Ұлттық ойын – болашаққа бағытталған тәрбие құралы
Қазақтың көне ойындары қайтадан балалар жүрегінен орын тауып, спорттық бәсекеге ұласуда. Ұлттық мұраның ұйытқысына айналған асық ату бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қайта жаңғырып келеді. Сол игі бастаманың бір арнасы Рудный қалалық Балалар тәрбиелеу-сауықтыру кешенінде жалғасуда. Мұнда асық ату ғана емес, ән айту, садақ ату, бес асық, тоғызқұмалақ, волейбол, футбол, туризм секілді түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Биыл олардың қатарын ұлттық спорт түрлерін біріктірген «Ұлттық ойындар әлемі» атты жаңа үйірме толықтырды.

Кешеннің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Динара Жантолинаның айтуынша, бұл орталық 2004 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.
«Біз жыл бойы балалардың уақытын мәнді өткізуіне, спорт пен мәдениетке баулуына жағдай жасаймыз. Жазғы демалыс кезінде де жұмысымыз тоқтамайды, керісінше қатысушылар саны көбейеді. Бүгінде 1837 бала түрлі үйірмелерге қатысады. Барлық 30 үйірмелер тегін, ал жазылу «Mindal.kz» арқылы жүргізіледі», – дейді ол.
Рудныйдағы үйірмеге бүгінде 30-40-қа жуық бала тұрақты қатысады. Жас ерекшелігіне қарай 6-9 жас, 13-17 жас және 20-40 жас аралығындағы ересектер тобы бар.
«Негізі бір топта 14-15 бала болуы керек, бірақ қызығушылар саны жылдан-жылға артып келеді», – дейді жаттықтырушы Олжас Қожахметов.
«Шәкірттеріміз қалалық, облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі оралып жүр. Мысалы, Талдықорғанда өткен республикалық жарыста үш оқушымыз үшінші орын алды. Денисовкадағы жарыста ересектеріміз де жақсы нәтиже көрсетті. Қалалық және облыстық лигаларда бірнеше мәрте бірінші орын алдық», – дейді ол мақтанышпен.
Олжас Қожахметов тәжірибелі ойыншы. 2016 жылы облыстық чемпионатта жеңімпаз атанып, Петропавлдағы жарыста екінші орын алғаннан кейін асық атуға түбегейлі бет бұрған. Бұған дейін мектепте 12 жыл еңбек еткен, соңғы төрт жылда балалар кешенінде жаттықтырушы болып қызмет етіп келеді.
Кешенде ашылған тағы бір ерекше бағыт «Ұлттық ойындар әлемі» үйірмесі. Оны спорттық жұмыстар бойынша нұсқаушы Асемнұр Әбенова басқарады.
«Үйірмеге 8 бен 15 жас аралығындағы балалар қабылданады. Қазіргі таңда екі топ бар, әрқайсысында 15 оқушыдан. Бағдарламада садақ ату, бес асық және асық ату секілді дәстүрлі ойындар қамтылған. Сабақтар аптасына екі рет – сәрсенбі және бейсенбі күндері өтеді. Алдымен теория, кейін тәжірибелік жаттығулар жасаймыз», – дейді ол.
Асемнұрдың айтуынша, ежелгі қазақ қоғамында ұлттық ойындар тек көңіл көтеру ғана емес, жауынгерлік машықтарды шыңдайтын жаттығулар болған.
«Бүгінде бұл ойындар балалардың шымырлығын, шапшаңдығын және дене қуатын арттыруға көмектеседі. Қазақи ойындар қазір қайта жанданып, жастар арасында трендке айналды. Балалар сабаққа еркін, қызығып келеді. Сол сәттерді көргенде, жұмысқа деген қызығушылық арта түседі», – дейді ол.
Кешенде асық ату арқылы мергендік, садақ ату арқылы ептілік, тоғызқұмалақ арқылы логика, ал ойындардың барлығы арқылы ұлттық рух сіңіріледі. Бүгінгі балалардың алаңсыз асық атып, қазақы ойындармен сусындап өсуі – ертеңгі елдің текті де жігерлі ұрпағының кепілі.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ
