Рудныйда жол-көлік оқиғаларының саны өсуде

Жыл басынан бері Рудный қаласында 837 ЖКО орын алды, бұл ағымдағы жылы барлық көрсеткіштер бойынша апаттар санының айтарлықтай жоғарылағанын көрсетеді.

Бұл жайлы Рудный қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының аға инспекторы, полиция капитаны Әділ Кауменов қалалық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында хабарлады.

Бұл алаңдатарлық динамика қала жолдарындағы қауіпсіздік мәселесіне назар аударуды қажет етуде. Осы жылы зардап шеккендермен 205 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам қаза тауып, 232 адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алған.

«Апаттардың өсуіне ықпал ететін негізгі факторлар, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан болатын бұзушылықтар болып табылады. Ең жиі кездесетін бұзушылықтар — жаяу жүргіншілерге жол бермеу, маневр жасау ережелерін сақтамау, асып кету және жол белгілерін бұзу. Сонымен қатар, жолда қауіпсіздік белдіктерін тақпау, ұялы телефонмен сөйлесу сияқты басқа да құқық бұзушылықтар тіркелуде. Бұл бұзушылықтардың барлығы жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін жоғары қауіп тудырады», — деп атап өтті полиция қызметкері.

Жаяу жүргіншілер тарапынан бұзушылықтар санының өсуіне ерекше назар аударған жөн. Егер 2023 жылы 969 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2024 жылы бұл сан 1169-ға дейін өсті. Жаяу жүргіншілер жолды дұрыс емес жерлерде, сондай-ақ бағдаршамның тыйым салу сигналына көбірек өтеді. Бұл көптеген апаттарға әкеледі, әсіресе оқу орындарының, нарықтардың және тұрғын үй кешендерінің жанында.

Айта кету керек, қаладағы апаттық жағдай жол инфрақұрылымның жетіспеушілігімен де күрделене түсуде. Қиылыстарда жүргізушілер көбінесе жол ережелерін сақтамайды. Қала билігі мен Полиция басқармасы бұл мәселелерді шешу үшін бірнеше шаралар қабылдауда. Жоғары апатты жерлерде қосымша жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату жоспарлануда. Мысалы, Ленин көшесінде «Планета», «Прогресс» және 10 шағынаудан аумағында проекциялық жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату. Бұл шаралар жаяу жүргіншілердің көрінуін жақсартып, әсіресе түнгі уақытта соққылардың санын азайтуға көмектеспек.

Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін алдағы уақытта 6 жаңа бағдаршам, 10 реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі орнатылып, 95 жол белгісі ауыстырылуы керек. Сонымен қатар, 160 шақырымнан астам қалалық жолдарға жаңа жол белгілері орнату анықталған.

Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу үшін білім беру мекемелерінің жанында оқушылардың бейнесі бар макеттер орнату ұсынылды. Бұл шара жүргізушілерге балалардың оқу орындарының жанында күтпеген жерден пайда болуы мүмкін екенін ескертуі тиіс.

Әділ Кауменов полицияның басты басымдығы апаттар санын азайту, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің сақталуын мұқият бақылау болып табылатынын атап өтті.

«Біз ЖКО санының өскенін байқап отырмыз, сондықтан біздің міндетіміз — бұл үрдісті өзгерту үшін қолына келетін барлық мүмкіндіктерді қолдану. Әрқайсымыз инфрақұрылымды жақсарту және ережелердің сақталуын бақылауға жауаптымыз, бірақ ең алдымен қауіпсіздік әр жүргізуші мен жаяу жүргіншіге байланысты. Біз барлығын жол ережелерін сақтауға және барынша сақ болуға шақырамыз. Егер адамдар мұқият болса, жолдағы әрбір апаттың алдын алуға болады», — деп қорытындылады полиция капитаны.

Жол қозғалысы ережелерін сақтау, қоршаған ортаға назар аудару және қозғалыстың басқа қатысушыларын құрметтеу — барлығы үшін қауіпсіздік кепілі. Қала тұрғындары мен қонақтарын жолдарда барынша  сақ және мұқият болуға шақырамыз.

 

Асем БАЙКАНОВА,

суретті түсірген

Султан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *