Жаңа істің жүгін көтергендер

Рудныйда кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік гранттың иелері анықталды

Рудный қаласында жаңа бизнес бастауға ниетті азаматтарға берілетін мемлекеттік грантты бөлу жөніндегі комиссия отырысы өтті. Бұл ел экономикасының бір ұшығы саналатын шағын және микробизнестің тынысын кеңейтуге бағытталған нақты қадам.

Бұл әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қайтарымсыз негізде ұсынылатын қаржылай мүмкіндік. 2025 жылы грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке, яғни 1 572 800 теңгеге жетіп отыр. Қаражат бір реттік, әрі тек кәсіпкерлік мақсатта игерілуі тиіс. Заңға сәйкес, оны еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал мен құс, көшет пен тұқым сатып алуға және өндірістік ғимаратты жалға алуға жұмсауға болады.

Қаржы бар, бірақ талап қатал. Грантты жеке тұтынуға, несиені өтеуге, тұрғын үй мен жер сатып алуға немесе акциздік өнім өндіруге қолдануға тыйым салынған.

21 мамырда business.enbek.kz порталында басталған өтінім қабылдау науқанына Рудныйдан 18 азамат тіркеліп, 17-сі өз жобаларын тікелей қорғады. Комиссия үш күн ішінде 12 жобаны қолдауға шешім шығарды. Әр жоба бизнес-идеяның өміршеңдігіне, жаңашылдығына және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуетіне қарай бағаланды.

Грант иегерлерінің қатарында:

Гүлниса Юлдашева – «Нан-тоқаш өнімдерін пісіру цехы»

Алена Воропаева – «Аэродизайн студиясын ашу»

Бағила Оразбаева – «Диеталық самса және батон өндіру»

Гүлнұр Өтеулиева – «Жартылай фабрикаттар өндірісі»

Регина Айтқұлова – «Чайные истории» шайханасы

Ақмарал Сәлімбаева – «Қыз жасау» жобасы

Ақмарал Берекебаева – «Тігін қызметтері»

Лаура Батырхан – «Әуе шарларымен безендіру қызметі»

Рима Райымқұлова – «Жартылай фабрикаттар»

Бауыржан Тұрсынов – «Темір жолдас» шеберханасы

Марал Ақтауы – «Аспаздық өнімдер шығару»

Мәлика Іспембетова – «Нейроника» атты балалар орталығы

Бұл гранттар жай ғана қаржы емес, ҚР-ның азаматтарына өз ісін бастауға серпін беретін сенімнің символы. Жаңа бизнес ашу арқылы қатысушылар өз отбасыларының ғана емес, қаланың да экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады.

Жалпы, 2025 жылы Рудныйға 24 грант бөлінген. Бірінші лекте 12, ал екінші легте тағы 12 кәсіпкерге қолдау көрсетілмек. Келесі кезеңге өтінім қабылдау мерзімі туралы ақпарат кейінірек жарияланады.

Грантқа тіркелген жұмыссыздар мен кәсіпкерлік қызметін бастағанына үш жыл толмаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Олар келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс: көпбалалы ата-аналар, жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар мен олардың еңбекке жарамды отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, қандас мәртебесі бар тұлғалар және асыраушысынан айырылған отбасылар.

Мемлекет иығынан демеп тұрғанда, жеке істі жолға қою – жауапкершілік пен жігерді қажет етеді. Ал оған лайықты азаматтар бар. Рудныйдағы алғашқы грант иегерлерінің тәжірибесі – соның дәлелі.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *