Футбол – тек ойын емес, өмір салты

Рудныйда мини-футболдан ашық чемпионат басталды

Жазғы кештің самалындай сергітетін футбол бәсекесі Рудный қаласының тынысын ашты. «Горняк» стадионында өткен ашылу салтанаты қаланың спорт сүйер тұрғындарын бір арнаға тоғыстырды. Бұл жолы жасыл алаң әдеттегіден ерекше: мұнда спорт емес, нағыз жігер мен намыстың шайқасы өтіп жатыр.

Аталмыш турнирді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Горняк» спорт клубы бірігіп ұйымдастырып отыр. Бұл жай ғана жарыс емес, қала халқының салауатты өмір салтына бет бұруын көздейтін нақты қадам. Шараға Рудный қаласы мен Алтынсарин ауданы, сондай-ақ Қостанай облысы бойынша 10 команда қатысуда. Жалпы, 120-дан астам ойыншы бағын сынамақ Турнир аптасына екі рет, сәрсенбі мен жұма күндері кешкі 19:00-де өтеді. Жарыс ұзақтығы екі жарым апта. Командалар екі топқа бөлініп, алдымен топтық кезеңде өзара кездесіп, кейін плей-офф жүйесі арқылы мықтылар іріктеледі.

17 шілде күні болған ашылу ойынында «Аят» пен «Олимп», сондай-ақ «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ мен «Достық» командалары жасыл алаңға шықты. Допқа деген құштарлық, жеңіске деген ұмтылыс, бәрі де көрерменнің көз алдында. Жарыс барлық талаптарға сай өтуде, ойыншылар деңгейі де көңіл қуантарлық.

Қалалық турнирге қатысып жатқан командалардың ішінде «Салават», «Қасқыр», «Сокол», «Аят», «Олимп», «Горняк» және Алтынсарин ауданынан келген құрамалар бар.

Турнирдің бас төрешісі «Горняк» спорт клубының аға жаттықтырушысы Евгений Сластников. Ол өз сөзінде бұл чемпионаттың тұрғындар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау екенін атап өтті.

«Іс-шараның мақсаты – қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру. Президентіміз салауатты өмір салтын насихаттап жүргенін ескерсек, бұл чемпионат соның нақты көрінісі, яғни тұрғындар мен комбинат қызметкерлері арасындағы тірі, көрнекі үгіт-насихаттың бір түрі деуге болады» – деді аға жаттықтырушы.

Жарысқа мектеп оқушылары да белсенді қатысып жатыр. Мәселен, «Аят» командасының ойыншысы Тимофей Морозов 10-сыныпты аяқтаған жас спортшы. Жасына қарамастан, ол бұған дейін Ресей қалаларында өткен бірнеше турнирге қатысып үлгерген.

«Футбол менің өмірім. Біз бұрын Ресей чемпионатына қатыстық, Екатеринбург, Тюмень, Челябинск қалаларында ойнадық. Қазір маусым алды дайындық турнирінде бақ сынап жатырмыз. Командада 14 ойыншы бар. Басты мақсатымыз – қазан айында басталатын үлкен чемпионатқа тас-түйін дайын болу», – дейді ол.

Ал «Олимп» командасының ойыншысы, Қостанай қаласындағы №3 гимназияның 11-сынып оқушысы Афанасий Гримайло үшін бұл жарыс үлкен тәжірибе алаңы.

«Футболмен жеті жылдан бері айналысамын. Командаға жақында қосылдым. Жігіттермен әлі үйренісіп үлгермедік. Бірақ бұл турнир мен үшін үлкен мүмкіндік. Келешекте кәсіби футболмен айналысқым келеді. Барша жанкүйерлерді 1 тамыз күні өтетін марапаттау рәсіміне шақырамыз», – деді жас футболшы.

Турнир жеңімпаздары кубокпен және медальмен марапатталады. Сондай-ақ үздік ойыншылар арнайы бағалы сыйлықтарға ие болады. Жарысты ұйымдастыруға және өткізуге Рудный қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Горняк» спорт клубы мен «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамы демеушілік көрсетіп отыр.

Бұл жай ғана футбол додасы емес. Бұл – жастардың жігерін жанып, бірлікті бекемдейтін, қаламыздағы спортты өрге сүйрейтін маңызды алаң. Қала көшелерінен чемпиондар өсіп келеді. Ал бұл чемпионат соларға берілген алғашқы мүмкіндік, алғашқы қадам.

 

Жанарай

РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *