2025 жылғы қала бюджеті 45,2 млрд теңгені құрайды
Рудный қаласы әкімінің кеңейтілген кеңесінде 2025 жылға арналған қалалық бюджет аясындағы даму жоспарлары қаралды. Қала әкімінің орынбасары Талғат Сақтағановтың айтуынша, Рудный қаласының 2025 жылғы бюджеті 45,2 млрд теңге көлемінде бекітілді.
Оның ішінде 41,6 млрд теңге (яғни, 92%) – салықтық және салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен қаражат есебінен қалыптасқан қаланың өзіндік кірістері. 3,5 млрд теңге (8%) – республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген трансферттер. 2024 жылмен салыстырғанда, 2025 жылы қала бюджетінің кіріс бөлігі 5,8 млрд теңгеге (16,2%) артады. Ал шығыс бөлімі 45,4 млрд теңге көлемінде бекітіліп, қаражат келесі бағыттарға жұмсалады: жоғары және төменгі деңгейдегі бюджеттерге бөлінетін трансферттер, ағымдағы шығындар, қаланың даму бюджеті.
Ағымдағы шығындар құрылымында ең үлкен үлесті әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру алады. Одан кейін көлік инфрақұрылымын күтіп-ұстауға 2,3 млрд теңге немесе 21%, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке 1,8 млрд теңге немесе 17%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 1,4 млрд теңге немесе 13% бөлінеді.
Қаланың даму бюджеті аясында бес негізгі бағыт бойынша жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші бағыт – инженерлік инфрақұрылым құрылысы. Бұл бағытта 11-ықшамауданда 900 орындық “Жайлы” мектебінің сыртқы инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстары аяқталады. 19-ықшамауданда сыртқы жылу және су желілері салынады, сондай-ақ электрмен жабдықтау және кәріз жүйелерін салу бойынша жобалау жұмыстары аяқталады.
Екінші бағыт – көлік инфрақұрылымын дамыту. Бұл аясында Ленин және Парковая көшелерін қайта жаңарту жобасы аяқталады.
Үшінші бағыт – сумен жабдықтау нысандарын дамыту. Қашар кентінің су жүйесін Костычев жерасты су кен орнынан тарту жобасы аяқталады. Сонымен қатар, Рудный қаласының су жүйесін Қаратомар жерасты су кен орнынан тарту жобасы да жүзеге асырылады.
Төртінші бағыт – спорт нысандарын дамыту. 11-ықшамауданда екі спорттық-сауықтыру кешені салынады және қала стадионының құрылысын жобалау аяқталады.
Бесінші бағыт – мемлекеттік қаржы активтерін сатып алу. “Рудный су арнасы” және “Рудный жылу желілері” ЖШС-нің жарғылық капиталын толықтыруға 1,5 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар, жылу және су құбырларын қайта жаңарту бойынша 5 инвестициялық жоба іске асырылады.
Бюджеттен бөлінетін трансферттер аясында Горняцкий кентінде орташа жол жөндеуге 67 млн теңге, ал Қашар кентіндегі әкімшілік ғимараттың күрделі жөндеуіне 181,4 млн теңге қарастырылған.
Қала әкімдігі қосымша 6,7 млрд теңге трансферт бөлуге өтінім берген. Бұл қаражат Горняков көшесінің 2-кезеңін (1,9 км) қайта жаңарту (Дзержинский көшесінен Парковая көшесіне дейін), орташа жол жөндеу жұмыстары, Қашар кентіндегі ішкі жолдарды жөндеу, жолаушылар лифтінің қозғалмалы бөлігін монтаждау, қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін сақтау үшін тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау, кварталдық жылу желілерін жөндеуге бағытталады.
Қала әкімі Виктор Ионенко бюджеттегі негізгі басымдық әлеуметтік көмек екенін атап өтті. 28% қаражат әлеуметтік бағдарламаларға бөлінген. Оған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жергілікті өкілдік органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтарды қолдау, ресоциализация орталығы мен қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығын қаржыландыру, мүгедектігі бар азаматтарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету кіреді. Осы мақсаттарға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, бұл әлеуметтік көмектің маңыздылығын көрсетеді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту – тағы бір басым бағыт. Бұл қала жолдарын жақсартуға көмектеседі. Су және жылу желілерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жерасты су көздерінен су тарту жобалары аяқталады. Жылу есептегіш құралдар орнатылады, бұл энергия тиімділігін арттырады. “Бұл жүйе арқылы біз жылу энергиясының көлемін нақты есептей аламыз. Сонымен қатар, температура мен қысым көрсеткіштерін бақылап, төтенше жағдайлар кезінде жылу құбырының зақымданған орнын тез анықтай аламыз”, – деді қала әкімі.
Қала бюджетінде Қашар кентіндегі әкімшілік ғимараттың күрделі жөндеуі қарастырылған. Бұл ғимарат ардагерлердің демалыс орны және түрлі іс-шаралар өткізетін орталық болады. Сондай-ақ, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту үшін тұрғын үйлердің қасбеттері жөнделеді.
Қоғамдық көлікті субсидиялау да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Жаңа автобустар сатып алынып, қаладағы қоғамдық көлік сапасы жақсартылады.
Жергілікті билік қосымша қаражат тарту жұмыстарын белсенді жүргізуде, бұл қаланы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. “Биылғы жылы қаланың табысы 5 млрд теңгеге артты. Бұл бізге жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді”, – деп түйіндеді Виктор Ионенко.
Айжан САЙЛАУБЕКҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор