Рудныйдағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығының жұмысы туралы
Бұл орталық – Қостанай облысындағы жалғыз мекеме. Мұнда жетім балалар да, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да тұрады әрі білім алады. Барлығы да белгілі бір диагнозы бар балалар, негізінен психикалық дамуының тежелуі немесе жеңіл ақыл-ой кемістігі. Қазіргі таңда орталықта 6 жастан 18 жасқа дейінгі 117 бала тәрбиеленуде.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығына жаңа басшы тағайындалды – Арман Жолтаев. Ол биыл мамыр айынан бері директор қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ұзақ жылдар бойы табысты басшылық жасаған Ирина Дмитриеваның орнына келген.
– Орталықтың басты миссиясы – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеу және оқыту. Республика бойынша мұндай ұйымдар небәрі төртеу: Шығыс Қазақстан облысында, Павлодарда, Абай облысында және Қостанай облысында бар. Директор ретіндегі басты міндетім – балалардың толыққанды дамуына барлық жағдай жасау. Біз олардың білім алу және әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасаймыз, – дейді Арман Жолтаев
Тәрбиелеу үдерісі орталықта мынадай жүйемен ұйымдастырылған: тәрбиешілер таңғы, күндізгі және түнгі болып бөлінеді. Таңғы тәрбиешілер 07:00-ден 09:00-ге дейін балалардың күнделікті таңертеңгі іс-әрекеттеріне көмектеседі. Сосын балаларды мұғалімдерге тапсырады да, сабақ уақыты басталады. Ол 13:30-ға дейін жалғасады. Кейін балаларды негізгі тәрбиешілер қабылдап алып, 20:30-ға дейін олардың жанында болады. Кешке оларды түнгі тәрбиешілерге өткізеді. Осылайша балалар тәулік бойы, 24/7 үлкендердің қарауында болады.
Жазғы кезеңге келсек. Орталықтың өзінің «Орман ертегісі» атты лагері бар. Ол Мендіқара ауданында орналасқан. 15 маусымнан 28 тамызға дейін бүкіл ұжым – тәрбиешілер, медицина қызметкерлері, асхана жұмысшылары түгелдей сонда көшіп барады. Балалар демалып жатқан уақытта интернатта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеу 2007 жылы жасалған. Содан бері жыл сайынғы бюджет есебінен ғимаратты күтіп ұстап келеді. Мәселен, биыл шатырдың бір бөлігі жөнделіп, бірінші қабаттағы есіктер ауыстырылды, өрт қауіпсіздігі жүйесі жаңартылды
Келер жылы заманауи білім стандарттарына сай болу үшін және жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізу мақсатында интерактивті панельдер сатып алу жоспарланып отыр. Қазір орталықта бес интерактивті тақта мен бір панель бар.
–Балалар арнайы бағдарламалар бойынша білім алады. Бұл бағдарламалар олардың ерекшеліктеріне сай жасалады және жалпы білім беретін бағдарламалардан өзгеше. Білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қарай олар да бейімделіп отырады. Бұл – аса маңызды әрі тұрақты назарды қажет ететін процесс. Мәселен, материалдарды жеңілдетеміз, балаларға түсінікті етуге тырысамыз. Бірақ жеңілдетілгенімен, бастысы – балалардың оны меңгеруі, – деп түсіндірді мекеме басшысы.
Арман Болатұлы педагогикалық ұжым туралы да айтты
– Педагогтар құрамы кәсіби тұрғыда өте жоғары деңгейде. Қызметкерлер саны 50-ден асады, оның жартысы – пән мұғалімдері, қалғаны – тәрбиешілер. Бір педагог-шебер, 20-дан астам педагог-зерттеуші, 15 педагог-модератор бар. Ұйымымыз облыстық ресурстық орталық болып саналады. Мұнда педагогтар тек өз ұжымына ғана емес, басқа өңірлердің мамандарына да әдістемелік көмек көрсетеді. Бұл да біздің жұмыстың маңызды бағыты, – дейді спикер.
Орталықтағы білім беру үдерісі 10 сыныпқа есептелген, өйткені балалар ерекше білімді қажет етеді. Биыл 21 түлек оқуын тәмамдап, барлығы Қостанай мен Рудныйдағы колледждерге оқуға түсті. Олардың жартысы Рудныйдағы Жастар үйінде тұрып, колледжде білімін жалғастыруда.
Ұлдар көбіне автокөлік жөндеу, газ-электрдәнекерлеу сияқты қазіргі таңда сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды таңдайды. Қыздар шығармашылық пен қызмет көрсетуге қатысты бағыттарға – шаштараз, тігінші, кондитер, аспаз саласына бейім. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көптеген колледждерге экскурсия ұйымдастырылып, балаларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік берілген.
– Балалардың кәсіби дағдыларды ерте меңгеруі үшін қандай жағдайлар жасалған?
– 2022 жылы қыздарға арналған еңбек кабинеті толықтай жабдықталып, тігін машиналары орнатылды. Бұл кабинет балалардың ерекше қызығушылығын тудырады. Сондай-ақ ұлдарға арналған еңбек сабақтары да бар. Балалар шығармашылыққа негізделген оқытуды бағалайды.
– Барлық тәрбиеленушілер толық жетім бе, әлде әлеуметтік жетімдер де бар ма?
– 117 баланың 25-і ғана толық жетім. Қалған 92-сі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Бұл – ата-ана құқығынан айырылған немесе шектелген, не болмаса бас бостандығынан айырылған ата-аналардың балалары.
– Ата-аналары немесе туыстары жиі келе ме?
– Бар, бірақ көп емес. Кейбір әжелер немерелерін жиі көруге келеді, алайда тұрмыстық жағдайына байланысты өз қолына ала алмайды.
– Балалар үшін ең жақын адамы тәрбиеші болғанына қалай қарайды?
– Өзім бұған дейін қорғаншылық органдарында әлеуметтік педагог болып жұмыс істедім. Сонда байқағаным: қандай жағдай болса да, бала ата-анасына ұмтылады. Олар үшін ата-ана әрдайым бірінші орында тұрады.
Тәрбиешілер балалармен жылы қарым-қатынас орнатуға бар күшін салады. Жай ғана жатақханаларды аралап шықсаңыз, ойын алаңдарында немесе демалыс бөлмелерінде тәрбиешілердің балалармен бірге ойнап, бірге уақыт өткізіп жүргенін көресіз. Мұнда қатаң субординация жоқ. Себебі тәрбиешілер балалармен тәулік бойы бірге, сондықтан ортада достық ахуал орнаған. Егер қандай да бір мәселе туындаса, ол бірден байқалар еді.
Орталықта қосымша білім беретін жеті педагог жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу – үлкен төзімділікті әрі өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді.
– Қазір қандай мамандар қажет?
– Тәрбиешілер және математика пәні мұғалімдері керек. Тәрбиешілердің жетіспеушілігін бар кадрдың арасында жұмыс кестесін бөлісу арқылы жаптық. Мұғалімдерге келсек, лайықты маман табылмаса, сағаттар қолдағы ұстаздардың арасында бөлінеді.
– Орталық базасында Қорғаншы ата-аналар мектебі жұмыс істейді. Оның тиімділігі қандай?
– Қорғаншы ата-аналар мектебі облыстағы жетім балаларға арналған жеті мекемеде ұйымдастырылған. Тиімділігін мынадан көруге болады: біздің мектептен өткен үміткерлер арасында бала қайтару жағдайы тіркелген жоқ. Бұл – дайындықтың сапасын көрсететін маңызды көрсеткіш.
– Осы уақытқа дейін қанша бала отбасына оралды?
– Балаларды отбасына орналастырудың әртүрлі формалары бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат, қабылдаушы отбасы, қонақ отбасы. Асырап алу – ең жауапты әрі саналы шешім. Біз үміткерлерге алдымен қонақ отбасы тәжірибесін ұсынамыз.
Қонақ отбасы формасында білім бөлімі, мекеме және үміткер арасында келісім жасалады. Соған сәйкес бала демалыс күндері немесе каникул кезінде отбасыда уақыт өткізе алады. Бұл кезең – бейімделу үшін қажет. Кейіннен патронатқа өтуге болады. Ал қамқорлықты көбіне туыстары рәсімдейді.
Орталықтағы тәулік бойғы қамқорлыққа қарамастан, балаларды өз бетінше өмір сүруге дайындау мақсатты түрде жүргізіледі. Өзін-өзі күту, тамақ дайындау сияқты қарапайым тұрмыстық дағдыларды үйренеді.
– Алайда қарым-қатынас тұрғысынан алғанда, біздің балаларға қатарластарына қарағанда қиындау. Отбасында өсіп жатқан, мектепке барып, үнемі қоғаммен араласатын балаларға қарағанда, біздің тәрбиеленушілер әлеуметтік байланыстарда көп кедергіге тап болады. Біз оларға бейімделуге көмектесеміз, әлеуметтік дағдыларын дамытуға күш саламыз. Әртүрлі байқауларға қатысу, сапарлар, басқа балалармен қарым-қатынас жасау – осының бәрі пайдалы. Балаларды жабық ортада қалдырмай, мерекелерге аниматорлар шақырып, көңілді іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, рудныйлық колледждер мен «ССКӨБ» АҚ-пен меморандумдарға қол қойылған. Соның аясында экскурсиялар мен түрлі білім беру іс-шаралары өткізіледі, – деді ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығының директоры Арман Жолтаев.
Арай АХМЕТ,
суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

