Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу көзделіп отыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс кулуарында депутат Абзал Құспан бұл норманы жұмыс тобы мақұлдағанын және заң жобасының екінші оқылымға шығарылатынын мәлімдеді.
«Біз Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық-процестік кодекстерді оңтайландыру туралы заң жобасына осы норманы енгіздік, жұмыс тобы оны қабылдады. Арнайы бап бар, ол «сталкинг» деп аталады, қылмыстық теріс қылық ретінде қарастырылады. Келесі аптада немесе екі апта ішінде заң жобасы палатаның қарауына шығарылуы мүмкін», – деді депутат.
Оның айтуынша, бұл қылмыстық теріс қылық үшін айыппұл түріндегі жаза қарастырылған.
«Біз барлығын бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартпаймыз. Екінші оқылым әлі өтпегендіктен, (айыппұл мөлшерін — еск.) нақты айту қиын. Пленарлық отырыста бұл сома көбеюі немесе азаюы мүмкін. Ондай ұғым бар (сталкинг – еск.), ол сондай норма, осылайша ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын аламыз», – деді ол
Депутаттан сталкинг неге қатаң қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына жатқызылмағаны сұралды.
«Қандай қажеттілік бар? Біз Қылмыстық кодекске жаңа нормаларды енгізгенде, өте сақтықпен қарауымыз керек. Алдымен құқықтық тәжірибені, тергеу және сот практикасын зерттеу қажет. Осы талдаулардың нәтижесінде санкцияларды қатаңдатуға болады», – деді депутат.
Сталкинг – бұл адамға жағымсыз әрі мәжбүрлі назар аударту түріндегі қудалау. Ол аңду, қорқыту, бопсалау, қажетсіз қоңыраулар мен хабарламалар жіберу, жәбірленушінің жанында жиі пайда болу немесе оның жеке өміріне араласу сияқты әрекеттерді қамтуы мүмкін.