Горняцкий мен Перцевкадағы түйткілдер мен тірліктер
Жаңбыр жауса жол балшық болып, жел тұрса жарық сөнетініне Горняцкий тұрғындары үйреніп кеткендей. Дегенмен, жергілікті әкімдік түйінді мәселелерді шешуге талпынып отыр.
Горняцкий кентінің әкімі Зейнелғабиден Әбілов алғашқы жарты жылдықты қорытындылаған брифингте БАҚ өкілдеріне елді мекендерді абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Ауыл басшысы басты мәселелердің бірі ретінде электрмен қамту саласын атады.

Қазіргі таңда №51 қосалқы станциядан КТП-72 трансформаторлық қосалқы стансасына дейінгі әуе желісіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл желі Горняцкий кентінің барлығын, соның ішінде КТП-65, КТП-66 және КТП-77 нүктелерін электр қуатымен қамтамасыз ететін болады. «Биылдың өзінде Горняцкий кентінің ішінен өтетін барлық желілерді жаңартуға қол жеткіземіз деп үміттенемін», – деді әкім.
Сумен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Инвестициялық бағдарлама аясында шамамен 1,5 шақырым ескі құбыр ауыстырылған. Қазіргі таңда мердігер Дощанов көшесінде жұмыс жүргізіп жатыр, аяқталуға 150 метрдей ғана қалған. Келесі кезекте Сергей Лазо көшесі. «Сумен қамту желілерінің 90 пайызы жаңартылды. Құбырларды ашқанда, шошып кеттік. Құбырлар қайта жөнделмеген, не болмаса ауыстырылмаған екен. Қазір пластик құбырлар орнатылып жатыр, ұзақ жылға шыдайды деп сенемін», – деді Зейнелғабиден Әбілов.
Азаматтар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі – қалдықтар мен қоқыс. Әкімнің айтуынша, Горняцкийде кейбір тұрғындар ескі жиһазды, құрылыс қалдықтарын арнайы орындарға емес, контейнерлердің жанына тастап кетеді. Мұндай қалдықтарды шығаратын арнайы компания бар, бағасы да бекітілген. «Бірақ соған қарамастан, біз бәрібір өзіміз тазалаймыз, жинаймыз. Кейде түнде де шығамыз. Ауыр, әрине. Бірақ тазалап жатырмыз», – деді ол.
Перцевкада асфальт төсеуді қажет ететін үш көше қалған. Негізі дайын, келесі аптада асфальт төсеу жұмыстары басталады.
Горняцкий тұрғындары елді мекеннің инфрақұрылымына қатысты наразылықтарын білдіруде. Басқа ауылдарға қарағанда абаттандыру жұмыстары әлдеқайда әлсіз екендігін айтып шағымданады. «Мұндай сөздерді есту өкінішті, әрине. Бірақ қол қусырып отырмаймыз, мәселені шешуге тырысып жатырмыз» – деді Зейнелғабиден Әбілов.
Әкім Горняцкий мен қала арасын жалғайтын жол мәселесіне ерекше тоқталды. Жаңбыр жауған соң жол балшыққа айналып, жүру мүмкін болмай қалады. Бұл бағыттағы жағдайды жақсарту үшін мердігерлермен келісім жасалған.
Перцевкадағы ауыз су сапасына байланысты да мәселе көтерілді. Әкімнің айтуынша, мектеп маңында жаңа су айдау станциясы орнатылып, сүзгілер қойылған.
«Станциядан су алуға болады. Су скважиналардан келеді. Тереңірек қазылған сайын су сапасы да артады. Жөндеу жұмыстары кезінде арнайы су таситын көлікпен қамтып отырмыз. Кейбір тұрғындар қала жақтан су құбырын тартуды сұрайды, бірақ бұл өте қымбат», – деді ол.
Перцевкада газ, жарық, жол бар. Ең бастысы – тазалық сақталған. Алайда ит мәселесі күрделі күйінде қалып отыр.
«Бұл көбіне тұрғындардың өз жауапкершілігіне байланысты. Иттердің көбі қолға үйренген, үй иттері. Адамдар түнде босатып жібереді. Соның салдарынан бір түнде бірнеше қойға шабуыл жасалған. Ал кейін өздері шағымданып, нақты өтініш бермейді. Бұл бағытта ветеринарлық станция және мердігерлермен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Дегенмен, ит иелерінің саналы көзқарасы маңызды рөл атқарады», – деп түсіндірді әкім.
Оқушыларды Горняцкийден Рудный мектептеріне тасымалдау мәселесі де тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл жөнінде Зейналғабиден Әбілов: «Екі автобус бөлінді, олар шамамен 300 оқушыны төрт мектепке тасымалдайтын болады», – деп жауап берді. Сонымен қатар, кентте мини-орталық ашу бастамасы да қаралған. Алайда ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде тұрғындардың басым бөлігі балалардың қала мектептерінде оқығанын қалайтыны анықталған.
Мал жаю – Горняцкий мен Перцевка үшін бұрыннан өзекті тақырып.
«Алты ескерту берілді. Адамдар малды өз еркімен жібереді, ал бүкіл аумақ қоршалған. Тек Васильевка жақтағы шлагбаум арқылы ғана шығуға мүмкіндік бар. Бұл мәселе көбіне келісіммен шешілуде. Перцевкада біршама жеңілдеу», – деді Зейнелғабиден Әбілов.
Қалдық шығару мәселесі брифингте тағы да қозғалды. Бұл екінші рет көтеріліп отырған тақырып. Әкімнің айтуынша, «L-Trading» компаниясы жұмыс істеп жатыр, негізі проблема жоқ.
«Алайда бір адам тіркеліп, он адам тұратын жағдайлар жиі кездеседі. Рейд ұйымдастыру жоспарымызда бар. Учаскелік полицейлердің тапшылығы білінеді, төртеуі жұмыстан кеткен. Ал мәсле бар: маскүнемдер қоқысты шашып, тұрғындардан шағым түсуде. «Ішімдіксіз ауыл» бағдарламасына қатысуды ұсындық. Игі бастама, кей кәсіпкерлер қолдап отыр, бірақ мәселені көтерсем, өзгелері қарсы шығады», – деді Зейнелғабиден Әбілов.
Әкімнің айтуынша, Горняцкийге апаратын жол тұрғындарды алаңдатқан ең күрделі мәселелердің бірі. Әсіресе көктем мен күзде бұл бағытпен қатынау қиындық тудырады. Әйтсе де, жергілікті билік мәселені түбегейлі шешуге ниетті екенін жеткізді.
Бүгінде Горняцкий мен Перцевка кенттеріндегі жол, көлік, қалдық, білім мен тәртіп мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Бірақ тұрақты бақылау мен тұрғындардың белсенділігі болмаса, қолға алынған шаралардың нәтижесі ұзаққа бармауы мүмкін. Сондықтан әкімдік пен халық арасындағы сенім көпірі нақты әрекеттер арқылы ғана нығая түспек.
Арай АХМЕТ,
суреттерді түсірген Даулет КУЛАТАЕВ
