Рудныйда рәміздер күні ерекше құрметпен өтті

Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні 2007 жылдан бері тойланып келеді. Конституциялық заңмен бекітілген мемлекеттік рәміздер еліміздің айрықша белгілері болып табылады. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Олардың қатарында Ту, Елтаңба және Әнұран бар. Мереке қарсаңында Рудныйда білім және мәдениет ошақтарында рәміздерді ұлықтау мақсатында көптеген бағдарламалар легі ұйымдастырылды. Ал мереке күні қалада салтанатты жиын өтті. Шараға қала тұрғындары, оқушылар, ұстаздар мен қоғам өкілдері қатысты. Мерекелік жиынның басты мақсаты – мемлекеттігіміздің басты белгілеріне деген құрметті арттыру, өскелең ұрпаққа патриоттық сезім сіңіру.

Шара ең алдымен мемлекеттік Тудың көтерілуімен басталды. Орталық алаңда арнайы орнатылған тұғырда көк байрағымыз желбіреп, жиынның салтанатты рухын арттыра түсті. Жиын барысында Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Балғабайұлы сөз алып, қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

 «Дәл осы күні, 1992 жылы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерін бекітті. Ту, Елтаңба және Әнұран – бұл біздің рухымыздың, бостандығымыздың және қайта жаңғырған мемлекеттілігіміздің көрінісі. Бұл мереке – еліміздің әрбір азаматының жүрегінен ерекше орын алатын күн. Себебі мемлекеттік рәміздер – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің, ұлттық рухымыздың және тарихи сабақтастығымыздың бейнесі. Бүгінде біз зор мақтанышпен айта аламыз: Қазақстан – көпұлтты, егемен мемлекет. Ол патриотизм, бірлік пен еңбек идеалдарына сүйене отырып, сенімді түрде алға басып келеді.Ал Рудный тұрғындарының патриоттығын ерекше атап өтуге тұрарлық. Рудный – бұл еңбек, достық және бірлік қаласы. Мұнда өмірдің барлық саласында еңбек ететін азаматтар тұрып жатыр. Олар қаланың және қоғамның дамуына белсене атсалысуда. Біз дәл осы жерде азаматтық сананың жарқын үлгісін көріп отырмыз. Мемлекеттік рәміздер әрдайым жүрегімізде құрмет пен шабыт тудырсын. Баршаңызға бейбіт өмір, амандық, татулық және қаламыздың одан әрі гүлденуін тілеймін!»,- деп атап өтті Сәкен Қоқышев.

Сөз кезегі өткен соң сахна кезекті рухты әнге берілді. Жиналған қауым ел бірлігін паш еткен осы ән арқылы тағы бір мәрте елжандылықтың лебін сезінді. Одан кейін төрге «ССКӨБ» қоғамының құрметті ардагері, рәміздер күнінің өнегелік маңызы мен жас ұрпаққа артылар жауапкершілік туралы пікірін білдірді. Оның сөзінен елге адал қызмет етудің мәні мен мемлекеттік белгілерге деген құрметтің күнделікті әрекетпен дәлелденуі тиіс екенін аңғардық.

Мерекелік жиын барысында Рудный қаласының мәртебесін республика деңгейінде қорғап жүрген ұлағатты ұстаз, «Үздік оқытушы – 2024» сайысының гран-при иегері, республикалық сайыстың жүлдегері Лаззат Әділбекқызына сөз берілді. Жиналған қауым ұстаздың жетістіктеріне ерекше ықылас білдірді.

 «Бұл тәуелсіз Қазақстанның тұғырын нықтайтын, рухымызды биіктететін мемелекеттік рәміздер күні. Осы үшін жастар атынан сөз сөйлеу мен үшін үлкен абырой, аса маңызды жауапкершілік.  Себебі біз көк байрағы желбіреген, Елтаңбасы алтын шапағындай жарқыраған және Әнұраны әлемге рухымызды танытқан ұлы даланың ұрпағымыз.  Осындай киелі құндылықтарымызды құрметтеп, ел үшін күнделікті еңбек етіп жүрген абзал жандар бар – ол мемлекеттік қызметшілер. Олар мемлекеттің айнасы, халық пен биліктің арасын жалғаушы. Олардың адал еңбегі мен жауапкершілігі жастарға үлгі. Жастар ретінде біз де еліміздің дамуына үлес қосуға, рәміздерімізді мақтан тұтуға, елге адал қызмет етуге дайынбыз. Туымыз көгімізде желбірей берсін. Әнұранымыз биік мінберлерде шырқала берсін. Елтаңбамыз төрімізде нұр шашып тұрсын деймін!»,- деді Лаззат Өтемұратова

Салтанатты мереке қалалық мәдени ұжымдардың орындауындағы концерттік бағдарламаға жалғасты.

Мемлекеттік рәміздер ұлттың рухы, болмыс-бітімі, өткені мен болашағы арасындағы алтын көпір. Оларды ұлағаттау баршамыздың борышымыз болып қала бермек.

 

Айгерім БАХИТБЕК,

Суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *