Қаланың спорт саласындағы даму барысы жайлы
Рудный қаласында бүгінгі таңда 168 спорт нысаны тіркелген. Алайда олардың тек 52-сі ғана дене шынықтыру мен спортқа тікелей бейімделген. Қалғаны білім беру және қосымша білім беру ұйымдарының иелігінде. 2025 жылдың маңызды жаңалығы – 11 шағын ауданда екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы болмақ. Жаңа кешендердің іске қосылуы спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейін 46 пайызға дейін арттырады және қаладағы спорт залдарына деген тапшылықты 2674,3 шаршы метрге дейін азайтады.
− Қазіргі таңда қалалық спорт бөлімі балалардың тегін спортпен шұғылдануы үшін түрлі спорт залдарын жалға алып отыр. Мәселен, «Горняк» базасында жүзу және дзюдомен айналысатын балалар жаттығады. Сонымен қатар, волейбол, баскетбол, футбол жаттығуларына арналған алаңдар да жалға алынады. Ал шілде – тамыз айларында іске қосылатын екі жаңа кешен «Рудный-2017» спорт клубының балансына беріліп, жалдау ақысы айтарлықтай төмендейді, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Шұңғұрбаев брифинг барысында.
Жаңа кешендер тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де есігін айқара ашпақ. ДШС-тарда волейбол, баскетбол, гандбол, мини-футбол, дзюдо, таэквондо, еркін және грек-рим күресі, сондай-ақ каратэмен айналысуға мүмкіндік болады. Бір уақытта 200-240 адамға дейін жаттығуға жағдай жасалады.
Бұдан әрі Марс Шұңғұрбаев қаладағы спорт саласының жалпы жай-күйіне тоқталып өтті.
Қазіргі таңда Рудный қаласында 123 мыңнан астам тұрғын бар. Соның ішінде 58 443 адам, яғни, қала халқының 47,4 пайызы дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Қалада 2179 спорттық секция мен топ жұмыс істейді, олардың құрамында 41 496 адам жаттығуда. Жалпы алғанда, 63 спорт түрі дамып келеді: оның 27-сі олимпиадалық, 36-сы олимпиадалық емес бағыттар.
Қалада екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 1613 бала жаттығады. Бұдан бөлек, облыстық спорт мектептерінің бес спорт түрі бойынша (бокс, шорт-трек, дзюдо, шаңғы жарысы, хоккей) бөлімшелері де бар. №1 спорт мектебінде жеңіл атлетика, баскетбол, футбол, жүзу, шахмат, тоғызқұмалақ, пауэрлифтинг, конькимен жүгіру спорты және футзал сияқты тоғыз спорт түрі қамтылған. Бұл мектепте барлығы 1033 бала шұғылданады. Қарамағында бір спорт залы бар. №2 спорт мектебінде еркін күрес, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, таэквондо, картинг, кикбоксинг және ауыр атлетика секілді сегіз спорт түрі дамытылуда. Мұнда 580 бала жаттығады. Мектеп балансына күрес залы мен жекпе-жекке арналған жабдықталған бөлмелер кіреді. Қаланың жалпы білім беру мекемелеріндегі оқушылардың 10 пайызы ғана спорт мектептерінде қамтылған.
Жастар мен ересектер арасындағы бұқаралық спортты дамытумен «Рудный-2017» спорт клубы айналысады. Бұл клуб жергілікті бюджеттен қаржыландырылады және оның қарамағында 26 спорт түрі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт бағыты дамып келеді. Алайда клубтың өз спорт нысандары жоқ, сондықтан жаттығу үдерісі тек жалға алынған орындарда өткізіледі.
Мемлекеттік «Даму бала» бағдарламасы аясында балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін ашуға жағдай жасалуда. Бағдарлама арқылы отбасылық табыс деңгейіне қарамастан, әр бала үйірмелер мен спорт секцияларына қатыса алады. Қазіргі уақытта бұл бағытта тоғыз жеткізуші қызмет атқарады, олар 1204 баланы қамтып отыр.
− «Даму бала» бағдарламасының қаржыландыру көлемі бұрынғы қалпында қалды. Сондықтан бағдарламаға тек бір ғана жолмен қосылуға болады: егер баланың бірі қандай да бір себеппен жаттығуды тоқтатса, оның орнына кезекте тұрған келесі бала қабылданады. Әр жаттықтырушыда резерв тізімі бар. Жаңа баланы тек бос орын болғанда ғана қабылдай алады. Спорт секциясын ашқысы келетін жеткізуші арнайы құжаттар пакетін тапсыруы қажет. Оның ішінде кемінде 10 айға жалға алынған спорт залы болуы және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Құжаттар онлайн түрде қабылданады. Егер бюджетте қаражат қарастырылса, жеткізуші балалар тізімін ұсынып, бір топқа 18-20 баладан қабылдай алады. Жалпы, екі-үш топқа дейін жасақтауына болады. Бірақ бұл да қаржыландыруға тікелей байланысты, – деп түсіндірді бөлім басшысы.
Жыл сайын спорт бөлімі мен «Рудный-2017» клубының бюджеті шамамен 500 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражат 63 жаттықтырушының жалақысы, оқу-жаттығу жиындары, қалалық жарыстар, спорт нысандарын жалға алу сияқты негізгі бағыттарға жұмсалады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да спорттан шет қалмауда. Спорт бөлімі қалалық мүгедектер қоғамымен тығыз байланыста жұмыс істейді. «Рудный-2017» клубында ерекше қажеттілігі бар жандармен жұмыс істейтін әдіскер маман бар. Қалада тіркелген 4072 мүгедектің 1183-і спорттық секциялар мен топтарға қатысады, бұл жалпы санның 29 пайызы. Жаттығу үдерісі мен жарыстар барысында спорт нысандары мен жабдықтар тегін ұсынылады.
Спорт бөлімі ұсынатын бір мемлекеттік қызмет бар, бұл спортшыларға жасөспірімдер және ересектер разрядын беру, сондай-ақ жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, нұсқаушыларға және төрешілерге біліктілік санатын тағайындау. 2023 жылы 562 спортшыға жасөспірімдер разряды, 61 адамға екінші және үшінші ересек разряды берілді. Сонымен қатар бес жаттықтырушыға жаттықтырушы санаты, 10 адамға «Спорт төрешісі» санаты тағайындалды.
Өткен жылы Рудный қаласында 872 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оған 66 410 адам қатысты. Қаланың құрама командалары бес спорт түрі бойынша облыстық әуесқой лигаларда өнер көрсетті. Республикалық жарыстарда 152 спортшы жеңіс тұғырынан көрінсе, 108 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына қабылданды.
Қазіргі уақытта өңірлік жазғы спартакиада «Тың-Целина» аясындағы ірі жарыстар өтуде. Бұл жарыстардың ақтық кезеңі 31 шілде мен 3 тамыз аралығында Денисов ауданында өтпек.
Рудный қаласында спорт жәй әуестік емес, ұлт саулығына жасалып жатқан жүйелі инвестиция. Ал жаңадан салынатын кешендер осы игі істің нақты көрінісі.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ