Рудный қаласында ұлдар арасында облыстық спартакиада өтті
3-5 сәуір күндері Рудный политехникалық колледжінде колледж студенттері арасындағы Қазақстан Спартакиадасының облыстық кезеңі аясында волейболдан жарыс өтті. Жарысқа Қостанай облысының үздік 14 командасы қатысты. Барлығы 145-ке жуық студент боз кілемге шықты. Бұл турнир өңірдегі колледждер арасындағы достық пен спорттық ынтымақтастықты нығайтып, жастардың дене шынықтыру мен командалық рухын дамытуға бағытталған.
Спартакиада жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл ол сегіз спорт түрін қамтыды. Атап айтқанда, жеңіл атлетикалық кросс, шаңғы жарысы, мини-футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және волейбол. Рудныйдан бұл жарысқа Рудный политехникалық колледжі мен әлеуметтік-гуманитарлық колледж қатысты. Қостанай қаласынан үш команда, сондай-ақ Арқалық, Лисаков, Жітіқара және басқа да аудандардан келген командалар бақ сынасты.
Рудный политехникалық колледжінің директоры Аманжол Сағынаев турнирдің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, волейбол – спартакиаданың ең қызықты әрі тартысты кезеңдерінің бірі.
«Биылғы жарыс үш күнге жоспарланған. Спартакиаданың жетінші түрі – волейбол, осымен жарыстарымыз аяқталуға жақын. Бұл бәсеке тек жеңіс үшін емес, сонымен қатар, студенттер арасында командалық рухты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, колледждер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізіледі. Волейбол – өте көрерменге қызықты спорт түрі. Қатысушылар да, көрермендер де жоғары деңгейдегі ойынды тамашалайды», – деді колледж басшысы.
Оның айтуынша, жарысқа қатысу үшін командалар қатаң іріктеуден өткен.
«Биылғы жылы Қостанай облысының түкпір-түкпірінен 14 команда келіп отыр. Бұл – облыстың ең үздік волейбол командалары. Мысалы, Рудный қаласында алты колледж бар, бірақ регламент бойынша тек екі колледж ғана қатыса алады. Біз – Рудный политехникалық колледжі және әлеуметтік-гуманитарлық колледжі. Қостанай қаласынан да үш команда өтті. Сонымен қатар, Арқалық, Лисаков, Жітіқара сияқты қалалардан және аудан орталықтарынан келген командалар жарыс көрігін қыздырып отыр. Бұл тек жарыс емес, үлкен мүмкіндік. Жеңімпаз команда Түркістанда өтетін республикалық студенттік спартакиадада облыс намысын қорғайтын болады. Сондықтан тартыс өте жоғары деңгейде өтуде. Бұрындары тек қалалық деңгейде, сосын облыстық деңгейде өткізіліп келді. Биылғы жарыстың ерекшелігі — жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алады», – деп бөлісті Аманжол Сағынаев.
Биылғы турнир алғаш рет республикалық кезеңге іріктеу ретінде өткізілді. Яғни, жеңімпаздар тек кубоктармен шектелмей, облыс намысын республикалық деңгейде қорғайды. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Қостанай жоғары медициналық колледжі, 2-орынды КИНЭУ кәсіпкерлік колледжі, ал 3-орынды Рудный политехникалық колледжі жеңіп алды. Бұл командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, облыстық спартакиадада лайықты өнер көрсетті.
Жеңіске жеткен командаларды құттықтаймыз және болашақта да биік белестерді бағындыруларына тілектеспіз!
Айбар БЕРІК,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ