Жаңа құбырлар орнату жұмысы  басталды

Рудныйда «Изопрофлекс» жүйесі қолданылатын болады

Рудный қаласының жылу жүйесі біртіндеп жаңа технологияларға бет бұрып келеді. Бұған дейін қолданылып келген болат құбырлардың орнын енді ұзақ мерзімді, жеңіл әрі заманауи «Изопрофлекс» жүйесі баса бастады. Биылдан бастап бұл құбырлар қала ішінде алғаш рет төселіп, қолданылуда.

Журналистермен өткен баспасөз туры барысында «Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Абылкаиров жаңа жүйенің артықшылықтарына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл құбырлар металлдан жасалмаған, полиуретанмен қапталған және диаметрі 200 мм-ге дейін барады. Әдеттегі болат құбырлармен салыстырғанда олар жеңіл, орам күйінде жеткізіледі және орнату мерзімі әлдеқайда қысқа.

«Бұл құбыр тот баспайды. Нақтырақ айтқанда, ішкі де, сыртқы коррозияға, тіпті электромагниттік әсерлерге де төзімді. Еуропада кеңінен қолданылып жүрген бұл технология өзін жақсы жағынан көрсетіп үлгерді. Зауыттардың кепілдігі 50 жыл. Техникалық сипаттамасы да қуантады: температураға төзімділігі 115 градусқа дейін, қысымға 10 атмосфераға дейін», – дейді Абылкаиров.

Құбырдың құрылысы бірнеше қабаттан тұрады. Ішкі қабаты сшитый полиэтилен (PEX), жылу оқшаулау қабаты көбік полиуретан, ал сыртқысы тығыз гофрленген полиэтилен. Мұндай құрылым жылу тасымалы кезіндегі ысырапты барынша азайтып, энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жылу жүйесінің тиімділігі артып, ұзақмерзімділік қамтамасыз етіледі.  Алайда, жаңа жүйенің құны қазіргі таңда үш есе қымбат. Бұл технологияның жаңалығымен және құбырлардың шетелден жеткізілетіндігімен байланысты. Мәселен, бүгінде құбырлар Ресей мен Беларусьтан сатып алынуда. Дегенмен, алдағы уақытта Қазақстанда «Изопрофлекс» өндіретін зауыттың ашылуы күтіліп отыр. Бұл өнімнің бағасын төмендетуге серпін беруі тиіс.

Қалада «Изопрофлекс» жүйесі алғаш болып 20-шағынаудандағы Павел Корчагин көшесі, 152–154 үйлерінің аралығында төселді. Келесі кезекте П.Корчагин, 88 мекенжайындағы учаскісі. Бұл аймақтар электрокоррозия қаупі жоғары саналатын аудандар. Сондықтан дәл осы материалдың таңдалуы орынды шешім болды. Оның тағы бір артықшылығы монтаж кезінде өтемдеуіштер мен қатты бекітпелерді қажет етпейді, бұл да жұмысты жылдамдатады.

ДАМУДЫҢ ЖОЛЫ – БОРЫШСЫЗ БОЛУ

Жаңа құбырлар салынғанымен, жылу жүйесінің тиімді жұмыс істеуі тек техникалық жағдаяттарға емес, тұрғындардың да тәртібіне байланысты. Қазір қала бойынша 800 млн теңгеге жуық қарыз жиналып отыр.

Оның ішінде:

– 200 млн теңге бюджеттік ұйымдарға тиесілі. Бұл ретте, 175 миллионыоблыстық бюджетке қарайтын мектептер мен ауруханалардың мойнында. Аталған мәселеге орай, облыс әкімімен жұмыс жүріп жатыр.

– 200 млн заңды тұлғалардың берешегі. Бұл топпен жұмыс сот орындаушылары мен нотариустар арқылы жүргізіледі.

– Қалған 400 млн теңге тұрғындардың төлемі кешіккен қарыздары.

Жекеменшік үйлердегі борышкерлердің кейбірі жылудан ажыратылды. Горняцкий ауылында он беске жуық үй тоқтатылған. Көпқабатты үйлерде тұратын азаматтармен де құқықтық тәртіп шеңберінде жұмыс жүргізіледі. Қажет болған жағдайда, банк шоттарына, мүлікке тыйым салынып, елден шығуға шектеу қойылуы мүмкін. «Рудный жылу желілері» ЖШС тұрғындарды қарыз жинамауға, ал егер қарыз болса, оны бөліп төлеу жөнінде келісім жасауға шақырып келеді.

Құбыр ауыстыру жаңарудың бір бағыты ғана, ал оның өзегінде жауапкершілік жатыр.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *