Алаяқтың айласы көп, мақсаты бір

Қазір интернет алаяқтарының құрығына түспеу үшін аса сақ болу қажет. Олар күн сайын жаңа әдістер ойлап тауып, адамдарды алдаудың түрлі айласын меңгеруде. Рудный қаласында өткен кеңесте дәл осы мәселе — интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың алдын алу жайы талқыланды.

Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, банк өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар интернет алаяқтарының жаңа схемаларын талқылап, халықты қаржылық қылмыстардан қорғау шараларын қарастырды.

Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы Рудныйда интернет алаяқтықтың 253 фактісі тіркеліп, тұрғындар 700 миллион теңгесінен айырылған. Бұрын негізінен өндіріс орындарының қызметкерлері зардап шексе, қазір білім беру және денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін азаматтар жиі алдануда.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтар өзін банк қызметкері, полиция қызметкері немесе тергеуші ретінде таныстырып, адамдарды үрейлендіру арқылы ақша аударуға мәжбүрлейді.

Азаматтар көбінесе OLX, Kolesa.kz, Krisha.kz сайттары арқылы немесе Instagram, Telegram секілді әлеуметтік желілердегі жалған жарнамаларға сеніп, алаяқтардың тұзағына түседі. Ал кейбіреулер оңай ақша табу үшін инвестиция құямын деп жиған-тергенінен айырылып жатады.

Қалалық полиция басқармасының қызметкері Сайфулла Джарменов интернет алаяқтарының әрекеттері өзгеріп, бұрынғыдан да күрделене түскенін атап өтті.

 «Бұрын олар банк қызметкері болып хабарласып, картаңыздан күмәнді операция жасалып жатқанын айтса, қазір ұялы байланыс операторымыз деп қоңырау шалып, SIM-картаңыздың мерзімі аяқталғанын хабарлайды. Кей адамдар SIM-картасын қайта іске қосу үшін жіберілген кодты айтқан кезде, шын мәнінде олар өз атына онлайн несие рәсімдеуге рұқсат беріп жатады. Сондықтан бөтен адамдарға ешқандай құпия ақпарат бермеу керек,» — дейді ол.

Сондай-ақ, полиция алаяқтардың кең таралған тәсілдерін атап өтті:

  • «Банк қызметкері» схемасы — банктен қоңырау шалып, есепшотта күмәнді операциялар жүріп жатқанын айтып, қаражатты “қауіпсіз шотқа” аударуды талап етеді.
  • «Сим-карта бұғатталды» айласы — байланыс операторының атынан хабарласып, SIM-картаңызды қайта іске қосу үшін код жіберуді сұрайды.
  • «Инвестициялық схема» — әлеуметтік желілерде немесе сайттарда жоғары табыс уәде етілген инвестициялық жобаларға қаражат салдыру.
  • «Жалған тауарлар» — OLX, Kolesa.kz, Krisha.kz сайттарында сатылымда жоқ тауарларды ұсынып, алдын ала төлем сұрау.

Құқық қорғаушылар тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін еске салады:

  • Бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірін, SMS-кодтарды айтпаңыз.
  • Белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға бірден сеніп, қаржылық операциялар жасамаңыз.
  • Телефонға AnyDesk, TeamViewer сияқты қашықтан басқару қосымшаларын жүктемеңіз.
  • Интернеттен тауар сатып аларда сатушының шынайылығына көз жеткізіңіз.
  • Оңай табыс табуға шақырған жарнамалардан сақтаныңыз.

Қалалық полиция алаяқтық қылмыстардың алдын алу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатқанын мәлімдеді.

 «Біз күн сайын үйлерді аралап, брошюралар таратып, ақпараттық кездесулер өткіземіз. Мектептерде, колледждерде, ауруханаларда арнайы семинарлар ұйымдастырып, алаяқтардың әдістері туралы ескертеміз. Бірақ ең маңыздысы — азаматтардың өздері сақ болуы,» -дейді Сайфулла Джарменов.

Жиын соңында қатысушылар тұрғындарға ақпарат беруді жалғастыру, банк және құқық қорғау органдары арасындағы байланыс орнату, интернет алаяқтықтың жаңа түрлерін анықтау бағытында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Қазір алаяқтық — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан күмәнді әрекеттерге тап болсаңыз, 102 нөміріне немесе банкке хабарласып, тексеріп алған жөн.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *