«Бірлесе жұмыс істесек, оң нәтиже болады»

Рудныйда кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелер өзекті болып қалуда

Рудный қаласының Полиция басқармасы 2024 жылғы жұмыс қорытындысын шығарды. Негізгі назар әлі де ата-аналар тарапынан жеткіліксіз бақылау мен тәрбиенің салдарынан қылмыстық жағдайға әсер ететін кәмелетке толмағандарға аударылып отыр.

Полиция профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, олардың оң нәтижелерін атап өтуде. Жасөспірімдермен жүргізілген жұмыстардың негізгі бағыттары туралы ювеналды полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Эльмира Саутова баяндап берді.

– 2024 жылдың 12 айында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 18-ден 11-ге дейін азайды. Ал кәмелетке толмағандардың өздері жасаған қылмыстар саны тұрақты болып қалды. Орын алған 5 факт, – деп мәліметпен бөлісті Эльмира Мақсұтқызы. – Өткен жылы ювеналды полиция есебіне 168 жасөспірім мен балаларын тәрбиелеу, асырау және оқыту бойынша міндеттерін орындамаған 133 ата-ана қойылды. ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамаған және балаларының мінез-құлқына кері әсерін тигізген 48 ата-ана жауапкершілікке тартылды.

Ювеналды полиция қызметкерлері тұрақты түрде түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жүрген, сондай-ақ ойын-сауық орындарында болған кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізеді. 2024 жылдың ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 338 ата-ана балаларының түнгі уақытта (23:00-ден кейін) үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 9 ата-ана 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың болуына жол бергені үшін жауапқа тартылды.

Ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды қабылдағаны үшін жеке кәсіпкерлер де ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша жауапқа тартылады. Өткен жылы осындай 6 кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағанды масаң күйге жеткізу фактісі тіркелді. Бұл құқықбұзушылық бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 131-бабы негізінде әкімшілік хаттама толтырылды. 2024 жылы мас күйінде жүрген 15 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға 72 ұсыныс енгізілді. Бұл – балаларына тиісті тәрбие бермейтін ата-аналар мен заң бұзған немесе үйден өз бетінше кетіп, кезбелікке салынған жасөспірімдерге қатысты шаралар.

Сонымен қатар, 2024 жылы 20 жасөспірім Қостанай қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Тағы 10 бала өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына жіберілді. Рудный қаласындағы осындай орталыққа 18 бала орналастырылды. Рудный қаласындағы сәбилер үйіне 11 сәби жеткізілді. Үш материал кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберіліп, девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарына жіберу туралы шешім қабылданды.

Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар санының өсуіне байланысты, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 11-13 қаңтар аралығында Рудный қаласы мен Қашар кентінде «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Нәтижесінде 9 жасөспірім мен 6 қолайсыз отбасы есепке қойылды. Түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүргені үшін 15 ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлімі бойынша жауапқа тартылды. Баласын тәрбиелеу міндетін орындамаған бір ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, бір кәмелетке толмаған бала медициналық мекемеге орналастырылып, кейіннен өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына жіберілді.

– Кәмелетке толмағандар қандай жағдайда есепке қойылады?

– Ювеналды полиция қызметкерінің айтуынша, есепке қоюдың негізгі себептері – өз бетінше үйден кету және сабақтан жиі қалу. Мұғалімдердің рапорттары бұл үшін негіз бола алады. Профилактикалық есепке алу мерзімі – бір жыл. Білім беру ұйымдарына түскен кезде бұл ақпарат тексеріледі. Есептен алынған жағдайда да мәліметтер ҚР ІІМ-нің бірыңғай базасында сақталады.

– Қандай жағдайда балалар арнайы мекемелерге жіберіледі?

– Егер ата-аналар ішімдікке салынса немесе баласына қамқорлық жасай алмаса, баланың қауіпсіздігіне қатер төнсе, ол арнайы мекемеге жіберіледі. Мұндай шешімді сот органдары қабылдайды.

Кәмелетке толмағандарды арнайы білім беру мекемелеріне орналастыру үшін олардың заңды өкілінің өтініші қажет. Егер бала ата-анасының сөзін тыңдамаса, үйден жиі қашып кетсе немесе қылмыстық құқықбұзушылық жасаса, оны арнайы мектепке жіберуге болады. Бұл мекемелер Тараз, Серебрянск және Алматы қалаларында орналасқан.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *