес, өңіріміздің жас таланттарын өз шығармашылығымен қолдау үшін келгенін атап өтті.
Байқаудың жеңімпазы Рудный музыкалық колледжінің 1 курс студенті Жанерке Сейсенбай атанды. Жанеркенің өзі айтқандай, ол әр түрлі вокалдық байқауларда бала кезінен өнер көрсетеді. Музыкаға деген сүйіспеншілікті оятқан ата-анасы баласынын талантын байқап, 9 жасында вокал үйірмесіне берген. Жас әнші «Әдемі қыз» қазақ халық әнін орындады, екінші композиция ретінде Жанерке композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» композициясын таңдады.
Байқауға қатысушылар естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Алтынкен Көшекбаев атап өткендей, байқаудың басты мақсаты ұмытылып кеткен халық әндерімен халық композиторларының әндерін насихаттау және жас ұрпаққа өзіміздің ұлттық нақыштағы әндерімізді, ата-бабаларымыздан қалған әндерді халық аузына жеткізу болып есептеледі.