Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Рудныйда ауған соғысы ардагерлері майданда қаза тапқан сарбаздарды еске алды

1989 жылдың 15 ақпанында, он жылға жуық созылған соғыстан кейін, кеңес әскерінің соңғы бөлімдері Ауғанстаннан шығарылды. Бұл күн бүгінде тек ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні ретінде аталып өтеді. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам сарбаз қатысса, олардың 1864-і Қостанай облысынан шыққан. 44 жерлесіміз майдан даласынан оралмады, оның ішінде бес рудныйлық – Александр Мельников, Анатолий Цепко, Сергей Болотников, Олег Горгуленко және Сергей Подоскин. Олардың есімдері Рудный қаласының Даңқ аллеясындағы «БМП» ескерткішінде мәңгілікке жазылған.

Дәстүр бойынша, 15 ақпан күні Рудный қаласының тұрғындары мен ауған соғысының ардагерлері «БМП» ескерткіші жанында жиналып, қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Іс-шараға қала басшылығы, ардагерлер ұйымдары, әскери бөлім өкілдері, оқушылар мен студенттер қатысты.

Гүл қою рәсімінен кейін тарихи-өлкетану мұражайында ауған соғысының 36 жылдығына арналған тарихи еске алу сағаты өтті. Жиынға ауған соғысының ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер қатысты. Шара барысында Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Кокишев, қалалық мәслихат төрағасы Азамат Искаков және Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Аян Бозаев сөз сөйлеп, ардагерлерге алғыстарын білдірді.

Рудныйда 1984 жылдан бері ауған соғысына және басқа да локальді қақтығыстарға қатысқан ардагерлердің «Шурави» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Оның негізін қалаушы – десантшы Жанабек Құдабаев. Өкінішке қарай, ол 2011 жылы өмірден өтті. Бүгінде «Шурави» ұйымын Петр Бурцев басқарады.

– 15 ақпан – бұл тек еске алу күні ғана емес, сонымен қатар, біздің бірлігімізді көрсететін маңызды күн. Біз әрдайым жиналып, Ауғанстанда қаза тапқан сарбаздарды еске аламыз. Олардың есімдері ешқашан ұмытылмайды, – дейді Петр Бурцев. – Қазіргі таңда біздің ұйымға 124 ардагер мүше. Өкінішке қарай, жыл сайын қатарымыз сиреп келеді. 1989 жылы Рудныйда 265 ер азамат және 8 әйел әскери қызметші ауған соғысының ардагері болса, бүгінде олардың саны айтарлықтай азайды.

Петр Бурцев 1979 жылы 25 желтоқсанда алғашқылардың бірі болып Ауғанстанға аттанған. Ол Дальневосток әскери округінен арнайы тапсырмаларды орындау үшін Ауғанстанға жіберілген жеке автокөлік бригадасының құрамында болды.

– Біздің басты мақсатымыз – жастарға патриоттық тәрбие беру. 15 ақпанға дейін бір апта бойы мектептер мен колледждерде кездесулер өткіздік. Оқушылар мен студенттер бізді ықыласпен тыңдайды, сұрақтар қояды. Бұл олар үшін үлкен сабақ. Бәлкім, болашақта олар біздің айтқандарымызды еске түсіріп, қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдайтын болады. Бірақ ең бастысы – болашақ ұрпақ соғыс көрмесін, бейбітшілік мәңгілік болсын, – дейді Петр Бурцев

Ол сондай-ақ жергілікті билік пен интернационалист-жауынгерлерге өткен жылы «БМП» ескерткішін қалпына келтіргендері үшін алғыс айтты.

Ауған соғысы ардагерлері бүгінгі күнге дейін өзара тығыз байланыста.

– Біз әлі де бір-бірімізге көмектесеміз, хабарласып тұрамыз. Бұл – нағыз жауынгерлік бауырластық, – дейді Виктор Матвиенко. – Кейбіреулер бұл соғыстың қажеті болмады деп айтады. Бірақ менің пікірім басқа. Біз шекараны қорғадық, есірткі тасымалына тосқауыл қойдық. Біздің қызметіміздің маңызы зор болды.

Бүгінде Рудный қаласында 128 ауған соғысының ардагері өмір сүреді. Олардың 56-сы жауынгерлік ерлігі үшін ордендер мен медальдармен марапатталған.

Ауған соғысы – тарихтың ауыр кезеңдерінің бірі. Бірақ ардагерлердің ерлігі мен патриотизмі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Ең бастысы – бұл тарихтан сабақ алып, бейбітшілікті бағалау. Өйткені, бүгінгі тәуелсіз, бейбіт өмір – өткен ұрпақтың жанкешті еңбегінің, төгілген қан мен көз жасының арқасында келген аманат.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *