Ата заң – Тәуелсіздігімнің айғағы
Қазақстан Республикасының Конституциясы алғаш рет 1993 жылы қабылданды. Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толады. Бұл құжат тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің мемлекеттік негізін бекітуде үлкен рөл атқарды. Дегенмен, қоғамдық-саяси өзгерістерге байланысты жаңа, заман талабына сай Негізгі заң қажеттілігі туындады. Осылайша 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі Конституция қабылданды. Ол Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіп, билік тармақтарының өзара теңгерімін анықтап берді.
Содан бері Конституцияға бірнеше рет түзетулер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылғы өзгерістер Парламент пен Президенттің өкілеттігін нақтылап берсе, 2007 жылы саяси партиялардың рөлі күшейтілді. 2017 жылғы конституциялық реформада Президент өкілеттігінің бір бөлігі Үкімет пен Парламентке беріліп, билік тармақтарының тепе-теңдігі арта түсті. Ал 2022 жылы қабылданған өзгерістерде Президенттің өкілеттік мерзімі, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған бірқатар жаңа нормалар бекітілді.
Қазақстан Конституциясы халықаралық тәжірибеге сүйеніп жасалды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясына, өркениетті елдердің конституциялық дәстүрлеріне арқа сүйей отырып қабылданған. Нәтижесінде, Ата Заңымыз қоғам өмірінің барлық саласын реттеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепіліне айналды.
Ата Заң күні қарсаңында рудныйлықтар да өз құттықтау лебіздерін білдіруде. Солардың бірі – Рудный қаласы әкімдігінің “Қалалық тілдерді оқыту орталығы” КММ басшысы Жанат Досубаева. Ол рудныйлықтарға ыстық ықыласын жеткізді:
– Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауы. Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан елордамыз, әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Әрбір азамат өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Мереке қарсаңында барша рудныйлықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз тұғыры биік мемлекетіміздің, құқықтық және әлеуметтік мемлекетіміздің басты негізі болып табылады. Осы күні сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, ашық аспан тілеймін. Еліміздің гүлденуі жолында атқарып жатқан еңбектеріңізге толағай табыстар мен жетістіктер тілеймін. Мемлекетіміздің тұғыры биік, болашағы жарқын болсын дегім келеді. Мереке құтты болсын!
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ