«Руыңды түзегің келсе ұлыңды,ұлтыңды түзегің келсе қызыңды тәрбиеле»

Қазіргі заманда отбасы тәрбиесі қоғамның маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Осы орайда, таным көкжиегі кең, өзіндік пікірі бар, белсенді аналардың көмегімен ел ішінде ұмытылып бара жатқан ата дәстүрді жаңғыртуды мақсат тұтқан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Рудный қаласындағы филиалының жетекшісі Нинагүл Пушаевамен сұхбаттасып, отбасы тәрбиесінің маңызы, ұлттық дәстүрлерді, тілді сақтау және қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі туралы әңгімелестік.

Нинагүл ханым, қазіргі қоғамда отбасы тәрбиесінің маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Отбасы – қоғамның негізі, ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды сақтау, балаларымызға дұрыс тәрбие беру – басты міндетіміз. Отбасында берілген тәрбие адамның бүкіл өміріне әсер етеді, сондықтан ата-аналар өздерінің жауапкершілігін сезініп, балаларын ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар негізінде тәрбиелеуі қажет.

– «Қазақ аналарыдәстүрге жол» бірлестігінің мақсаты мен қызметі туралы айтып өтсеңіз.

– Біздің бірлестік 2023 жылдың маусым айынан бастап Рудный қаласында жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсатымыз – ұмыт қалған дәстүрлерімізді жаңғырту, қазақтың ұлттық киімдерін, әсіресе кимешек пен тақияны насихаттау, ұлттық мәдениетімізді күнделікті өмірде қолдануға шақыру. Осы бағытта бірнеше маңызды шараларды ұйымдастырды. Атап айтқанда, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар мен байқаулар өткізілді, сондай-ақ жастар арасында қазақтың салт-дәстүрлері мен тәрбиесіне қатысты семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды нығайту, жастарға дұрыс тәрбие беру, ұлттық қолөнерді дамыту бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Қазіргі заманда ұлттық дәстүрлерді сақтау қаншалықты маңызды?

– Ұлттық дәстүрлеріміз – біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміздің негізі. Оларды сақтау арқылы біз өзіміздің кім екенімізді, қайдан шыққанымызды ұмытпаймыз. Қазіргі заманда бұл әсіресе маңызды, себебі жаһандану үрдісі ұлттық ерекшеліктерімізді жоғалту қаупін тудырады. Сондықтан дәстүрлерімізді сақтап, оларды келер ұрпаққа жеткізу – әрбіріміздің парызымыз. Екі жыл ішінде филиалдың қызметі Рудный қаласында үлкен қызығушылық туғызды. Қала тұрғындары мен жастар ұлттық мәдениетімізді тереңірек танып, өз өмірінде қолдануға ұмтылды. Әсіресе, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» ұйымының қолдауымен өткізілген әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық шаралары халық арасында үлкен қолдау тапты. Ұйымның ұйымдастыруымен «Дәстүрімнің балқаймағы-әжелер» , «Абысын ажын», «Қазақтың келіндері-ай» іс-шаралар жастар мен ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Бірлестік аясында қандай ісшаралар өткізілуде?

– Біз түрлі кездесулер, тренингтер, конкурстар ұйымдастырамыз. Мысалы, өткен жылы «Дәстүрімнің балқаймағы-әжелер» атты әжелер арасындағы конкурс өткіздік, онда әжелеріміз өздерінің қолөнер шеберліктерін, ұлттық тағамдарды дайындау өнерін және салт-дәстүрлерді көрсету қабілеттерін танытты. Сонымен қатар, отбасылық мәселелерді шешуге көмектесеміз, жастарға арналған тәрбие сағаттарын өткіземіз. Алдағы уақытта «Абысын ажын» атты жас келіндер мен абысындар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жаңа конкурсты ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

– Қазіргі қоғамда әйелдердің рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Әйел – отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Қазіргі қоғамда әйелдер тек отбасы шеңберінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өмірде де белсенді рөл атқаруда. Дегенмен, ең бастысы — аналарымыздың өз отбасында ұлттық құндылықтарды сақтап, балаларын дұрыс тәрбиелеуі. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың тәрбиесінде аналардың алатын орны айрықша. Қыздарымыздың қылықты, ұлдарымыздың ұлықты болып өсуі әйел-ананың тәрбиесіне тікелей байланысты. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты дарытып, салт-дәстүрді санаға сіңдіре отырып тәрбиелеу, түзу жолға салу. Міне, осының бәрінің басында Қазақ аналары тұр. Гендерлік саясат, қоғамдағы әйелдер рөлінің басымдығы дегенімізбен, әйел заты адал жар, ибалы келін, ардақты ана, асыл әже, шаңырақтың шырақшысы, әулеттің ұйытқысы деген образынан айнымаса керек-ті. Біздің қоғамдық бірлестіктің көздегені де осы.

– Сіздің жұмыс жоспарларыңызда мектеп жасындағы балалармен тәрбие сағаттарын өткізу енгізілген екен. Осы орайда, өткен жылы балалар арасында қазақ тілін дәріптеу мәселесі бойынша ұйым қандай жобаларды ұйымдастырды және өткізді?

– Балаларды ерте жастан қазақ тіліне баулу олардың тілдік қабілеттерін дамытуда шешуші рөл атқарады. Ерте жастағы тіл үйрену баланың когнитивтік дамуына, мәдени сәйкестілігін қалыптастыруға және болашақта тілдерді меңгеруіне оң әсер етеді.  Сонымен қатар, ата-аналардың белсенді қатысуы мен қолдауы өте маңызды. Өткен жылы біздің ұйым балалар арасында қазақ тілін насихаттау мақсатында бірнеше іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, қазақ тілінде тіл үйрену бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырып, оны үйренуге деген ынтасын күшейтті.Осы жылы да ұйым мүшелерімін бірлесе отырып мереке қарсаңында джоспар бойынша шаралар өткізіледі.

– Болашақта қазақ тілін одан әрі дамытудың болашағы қандай және ол үшін қандай қадамдар жасау қажет?

– Қазақ тілін одан әрі дамыту үшін балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы оқу материалдарын көбейту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және ата-аналардың тіл үйретудегі рөлін күшейту қажет. Сонымен қатар, қазақ тілін үйренуді қызықтыратын заманауи технологиялар мен әдістемелерді енгізу маңызды.

– Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жастарға айтарым – өз мәдениеттеріңізді, тілдеріңізді, дәстүрлеріңізді құрметтеңіздер. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оларды әрі қарай дамыту – сіздердің қолдарыңызда. Сонымен қатар, білім алуға, өзін-өзі дамытуға ұмтылыңыздар. Өздеріңіздің болашақ отбасыларыңызда ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөліңіздер.

– Бірлестікке қалай қосылуға болады?

– Бірлестікте халқымыздың салт-дәстүрімізге тоқталып, әңгіме өрбітіп, жас ұрпағымызға асылдың сынығын жеткізуге тырысамыз. Салт-дәстүрімізді білу – бұл өткенімізді ұмытпау, құндылықтарымызды сақтай отырып, болашаққа жол тарту. Біздің бірлестікке қосылғысы келетін кез келген әйел бізге хабарласа алады. Біз әрқашан жаңа мүшелерді қуана қарсы аламыз. Байланыс ақпаратын әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан табуға болады.

– Сұхбатыңызға рахмет, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

– Рахмет, сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!

 

Сұхбаттасқан

Айжан БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *