Білезік тек сәнді әшекей – бұйым емес

Ресоциализация жолындағы мүмкіндік: электронды бақылау адамды қоғамға қалай қайтарады?

Көшеде кетіп бара жатқан адамның аяғындағы электронды білезік көпшілікке әлі де тосын әрі алаңдатарлық көрініс. Бұл құрылғы қоғам санасында көбіне аса қауіпті қылмыскерлермен, рецидивистермен байланысты. Алайда шынайы жағдай бұдан әлдеқайда күрделі, әрі, қуанышқа қарай, гуманистік сипатта.

Электронды білезік – бұл тек бақылау құралы ғана емес, түзелуге бет бұрған адамға берілген мүмкіндік. Заңды бұзғанымен, қоғамнан толықтай оқшауланбай, өз орнын табуға, туыстарымен, жақындарымен байланысын үзбей, біртіндеп қалыпты өмірге қайта оралуға жол ашады.

Электронды бақылау жүйесінің Қазақстандағы жұмыс істеу тәртібі, кімдерге қолданылатыны және оның тиімділігі туралы толығырақ білу үшін біз пробация қызметінің мамандарымен әңгімелестік. Сонымен қатар Рудный қаласындағы нақты ахуалға да тоқталып өтеміз.

Әрбір құқық бұзушылық қатігез жазаны талап етпейді. Ұсақ ұрлық, алаяқтық сияқты күш қолданбай жасалған кейбір қылмыстар үшін адамды қоғамнан толықтай оқшаулау – оң нәтиже бермейтін қадам. Мұндай жағдайларда адам түзу жолға түсудің орнына, әлеуметтік байланыстарынан ажырап, жұмысынан, кейде тіпті отбасынан айырылып, моральдық әрі психологиялық тұрғыдан одан әрі құлдырап кетуі мүмкін. Бұл түзелуге емес, қайта деградацияға алып келуі ықтимал. Осы себеппен электронды білезік сынды балама жаза түрлері қазіргі таңда жиі әрі тиімді қолданылып келеді. Рудныйда мұндай бақылау құрылғылары 2024 жылдың шілде айынан бастап енгізілген. Қазіргі таңда Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Рудный қалалық пробация қызметі бөлімінің басшысы Сергей Деткиннің айтуынша, аталған құрылғы 10 адамға тағылған.

Сергей Юрьевичтің айтуынша, электронды бақылау жүйесі азаматтардың түнгі уақытта үйден шығуы немесе белгіленген мекеннен тыс жерге рұқсатсыз шығуы сынды тәртіп бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

– База арқылы кез келген заңбұзушылық бірден тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады, – дейді ол.

Бақылау жүйесі ең алдымен шартты түрде сотталған немесе бас бостандығын шектеу жазасына кесілген, бұрын ауыр баптар бойынша сотты болған, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істерде кінәлі деп танылған азаматтарға қолданылады. Жазаны өтеу шарттары әрбір адамның жеке жағдайына қарай тағайындалады.

– Бұрын бақылау құрылғылары болмаған кезде есепте тұрғандар бақылауды онша сезіне қоймайтын. Ал қазір білезік тағылған соң, ол адам түнде үйден шығудың немесе мекенжайынан тыс кетудің алдында екі рет ойланады. Себебі біз оның қайда жүргенін, қашан шыққанын нақты уақыт режимінде көріп отырамыз, – дейді Сергей Деткин.

Электронды білезік тағылғанымен, бұл қосымша шара ретінде ғана қарастырылады. Сотталған азамат пробация қызметіне айына екі рет келіп тіркеуден өтуі керек. Сонымен қатар тұрғылықты жері бойынша тексерулер де жүргізіледі. Қазақстаннан шығуына мүлде тыйым салынған. Өз ауданынан немесе қаласынан шығу үшін де пробация органының ресми рұқсатын алуы тиіс. Есепте тұрған азаматтың құқық бұзушылық қаупі жоғары болса, тіркеу жиілігі артады. Егер ешқандай тәртіп бұзушылық анықталмаса, бақылау кестесі жеңілдетілуі мүмкін. Мысалы, әр айдың 10-ы, 20-сы немесе 30-ы күндері ғана тіркеуден өту белгіленеді.

Қазіргі таңда Рудныйда есепте тұрған азаматтардың арасында электронды бақылауға алынған Вероника есімді әйел де бар. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотты болған. Биылғы жылдың 15 қаңтарынан бастап оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Құқық бұзушылық тіркелген жағдайда, инспектор дереу түсіндіру жұмысын жүргізіп, ескерту жасайды. Егер адам қайта тәртіп бұзса, ол «қатаң тәртіп бұзушы» ретінде танылып, іс материалдары сотқа жолданады. Есепке қойылған кезде сотталған азаматқа барлық құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Қолына сот үкімі беріліп, онда жазылған талаптарды орындау міндетті екені хабарланады. Пробация қызметінің инспекторлары тіркеуге келген сайын, сондай-ақ тексеру кезінде құқықтарын тағы да түсіндіріп отырады. Сотталған азамат тіркеуге уақытылы келіп тұруы, белгіленген уақытта үйде болуы, ішімдік ішпеуі және қажет болған жағдайда наркологиялық немесе психологиялық ем қабылдауы тиіс. Бұл талаптарды бұзу – жазаның күшеюіне алып келеді.

Қорыта айтқанда, электронды білезік – тек шектеу құралы емес, қоғамға қайта қадам басқысы келген адамға берілген мүмкіндік. Бұл қатаң бақылау мен жеке көзқарасты ұштастыра отырып, заң бұзушыны тәртіпке келтірудің жаңа тәсілі. Өмірден адасып, сүрінген жанға түзелуге, қоғамға қайта бейімделуге жағдай жасау – әділеттілік пен адамгершілікке негізделген құқықтық мемлекеттің белгісі.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *