Ветеринария – адамзатты аман сақтайтын мамандық
Бүгінгі таңда мемлекеттік ветеринариялық инспекция жас мамандар үшін тұрақты жұмыс, кәсіби даму мен елге қызмет етудің нақты алаңы. 10 шілде – ветеринария саласының кәсіби мерекесі.
Осыған орай Рудный қалалық аумақтық инспекциясының жас маманы Фариза Баянбековамен сұхбаттастық. Салада жұмыс істеудің жолдары, мемлекет ұсынған мүмкіндіктер мен жастарды қолдау тетіктері туралы сөз қозғалды. Маманның айтуынша, ветеринар болғысы келетін әр жас буынға бүгінде мемлекеттік қызмет есігі айқара ашық.
Медицина адамды емдесе, ветеринария тұтас адамзатты аман сақтайды. Бұл тек әдемі сөз тіркесі емес, қазіргі қоғамның қауіпсіздігі мен азық-түлік сапасының кепіліне айналған сала мамандарының шынайы миссиясы.
Фариза Балтабайқызы Қостанай өңірлік университетінің 2018 жылғы студенті. Сол жылы ветеринариялық санитария мамандығына түсіп, бүгінде мемлекеттік ветеринариялық бақылау саласында қызмет атқарып келеді.
Бала кезімнен жануарларды ерекше жақсы көрдім. Оларға көмектескім келетін. Кейін осы сезім мамандық таңдауға себеп болды. Мемлекеттік қызметті саналы түрде таңдадым. Бұл салада тұрақтылық та бар, қоғамға пайда да әкелесің. Әрі жануарлар арқылы адамның саулығына қызмет етесің, – дейді мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор.
Ол бүгінде Рудный қалалық аумақтық инспекциясының жетекші маманы. Оның айтуынша, ветеринар инспекция қызметі жай ғана мал емдеу емес, қауіпсіздік пен сапаны бақылау ісі.
Біз дайын өнімдерді бақылау, профилактикалық шаралар жүргізу, ветеринариялық сертификат беру секілді жұмыстармен айналысамыз. Әр тоқсан сайын тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Көпшілігі “ветеринар” десе тек жануар емдейтін адамды елестетеді. Ал инспекция бұл мемлекет атынан бақылау жүргізетін ұйым, – дейді ол.
Инспекция басшысы Ерік Аленовте жас кадрлар мәселесін басты назарда ұстайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан жас мамандарға арналған нақты әрі тиімді механизмдер бар.
Қазір ветеринария мамандығын енді бітіріп жатқан жастар үшін жол ашық. Мемлекеттік қызметке орналасу бұрынғыдай қиын емес. Егер GPA көрсеткіші 3,65 және одан жоғары болса, жас түлектер тест тапсырмай-ақ, конкурстан тыс тәртіппен жұмысқа тұра алады. Бұл кадр тапшылығын болдырмау мақсатында жасалып жатқан нақты қадам, – дейді мекеме басшысы.
Маман болғысы келетін жастар арнайы базаларға тіркеледі, резюме тапсырады. Кейін нақты мекемеде бос жұмыс орны болса, бағдарлама қызметкерлері түлекке өздері хабарласады.
Фаризаның өзі де осы мүмкіндікті пайдаланып, 2023 жылы мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасып, 2024 жылы бір айлық курсқа қатысқан. Бұл курс әр жас маманға білімін, тәжірибесін жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан ұсынылатын керемет мүмкіндік.
Бұл курста заңнамалық база, іс қағаздарын жүргізу, бақылау алгоритмдері, эпизоотиялық жағдайларға ден қою секілді практикалық білім берілді. Мұндай курстар жас маманға өз жұмысын сенімді атқаруға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Бүгінде Рудный қалалық аумақтық инспекциясында 3 жетекші маман және 1 басшы жұмыс істейді. Әрқайсысы өз ісіне жауапты, ынталы және талапты маман. Инспекция қызметі тұрғындар үшін де қолжетімді. Ветеринарияға қатысты кез келген сұрақпен Горняков көшесі, 70-үй, 310-кабинетке келуге немесе 4-50-25 нөміріне қоңырау шалуға болады. Сонымен қатар, мекеменің Facebook парақшасы да ашық.
Фаризаның айтуынша, бұл салада ең бастысы қызығушылық пен жауапкершілік. Жас мамандарды мемлекеттік қызметке келуге ештеңе тоқтатпауы тиіс.
Қазіргі таңда ветеринария мамандығын игерген жастар үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау бар, жол ашық. Бастысы сенім мен ниет болу керек. Бұл мамандық тұрақты табыс көзі ғана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік, – дейді Фариза Балтабайқызы.
Ветеринария қоғамның тыныштығы мен денсаулығының күзетінде тұрған мамандық. Бүгінгі таңда бұл сала жас мамандарға барынша қолжетімді.
Жанарай
НҰРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ