Тұрмыстық зорлық зомбылыққа жол жоқ

Рудныйда «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Қалалық Полиция қызметкерлері «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық қатынастарда құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Рудный қаласы Полиция басқармасының басшылығымен ұйымдастырылған рейдтер мен тексеру жұмыстары барысында тұрғындардың тұрмыстық жағдайы мен құқықтық жағдайы зерттеліп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеусіз тұрып жатқан азаматтарды анықтап, олардың құқықтық мәртебесін ретке келтірді.

– Өткен 7 күн ішінде 76 қызметкердің қатысуымен 665 адам бойынша тексеру жүргізілді. Әлеуметтік тұрғыда бақылаудағы тұлғалардың тұрғылықты жерінде тексеріс күн сайын ұйымдастырылды. Барлығы 20 тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелді. ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 22 адам жауапқа тартылды, ал 461-бап бойынша 8 адам жауапкершілікке тартылды. Қорғау бұйрықтары 47 рет шығарылды. Сонымен қатар, құқық бұзушыларға қатысты 11 ерекше талап белгіленді. Тағы бір түнгі мекеме иесі кәмелетке толмаған баланың мекемеде белгіленген уақытта болмауы үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлады ПБ әйелдер құқығын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Гүлнар Аманжулова.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері тек профилактикалық жұмыстарды жүргізіп қана қоймай, тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет алаяқтықтары мен басқа да әлеуметтік қауіптер туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Рейдтер барысында тұрғындарға арнайы ақпараттық буклеттер таратылып, құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кеңес берілді.

Құқық қорғаушылар осы іс-шараның барысында отбасы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты тексерулер жүргізіп, олардың тұрмыстық жағдайларын бағалады. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі кездесетін отбасыларға ерекше назар аударылып, олардың жағдайы бақылауға алынған.

Рудный қаласы полиция басқармасының өкілдері рейдтер мен профилактикалық іс-шаралардың мақсаты тек құқық бұзушылықтардың алдын алу ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың құқықтық білімін арттыру, құқық қорғау органдарының халықпен қарым-қатынасын нығайту екендігін атап өтті. Полицейлер тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін арнайы қорғау шаралары мен құқықтық көмек көрсетілетіндігін ескертті.

– Қалада өткізілетін «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шаралары 29 қаңтарға дейін жалғасады, ал рейдтер кезінде құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша полиция қызметкерлері тұрақты түрде қала аумағында патрульдеу мен тексерулер жүргізеді. Әсіресе, полиция қызметкерлері алкогольдік ішімдіктерді көп тұтынатын отбасылар мен проблемалық тұрмыстық жағдайдағы азаматтарға назар аударады, – деп атап өтті инспектор.

Бұл іс-шаралардың аясында полиция қызметкерлері жасөспірімдерге де көңіл бөліп, түнгі уақытта ересектердің қатысуынсыз ойын-сауық орындарында жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында рейдтер өткізуде. Балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұр.

Гүлім МҰРАТ,

суретті ұсынған полиция басқармасының

баспасөз бөлімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *