Рудныйда көлік салығы бойынша берешекті өтеу шаралары күшейтілді

Рудный қаласында көлік салығы бойынша берешегі бар тұрғындарды анықтау және оларға қатысты тиісті шара қолдану бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Маржанат Дамбаулова хабарлады.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 сәуір мен 20 мамыр аралығында 13 рейдтік іс-шара өткізілген. Шараларға Мемлекеттік кірістер басқармасы, прокуратура, полиция қызметкерлері және жеке сот орындаушылары қатысқан. Бұдан бөлек, күнделікті пәтерлік және аулалық аралау жұмыстары ұйымдастырылып келеді.

– Аталған мерзім ішінде 20-дан астам борышкер анықталып, олармен заң аясында түсіндіру және мәжбүрлі өндіру шаралары жүргізілді. Салық берешегі бар азаматтардың көліктері айыптұраққа қойылды. Мысалы, 15 мамырда көлік салығы бойынша 157 000 теңге берешегі бар тұрғыннан AUDI 80 маркалы автокөлік тәркіленді, – дейді Маржанат Дамбаулова.

Оның айтуынша, кейбір азаматтар салық берешегін сол жерде ерікті түрде төлеп, заң бұзушылықтың алдын алған. Мұндай жағдай 17 рет тіркелген. Жалпы, ерікті түрде өтелген қарыз сомасы 160 000 теңгеден асады.

Көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталды, содан бері барлық салық төлеушілерге хабарлама жіберілген. Олардың орындалу мерзімі — бір ай. Қарызды өтемегендерге салық бұйрықтары рәсімделді. Бұл бұйрықтар автоматты түрде сот орындаушылар палатасына жіберіледі, онда берешекті өндіріп алу бойынша одан әрі жұмыс жүргізіледі

САЛЫҚТЫ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРҒАН ЖАҒДАЙДА БОРЫШКЕРЛЕРГЕ БІРҚАТАР ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ҚОЛДАНЫЛАДЫ. АТАП АЙТҚАНДА:

  • мүлік пен банк шоттарына тұтқын салынады;
  • елден шығуға тыйым салынады;
  • борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады;
  • сот орындаушысының қызметі үшін қосымша 25% өндіріп алу ақысы белгіленеді.

– Тұрғындардың көпшілігі көлік салығы бойынша ақпарат алу үшін салық органдарына баруы міндетті деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Бүгінде барлық қажетті мәліметті kgd.gov.kz порталының «Жеке тұлғаларға арналған алдағы төлемдер» сервисі арқылы немесе «e-Salyq Azamat», «Kaspi.kz», «Halyk Bank» мобильді қосымшалары арқылы алуға және сол жерде салықты төлеуге болады, – дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, салық төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл үшін азаматтар мүлік кепілдігімен немесе банк кепілдігімен eGov.kz порталы арқылы «Салық міндеттемесін орындау мерзімін өзгерту» мемлекеттік қызметіне өтініш бере алады.

– Халықты салықтық тәртіпке шақыру бағытында үгіт-насихат жұмыстары да жүйелі жүргізіліп отыр. Біз Instagram парақшамызда күн сайын салық төлеуге қатысты маңызды ақпараттарды жариялап келеміз. Сондай-ақ, банктердің мобильді қосымшалары арқылы да ескертулер жолданады, – деп атап өтті Маржанат Дамбаулова.

Сонымен қатар, елімізде ескі жеңіл автокөліктерге салынатын салық азайтылмақ. Бұл жеңілдік 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни жаңартылған Салық кодексі сол күннен бастап қолданыла бастайды.

Жаңа тәртіп бойынша: 11 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге — 30% жеңілдік беріледі. 20 жылдан асқан көліктерге — 50% жеңілдік қарастырылған. Егер көлікті 2026 жылдың ақпанында сататын болсаңыз: 2025 жыл үшін салықты толық төлейсіз. Ал 2026 жыл үшін салық жеңілдікпен есептеледі, яғни көлікті иеленген айларға ғана және жеңілдік мөлшеріне сай.

2025 жылдың 1 мамырындағы ресми деректер бойынша, Қазақстанда 6,1 миллионнан астам көлік тіркелген. Оның ішінде 5,3 миллионы — жеңіл көлік, ал 3,5 миллионы — 10 жылдан асқан машиналар. Яғни көліктердің жартысынан көбі жаңа салықтық жеңілдікке ілігеді. Бұл көптеген адамға салықты аз төлеуге мүмкіндік береді.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті ұсынған қалалық кірістер басқармасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *