ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9 653 адам деп белгіленді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық.
Бұйрықтың мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру. 2025 жылы өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінді:
— қандастар үшін: Павлодар облысы – 1 056 адам, Ақмола облысы – 285 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 269 адам, Абай облысы – 244 адам, Солтүстік Қазақстан облысы – 175 адам, Қостанай облысы – 150 адам, Атырау облысы – 100 адам, Батыс Қазақстан облысы – 30 адам;
— қоныс аударушылар үшін: Павлодар облысы – 3 050 адам, Солтүстік Қазақстан облысы – 2 969 адам, Қостанай облысы – 535 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 372 адам, Абай облысы – 255 адам, Ұлытау облысы – 125 адам, Қарағанды облысы – 38 адам.
Рудный қаласында қандастардың жаңа ортаға тезірек бейімделуі үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде түсіндіру жұмыстары, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету шаралары бар. Рудный қаласы үшін өткен жылы квота 200 адам деңгейінде бекітілді, бұл алдыңғы жылдармен сәйкес. Қала балабақша және мектептермен толық қамтылған, кезек бар. Осы бағытта жаңадан көшіп келген қандастарды ортаға әлеуметтендірумен айналысып келе жатқан ұйымдардың бірі – « Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қоры.
– Біздің қор Рудный қаласының ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Негізгі мақсат – қандастарды жаңа ортаға бейімдеу. Біз білім беру, денсаулық сақтау, құқықтық кеңестер бойынша мамандарды шақырып, тұрғындарға көмек көрсетеміз. Әр адамның жеке сұрағына жауап іздеп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл қандастардың мектепке, жұмысқа және қоғамға жылдам араласуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру арқылы адамдар арасындағы байланыстарды нығайтамыз,- деп атап өтті «Бақыт – біздің бойымызда» қорының мүшесі Ләйлә Қапанова.
Мұндай кездесулер тоқсан сайын ұйымдастырылып, алдын ала жарияланады. Жоба тек құқықтық сауаттылықты арттыруға ғана емес, сондай-ақ этносаралық, ұлтаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
– Қандастар жаңа елге келгенде көптеген қиындықтарға тап болады. Өзбекстан сияқты елдерден көшіп келген отандастарымызға Қазақстанның заңнамасы мен құқықтық мүмкіндіктерін түсіндіру қажет. Қазіргі уақытта біз қандастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар, құқықтар мен жеңілдіктер туралы толық ақпарат беріп, алаяқтық схемалардан сақтандыру үшін жұмыс істейміз,- әлеуметтік интеграция жөніндегі жоба консультанты Ирина Федорчук.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:
— көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;
— 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;
— 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;
— қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
— жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
— тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.
Қандастар мен қоныс аударушылардың бейімделуі мен интеграциясы – елдің болашағы үшін маңызды әлеуметтік жоба. Мемлекеттік қолдау шаралары олардың жаңа ортаға сәтті қосылуына ықпал етеді. Бұл ретте құқықтық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік байланыстарды нығайту және ұлттық бірлікті сақтауға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 19,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап 2025 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 148 мың астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ