Қала күні турнирлерге ұласты

Рудныйда спорт түрлерінен додалы жарыс өтті

Рудныйдың туған күні биыл спорттық тартыстарға толы мерекеге айналды. 23 тамызда қалада волейбол, дзюдо және қазақ күресі бойынша турнирлер ұйымдастырылып, оған жасөспірімдерден бастап тәжірибелі ойыншыларға дейін қатысты. Бұл жарыстар қала күніне орай ашылған «Сокол» және «Сарыбай» спорттық-сауықтыру кешендерінде өтті.

Алғашқы турнирлердің бірі – қыздар арасындағы волейбол ойыны болды. Қарсыласқан екі команда – МСК «Горняк» пен №17 мектеп құрамасы жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Ойын барысында әр ұпай үшін қызу тартыс жүрді. Қорғаныстағы жинақылық пен шабуылдағы жылдамдық ойын көркін қыздыра түсті. Соңғы сәттерде тәжірибесі басым «Горняк» волейболшылары ойын тізгінін өз қолына алып, шешуші соққыларды сәтті жүзеге асырды. Нәтижесінде матч 2:0 есебімен «Горняк» командасының жеңісімен аяқталды.

«Біз бар болғаны бір ойын өткіздік, 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Жаңа кешеннің жағдайы көңілден шықты. Киім ауыстыратын бөлмелері өте әдемі, душ кабиналары көп. Бұл бізге кәсіби деңгейде дайындалуға мүмкіндік береді. 2021 жылдан бері ойнап келеміз, бүгінгі ойын өте қызықты өтті», – деп жеңімпаз команда ойыншысы Мария Иванова әсерін жеткізді.

Ал №17 мектеп командасының ойыншысы Айдана Таженова жеңілгеніне қарамастан, турнирдің маңызын атап өтті.

«Бүгінгі ойын біз үшін жеңіліспен аяқталғанымен, ол үлкен тәжірибе болды. Команда болып бар күшімізді салдық. Жаңа кешен де ұнады: залы кең, жарық әрі қолайлы. Ұзақ уақыттан бері қолыма доп алмаған едім, бірақ осындай орынның ашылғанына қуаныштымын. Бұл жастарға спортпен айналысуға зор мүмкіндік береді», – деді ол.

Қала күніне арналған турнирлердің келесі кезеңі дзюдо болды. «Сокол» кешенінің екінші қабатында өткен жарысқа 2011–2013 жылдары туған жасөспірімдер татамиге шықты.

Жеңімпаздар қатарынан шыққан балғын дзюдошылардың есімдері көпшілікті қуантты.

38 кг салмақта Диас Кенжебек, 32 кг-де Алибек Колбейсин, 50 кг-де Мансур Жарлыкапов, 66 кг-де Нұрсұлтан Серікбаев, 73 кг-де Данил Мизин, 35 кг-де Павел Гаранин және 42 кг-де Нұрали Жалмағамбетов өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарын қапы қалдырып, барлығы да 1-орынды иеленді.

Бұл жетістіктер – жас спортшылардың табандылығы мен жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі.

Мерекелік турнирлердің тағы бір бөлігі – қазақ күресі болды. Ұлттық спортта да жас палуандар белдесіп, жанкүйерлерге нағыз қызықты сайыс көрсетті.

38 келі салмақта белдескен Бахтияров Ерсұлтан жеңімпаз атанды.

«Бүгінгі ойынға дайындалдық, турнир шамамен 30–40 минутқа созылды. 4 жылдан бері қазақ күресімен айналысып жатқандықтан ба, күрес қиын болған жоқ, жеңіл өтті», – деді жас палуан.

Қала күні тек мәдени шаралармен ғана емес, спорттық жарыстарымен де есте қалды. Турнирлер жанкүйерлерге қуаныш сыйлап қана қоймай, жасөспірімдерге тәжірибе мен жаңа серпін берді. Ал жаңа кешендер спорттың дамуына ұзақ мерзімді серпін болары сөзсіз.

Қала тұрғындарының айтуынша, бұған дейін бос тұрған нысандардың спорттық кешенге айналуы – үлкен жетістік.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *