Рудный индустриялық университеті халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуде
Биыл РИУ шетелдік серіктестік бағытындағы қадамдарын белсенді түрде нығайтып келеді. Бұл жолы университет ректоры Пәкістан Исламабад қаласында өткен Қазақстан-Пәкістан университеттері форумына және «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесіне қатысты. Бұл туралы РИУ Басқарма төрағасы – ректоры Нұрбек Сапарходжаев өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Форум барысында РИУ мен National Skills University Islamabad арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екіжақты білім беру бағдарламалары мен тәжірибеге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Профессор Мұхаммед Икбал Чаудри басқаратын COMSTECH ұйымының президентімен кездесуде ғылым мен білім беру саласындағы ықтимал серіктестік мәселелері талқыланды. National University of Sciences and Technology (NUST) жетекшілігімен келіссөздер жүргізілді. Екі жоғары оқу орны ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындап, болашақ меморандум жобасын әзірлеу туралы уағдаласты. Сондай-ақ Quaid-i-Azam University проректоры профессор Нияз Ахмад Ахтармен кездесу өткізіліп, білім мен ғылым саласындағы ықпалдастық мәселелері көтерілді. Ал, Metropolitan International United College (MIUC) базасында РИУ таныстырылымы өтті. Пәкістандық студенттер Қазақстандық жоғары білімге ерекше қызығушылық танытып, оқу шарттары мен бағдарламалар туралы белсенді түрде сұрақтар қойды. Осы іс-шара аясында РИУ мен МИУС арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
«Барлық кездесулер мен келіссөздер Рудный индустриялық университетінің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, болашақтағы ынтымақтастықтың сенімді іргетасын қалады», – деп жазды ректор Сапарходжаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сапар барысында университет ректоры Пәкістанның ең ірі провинциясы – Пенджабтың Білім министрі Раджа Ясир Хумаюн Сарфарз мырзамен кездесті. Бұл өңір Пәкістан халқының 60%-на жуық бөлігін қамтып, жыл сайын жарты миллионнан астам жас маманды даярлайтын білім беру орталығы екені күллі әлемге аян.
«Кездесу барысында академиялық алмасу, бірлескен бағдарламалар әзірлеу, сондай-ақ РИУ-дың Пенджаб мектептері мен колледждерінің түлектері арасында кәсіби бағдар жұмысын жүргізу мүмкіндіктері талқыланды. Министр халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, өңірлік оқу орындарымен серіктестік орнатуға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді», – деді университет басшысы.
Ректордың айтуынша, Пенджаб білім ордасы үшін үлкен әлеуетке ие стратегиялық нарық болып саналады.
«Біз сапалы білім мен сұранысқа ие бағдарламаларды ұсынып, Қазақстан мен Пәкістан арасында достық пен білім көпірін құруға дайынбыз. Бұл кездесу – өзара тиімді ынтымақтастық пен дарынды жастарды тартуға бағытталған маңызды қадам», – деді Сапарходжаев.
Сапар қорытындысы бойынша университет ректоры GNN телеарнасына сұхбат беріп, университеттің халықаралық бағдарламалары мен шетелдік студенттерге арналған мүмкіндіктері жөнінде кеңінен баяндады.Сонымен қатар ректор Пәкістандағы Қазақстан Елшілігіне, соның ішінде Елшілік өкілі Нуртазин Манарбек мырзаға және Жоғары білім комиссиясының төрағасы профессор Мухтар Ахмедке көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдірді.
Бүгінгі жоғары білім тек ұлттық шеңберде қалып қоймауы тиіс. Әлемдік бәсекеге қабілетті университет болу үшін халықаралық әріптестік, академиялық алмасу, бірлескен зерттеулер – басты талаптардың бірі. РИУ ректоры Нұрбек Сапарходжаевтың Пәкістандағы әрбір кездесуін жоспарлы, нақты бағытталған дипломатиялық жұмыс. Осылайша Рудный қаласының жоғары оқу орны халықаралық деңгейде өз көкжиегін кеңейтіп, білім мен ғылым саласындағы ықпалдастықты жаңа сапалық деңгейге көтеріп отыр. Университеттің мұндай бастамалары – аймақтық дамудың да, ұлттық білім жүйесінің де жаһандық бәсекеге қабілетті болуына қосылған нақты үлес болары анық.
Қуаныш БИАХМЕТ,
суреттер РИУ
парақшасынан