Мұғалімдер күні қарсаңында тарих пәнінің мұғалімі Жанбота Есентайұлымен сұхбат
Қазан айының алғашқы жексенбісі – білім саласындағы ең ұлағатты мерекелердің бірі. Бұл күні еліміздегі мыңдаған ұстаздар құрметке бөленіп, шәкірттері мен әріптестерінің ыстық ықыласын сезінеді. Себебі «Ұстаз» деген ұлы ат – елдің рухани тірегі, болашақтың бағдаршамы. Ұстаз еңбегі – мәңгілік, себебі ол тек білім ғана бермей, ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп, елдің келешегін қалыптастырады.
Білімнің қадірін түсінген қоғам ұстазға әрдайым айрықша тағзым еткені анық. Шәкіртке дұрыс бағыт көрсетіп, олардың арманын асқақтататын да – осы жаны таза, жүрегі мейірімге толы жандар. Мұғалім еңбегі – көзге көп көріне бермейтін, бірақ өмір бойына жетелейтін ұлы мектеп.
Осы мереке қарсаңында Рудный қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Жанбота Ғисамен сұхбаттасып, оның өмірлік ұстанымы мен шәкірт тәрбиесіндегі тәжірибесін тыңдадық. Ол – саналы ғұмырын жас ұрпаққа арнап, білім мен тәрбие ісінде талмай еңбектеніп жүрген ұстаздардың бірі.

– Жанбота Есентайұлы, ең алдымен кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Мұғалім болуға не нәрсе ықпал етті?
– Рақмет! Шынын айтсам, ұстаздық жолға түсуіме әулетім әсер етті. Отбасымызда мұғалімдер көп. Анам – бастауыш сынып мұғалімі, аға-әпкелерім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Сондықтан мектеп кезінен гуманитарлық пәндерге жақын болдым. Бірақ тарихты таңдауыма 5-сыныптағы алғашқы тарих пәнінің мұғалімі түрткі болды. Сабақты ерекше қызықты өткізетін. Бізді көне дәуірлерге жетелеп, өткенге деген қызығушылықты оятты. Содан бастап тарих – жүрегімнің таңдауы болды. 2015 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне оқуға түсіп, 2019 жылы үздік дипломмен тәмамдадым. Студент кезімде ғылыми жобаларға қатысып, тәжірибемді шыңдадым.
Айта кетейік, 2017 жылы елімізде өткен ЭКСПО – ауқымы жағынан ең ірі халықаралық жобалардың бірі болды. Сол кезеңде Жанбота Есентайұлы да шетелдік қонақтарға арналған үш тілдегі мобильді қосымша әзірлеуге атсалысып, ел тарихы мен мәдениетін насихаттауға үлесін қосқан.
– Кейін осы тәжірибемді дамытып, оқушыларға арналған «Қазақстан картасы» жобасын жасадым. Онда әр облыстың атақты тарихи тұлғалары белгіленген. Мәселен, Қостанайды таңдасаңыз – Ахмет Байтұрсынұлы шығады. Оқушыларға тарихты үйренуді осылайша қызықты етуге тырысамын.
– Сіз үшін мұғалім болу деген нені білдіреді?
– Мұғалім болу – жүректің қалауы. Университеттегі профессорымыз үнемі «Тарих – жүрекпен оқылатын ғылым» дейтін. Сол сияқты ұстаздық та жүректің қалауымен жасалатын мамандық. Егер махаббатпен, ықыласпен істемесең, күйіп кетесің. Бұл мамандық тек табандылықты ғана емес, мейірім мен шыдамдылықты талап етеді. Мен 6 жылдан бері осы саладамын. Алғашқы еңбек жолымды Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Қазанбас ауылындағы мектептен бастадым. Сол жерде үш жыл еңбек етіп, тәжірибе жинадым. 2022 жылдан бастап Рудный қаласындағы №7 мектеп-гимназиясында жұмыс істеп келемін.
– Сабақ беру әдістемеңіз қандай ерекшеліктерге негізделген?
– Қазіргі оқушылар – цифрлық дәуірдің балалары. Олар визуалды ақпаратты тез қабылдайды. Сондықтан мен әр сабақта заманауи технологияларды қосуға тырысамын. Мәселен, бейнероликтер, карталар, интерактивті тапсырмалар, AI қосымшалары арқылы оқушыларды қызықтырамын. 5-сынып оқушыларына тас дәуіріндегі құралдарды суреттермен көрсетіп, көрнекілік арқылы түсіндіремін. Ал 11-сыныпта күрделірек тақырыптарды деректермен, тарихи құжаттармен салыстырамыз. Сонымен қатар, олар ҰБТ-ға дайындалады, сондықтан аналитикалық ойлауға бағыттаймын. Оқушылар тарихқа қызығушылықпен қарайды. Өйткені тарих – тек мектеп пәні емес, ұлттық сана қалыптастыратын іргелі ғылым.
Дегенмен, мұның бәрі бекер емес. Жанбота Есентайұлы шәкірттерінің табысын көргенде бойындағы бар шаршауды ұмытып, қуанышқа бөленетінін жасырмайды: «Әрине, шаршайтын сәттер болады. Бірақ шәкірттің жетістігін көргенде, барлық еңбегің ақталады», – дейді ол көз қуанышына айналған оқушыларын ерекше ілтипатпен еске алып.
– Сіз үшін тарихты оқытудың түпкі мақсаты қандай?
– Ең бастысы – оқушылардың бойында Отанға деген махаббатты қалыптастыру. Менің мақсатым – ғалым тарихшы дайындау емес, елін сүйетін, тарихын құрметтейтін азамат тәрбиелеу. Әрбір бала туған жерінің тарихын білсе, ол болашақта мемлекетке жанашыр болып өседі.
Осы сөздерінен-ақ жас ұстаздың басты ұстанымы айқын аңғарылды. Ол үшін тарих – ұрпаққа өнеге мен рух беретін құндылық.
– Жас ұстаздарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бұл мамандыққа үлкен махаббатпен, жүрекпен келіңіздер. Себебі ұстаздық жол – қиын, бірақ ең қадірлі жол. Егер жүрекпен істесеңіздер, әрбір жетістік бақыт сыйлайды.
Ұстаз – адамзат тарихындағы ең мәртебелі мамандықтың иесі. Өйткені мұғалім болу – тек білім беру емес, ұрпаққа рухани тәрбие, өмірлік бағдар сыйлау. Ғиса Жанбота Есентайұлы сияқты тарихты жүрегімен сүйетін, шәкіртін шын ниетімен тәрбиелейтін ұстаздар барда, ұлттың болашағы да баянды болмақ.
Осы орайда, редакция ұжымы барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтайды!
Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, еңбектеріңіздің жемісін көруден артық бақыт тілейміз. Әр шәкіртіңіз – Сіздердің абыройларыңыздың айғағы, мақтанышыңыз болсын! Ұстаз еңбегі – мәңгілік. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ