Қаланың бірыңғай сәулеттік келбеті қалыптасуда

2025 жылы жаңа тұрғын үйлер беріледі және Ленин көшесіндегі 16 үй жаңартылады

20 қаңтарда Рудный қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Азамат Жайлебаев 2024 жылы атқарылған құрылыс, қалпына келтіру және тұрғын үй сатып алу жұмыстарының қорытындысы мен 2025 жылға жоспарлар туралы баяндады.

– «2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыс жүргізілуде. Рудный қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі мемлекеттік атқарушы органның кезектегілеріне тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бағытында мақсатты жұмыстар атқарды, – деді Жайлебаев.

2024 жылы жаңадан салынған және қайта жөнделген үйлерден 8 миллиард 71,5 миллион теңгеге әлеуметтік осал топтарға арналған 425 пәтер сатып алынды.

Уақытылы қоныстандыру жұмыстарының нәтижесінде 2024 жылы 93 кезекте тұрған азамат баспанамен қамтылды. 40 лет Октября көшесіндегі №34 үйден 18 пәтер, №46 үйден 21 пәтер берілді. Ал, Топорков көшесі, 162А мекенжайынан 54 пәтер бөлінді.

22 қаңтар күні 138 кезекте тұрған азамат қоныстандырылды: Сандригайло көшесі, 59 мекенжайындағы «Алтын Дән» тұрғын үй кешенінен – 98 пәтер, Топорков көшесі, 160 мекенжайынан – 22 пәтер және бұрынғы инфекциялық аурухана ғимаратында орналасқан «Ардақ» тұрғын үй кешенінен (Пионерская көшесі, 29) – 18 пәтер.

Алдағы ақпан айында тағы 194 кезектегі азамат қоныстандырылады. Олар «Алтай», «Ахмет», «Аят», «Тобыл» тұрғын үй кешендерінен пәтер алады.

– 2024 жылдың басында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 4569 азамат тұрды. Жыл ішінде кезекке 400 адам қосылды. Инвентаризация нәтижесінде 259 адам кезектен шығарылып, 314 азамат қоныстандырылды. 2024 жылдың соңында кезекте 4396 азамат қалды, – деді Азамат Жайлебаев.

Апатты үйлерден тұрғындарды көшіру жұмыстары жалғасуда

Тек Рудныйда ғана емес, Қашар кентінде де тұрғын үй мәселесі шешілуде. 2024 жылы Қашардағы №46 апатты үйдің тұрғындарын көшіру үшін 155 миллион 460 мың теңгеге 23 пәтер сатып алынды.

2025 жылға арналған негізгі міндеттердің бірі – бос қалған үйлерді иесіз мүлік деп тану және оны мемлекеттік меншікке өткізу. Осы мақсатта кейіннен қайта жөндеуден өткізіп, кезектегі азаматтарға үлестіру мақсатында 260 пәтер мемлекет меншігіне алынады. Олар: Ленин көшесі, 213Б – 99 пәтер, 50 лет Октября көшесі, 57 – 40 пәтер, Ленин көшесі, 70Б – 99 пәтер және Космонавтов көшесі, 21 – 22 пәтер.

Мемлекет меншігіне өткен соң, инвесторлар іздестіріліп, үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жаңа жылға арналған тағы бір мақсат — жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салу. Жоспар бойынша 1026 пәтерден тұратын 10 үй салынады. Олар: екі 5 қабатты үй (әрқайсысында 60 пәтер), екі 9 қабатты үй (әрқайсысында 96 пәтер), үш 6 қабатты үй (әрқайсысында 168 пәтер), екі 6 қабатты үй (әрқайсысында 90 пәтер), бір 6 қабатты үй (30 пәтер).

Қашар кентінде де 216 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жоспарланған: бірінші шағын аудан, №12 және №13 – 70 пәтерден және бірінші шағын аудан, №84 – 76 пәтер. Бұл шаралар 1502 кезектегі азаматты баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қаладағы көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары жалғасады

2025 жылы Ленин көшесіндегі (Марите мен Космонавтов көшелері аралығында) 16 көпқабатты үйдің қасбеті мен шатыры жөнделеді. Бұл жұмыстарға 700 миллион теңге бөлінді.

Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, жалпы 2,5 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бірақ алдымен 700 миллион теңгеге жұмыстар басталады. Қаржыландыру облыс тарапынан қолдау тапты, ал бірінші тоқсан қорытындысы бойынша қосымша қаражат бөлу жоспарлануда.

– Шатырлар ауыстырылады, қар мен мұздың құлауынан жаяу жүргіншілерді қорғау үшін қоршаулар орнатылады, су ағызу жүйелері жаңартылады, қасбеттер оқшауланып, боялады, балкондар бірыңғай стильде жасалады, жертөле бөліктері реттеледі, – деді Виктор Ионенко.

Сондай-ақ, Горняков көшесіндегі (Топорков пен Дзержинский көшелері аралығы) үйлер жөндеуден өтеді. Бұл тарихи аймақ болғандықтан, ғимараттардың ерекше сәулеттік келбеті сақталады.

– Мұндағы үйлерге заманауи оқшаулау жасамаймыз, себебі тарихи сәндік элементтері бар. Тұрғындар да бұған қарсы шығар еді. Бұл – біздің тарихымыз, оны қалпына келтіру қажет. Алдымен екі үйді жөндейміз, кейін жалғастырамыз. Сонымен қатар, Ленин көшесінің қала шекарасындағы үйлерінің сыртқы келбетін ретке келтіру қажет, – деді әкім.

Қалаға кіреберістегі үйлерден (Қостанай көшесінен бастап Космонавтов көшесіне дейін) бастап, жарықтандыру жүйесін жақсарту жоспарлануда.

– Ескі үйлерді жөндеу, жаңа үйлер салумен қатар, қолда бар инфрақұрылымды күтіп-ұстау да маңызды. Жылу желілерін жөндеу аяқталды, енді абаттандыру жұмыстарына кірісеміз. Биылғы жыл – тұрғын үйлерді қалпына келтірудің бастау жылы болмақ, – деп түйіндеді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Гүлім МҰРАТ,

cуретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *