Табиғатқа көмектесу – қоқысты сұрыптаудан басталады

№1 мектепте экологиялық мәдениет қалай қалыптасуда?

№1 жалпы білім беретін мектептің басты бағыттарының бірі – экологиялық тәрбие. Өткен жылдан бастап бұл іс қарқын алды. Жоғары және төменгі сынып оқушылары үшін факультатив ретінде экологиялық үйірмелер ашылды. «Жасыл мектеп» экожобасын іске асыруға сертификат ұтып алған соң, мектептің бұл бағыттағы жұмысы одан әрі тереңдей түсті.

«Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында мектебімізде оқушылардың экологиялық санасын арттыруға және қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бастауыш сыныптар үшін «Табиғаттың жас сақшылары», ал жоғары сыныптар үшін «Айналадағы әлем» үйірмесі жұмыс істейді. Тек сенбіліктерге ғана қатыспаймыз, сонымен қатар түрлі экологиялық акцияларға да белсенді қатысамыз. Мәселен, «Екінші өмір сыйла» акциясында, түрлі байқауларда, қайта өңделген материалдардан киім үлгілерін жасауда, экологияға қатысты ғылыми-зерттеу жобаларында бақ сынаймыз», – дейді «Табиғаттың жас сақшылары» үйірмесінің жетекшісі Шолпан Кенжатаева.

«Табиғаттың жас сақшылары» үйірмесінің мүшесімін. Бұл үйірме аясында тек экология мәселелерін зерттеп қана қоймай, табиғатты жақсартуға бағытталған түрлі іс-шараларға қатысуға тырысамын», – дейді 4-ші сынып оқушысы Айлин Ахметова.

«Екінші өмір сыйла» көрмесінің мақсаты – экология, қайта өңдеу және материалдарды қайта пайдалану мәселелеріне назар аударту болды. Ескі, қажетсіз заттардың шығармашылық пен қиялдың арқасында жаңа өмірге ие бола алатынын көрсеткіміз келді», – дейді Мария Ермакова.

Қоқысты қайта өңдеуге жібергенде, адамдардың көп ағаш кеспеуіне, көп руда өндірмеуіне және суды артық шығындамауына жағдай жасаймыз. Бұл – өз затыңа ұқыпты қарағанмен тең, сонда жаңа дүние сатып алудың қажеті болмайды. Өйткені ескіден жаңа зат жасау – оны басынан бастап жасаудан әлдеқайда аз энергияны қажет етеді. Бұл әлдеқайда тез әрі оңай.

«СУ ҚАЛҚАНЫ»: БІРІНШІ ОРЫНҒА ЛАЙЫҚ ЖОБА

Қала көлемінде жыл сайын өтетін «Ұшқан тырналар» байқау-фестивалінде №1 мектептің 4-ші сынып оқушысы, тоғыз жастағы Иван Поддубный мектептің ең қызықты жобаларының бірін ұсынып, бірінші орын иеленді. «Су қалқаны» атты жоба суды ұстап қалу және жинау процесін көрсетеді. Жоба бірнеше су жинақтағыш пен су арнасына артық суды ағызуға арналған құбырдан тұрады. Автордың ойынша, бұл су тасыған кезде суды егістікке бағыттайды.

«Жоба мақсаты – Тобыл өзені мен Қаратомар су қоймасындағы судың үйлер мен ғимараттарды басып қалмауын қамтамасыз ету. Су қоймасының бөгеті суға шыдамай қалуы мүмкін, сондықтан қосымша су жинақтағыштар салу керек. Олар су тасқыны кезіндегі артық суды уақытша сақтауға және қуаңшылық кезеңде пайдалануға арналған арнайы орындар. Егер су қоймасы толып кетсе немесе шамадан тыс су жиналса, суды алқаптарға бағыттайтын құбыр бар», – деп түсіндірді Иван Поддубный.

ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАУ: ТЕОРИЯДАНТӘЖІРИБЕГЕ

Мектептің экологиялық өміріндегі жарқын сәттердің бірі – өткен жылдың 30 қыркүйегінде Рудный индустриалды университетінде өткен экологиялық форумға қатысу болды. Бұл форум белсенді жастарды, мектеп оқушыларын, колледж және университет студенттерін біріктірді. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларын ұсынды. №1 мектептің командасы «Қоқысты сұрыптау» бойынша «Жасыл мектеп» жобасымен жеңімпаз атанды. Оқушылар әзірлеген жоба білім беру мекемелерінде қоқысты сұрыптауды енгізуге бағытталды. Олар әр сыныпта қағаз бен пластикке арналған арнайы жәшіктер қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Нәтижесінде, идея қазылар тарапынан жоғары бағаланып, жоба авторлары оны жүзеге асыру үшін 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды.

«Жобаны іске асыру барысында біз қоқысты сұрыптауға арналған экобокстар сатып алдық. Оларды түрлі қоқыс түрлеріне арнап жинадық және барлық сыныптарға қойдық. Кейбір сыныптарға байланысты жәшіктер екі аптада, ал кейбірінде бір айда толып қалды. Толған кезде біз оларды сұрыптап, қайталама шикізат қабылдау пункттеріне апарып отырдық. Бақылауларымыз бойынша, бұл оқушыларды қоқысты сұрыптауға дағдыландырды. Олар осылайша қала экологиясына көмектесіп, мектеп жасынан бастап табиғатты қорғауға үйренуде», – дейді 11-сынып оқушылары Виктория Витнер мен Антон Ефремов.

Жеңіп алынған сертификатқа 48 экобокс сатып алынды, алайда бұл бүкіл мектепке жетпеді. Әрқайсысының құны шамамен 800 теңге. Кейін оқушылар жинаған екінші шикізаттан түскен қаражатқа жетпеген экобокстарды да сатып алды. Қазір мектепте шамамен 60 жәшік бар.

«Көпшілік қоқысты сұрыптауды қиын іс санайды, алайда бұл біздің планета үшін қаншалықты маңызды екенін түсінгенде, оның қарапайым әрі тиімді іс екенін байқайсыз. Бұл – қоршаған ортаны сақтауға әрқайсымыздың қосар үлесіміздің ең оңай жолы»,-дейді олар.

Сұрыптау арқылы пластик қайта өңдеуге жіберіледі, одан жаңа пайдалы заттар – бөтелке, контейнер, киім, жиһаз тіпті құрылыс материалдары жасалады. Бұл оны қоқысқа тастағаннан әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар, қоқысты сұрыптау – оны өңдеумен айналысатын адамдар үшін жаңа жұмыс орындарын ашады. Ал ең бастысы – бұл балаларымызды да, өзімізді де жауапкершілікке, табиғатты аялауға үйретеді.

География пәнінің мұғалімі, экология үйірмесінің жетекшісі Андрей Иванов жобаның оқушыларға тигізген оң әсерін атап өтті:

«Көптеген оқушылар үйде де қоқысты сұрыптай бастағандарын айтады, пластикалық бөтелкелерді арнайы торларға тастайды. Кабинеттерде тазалық артты. Бұрын оқушы партаның астына тастап кеткен қоқысын, енді сабақ үстінде қол көтеріп, арнайы жәшікке апарып тастайды. Бастауыш сыныптарда контейнерлер екі аптада, ал жоғары сыныптарда бір айда толады. Кейде балалар қоқысты дұрыс сұрыптамай жатады. Ондай кезде экологиялық үйірмелер мен мектеп парламентінің мүшелері қоқысты қайта сұрыптап, өткізуге көмектеседі».

Егер қоқысты сұрыптамаса, ол қоқыс алаңына түсіп, жерді, суды, ауаны ластайды. Ал қайта өңдеу мұны болдырмайды.

Биыл мектеп «ЮНЕСКО» клубына кіруге өтінім берді. Бұл қадам оқушылар мен мұғалімдерге «ЮНЕСКО» бастамалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ басқа да мекемелермен ынтымақтастыққа үлкен мүмкіндік береді.

Оқушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында әртүрлі экологиялық жобалар мен акцияларға белсенді қатысады. №1 мектеп №7 мектеп-гимназиясында ашылған экологиялық құзыреттер орталығымен серіктестік орнатты. Екі мектеп бірлесіп көптеген сенбіліктер ұйымдастырып келеді. Оқушылар бұл шараларға әрдайым өз еріктерімен, қуана-қуана және жарыс көңіл-күйімен қатысып, жұмысты ойын түрінде орындап, кім көбірек жинайтынын анықтап жарысады.

«Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында белсенділік танытып отырмыз. Маңыздысы – аулаға сән беріп қана қоймай, оны үнемі таза ұстап тұру. «Таза Қазақстан» акциясы «Таза аула – таза қала» ұранымен өтуде. Біз әрқайсыңызды табиғатты қорғауға, мектеп аумағында тазалық сақтауға және, әрине, мінез-құлық мәдениетінің жеке үлгісін көрсетуге шақырамыз. Табиғаттың сұлулығы мен тазалығын сақтау үшін бәріміз бірге күш салуымыз қажет», – деп мектеп парламентінің өкілдері жас ұрпаққа үн қатты.

№1 жалпы білім беретін мектептегі экологиялық тәрбие – жай ғана сөз емес, балаларға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйрететін, табиғатқа қамқор болу мәдениетін сіңіретін нақты іс-шаралар. Қоқысты сұрыптау еш қиындығы жоқ, керісінше – аса маңызды іс.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *