Жасыл қадамдар: мектеп оқушыларының табиғатқа жанашыр жобасы

№19 мектепте «Таза Қазақстан» бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін №19 мектепте жас ұрпақты табиғатқа құрметпен және жауапкершілікпен қарауға баулитын клуб жұмыс істейді. Бұл клуб – мектеп өмірінің маңызды, әлеуметтік әрі тәрбиелік бағытын ұстанатын ұйым. Оның негізгі мақсаты – оқушылар арасында экологиялық сауаттылықты қалыптастыру, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға және ұқыпты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу.

«Жер амбассадоры» атанған мектептің эко клубы алғашқы қадамдарын қарапайым, бірақ бірдей уақытта маңызды жұмыстардан бастайды. Негізгі мақсаты — қоқыс тастауға қарсы күрес, мектеп ауласын тазарту, қайта өңдеуге арналған заттарды жинау және «екінші өмір сыйлау» арқылы заттардың қайта пайдаланылуын кеңінен насихаттау.

««Таза Қазақстан» акциясы – клуб жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Өткен жылы 5-сынып оқушыларының 16 ата-анасымен бірлесіп, 27 оқушы мен ұстаздар ұжымы бірге жасыл көшеттер отырғыздық. Ұжым болып сенбіліктер ұйымдастырамыз, ағаштар мен көшеттер отырғызамыз. Құстарға ұя жасап, ғылыми жобаларды да экологиялық бағытта жүргіземіз. Жалпы, осылайша балаға жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды тәрбиелейміз», – дейді эко клуб жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Гүлжазира Абдрахметова.

Мұндай сабақтар теориядан тыс, практикалық мәнге ие: әрбір жасалған іс – ұжымдық тәжірибе және болашаққа бағытталған нақты қадам. Клубтың жұмысы мектеп қабырғасында ғана шектелмей, облыстық пен республикалық байқауларға қатысу арқылы да жалғасады.

««Таза қала – сізден басталады» атты байқау нәтижесі бойынша экология және табиғи ресурстар министрлігінен алғыс хат алдық. Оқушыларымыз «Дарын», «Зерде» сайыстарында табиғатқа байланысты жобалар қорғап I орын алып жүр», – деп мәлімдейді клуб жетекшісі.

Мұндай марапаттар – мектеп жұмысының қоғам тарапынан танылғанының дәлелі. Сонымен қатар оқушылар әртүрлі зияткерлік жарыстарда, табиғатқа байланысты жобаларды қорғауда үздік көрсеткіштерге жетіп, жүлделі орындар алып жүр.

«Жасыл» эко клубының жұмысы тек экологиялық тәрбие берумен шектелмейді. Ол оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, қолөнерге баулуға да үлкен үлес қосып келеді. 2018 жылдан бері мектеп қабырғасында белсенді жұмыс атқарып келе жатқан бұл клуб мүшелері мектеп ауласын абаттандыру мен жөндеу жұмыстарына қатысып қана қоймай, түрлі жобаларды да жүзеге асырады. Мәселен, күн энергиясын тиімді пайдалану мақсатында күн жүйесінің макетін жасады, табиғатты қорғау мен құстарға қамқорлық көрсету үшін ағаштан ұя дайындады. Сонымен қатар оқушылар қолөнер арқылы әртүрлі макеттер жасап шықты. Олардың қатарында наубайхана, ипподром сынды шығармашылық туындылар бар.

Бұл жұмыстардың мәні тек әсемдік пен эстетикада ғана емес. Ең бастысы, олар жас буынды ұйымшылдыққа, топпен бірлесіп жұмыс істеуге, жобалық ойлау дағдыларын дамытуға тәрбиелейді. Жасыл клуб осылайша экологиялық біліммен қатар, өмірлік маңызды құндылықтарды дарытып келеді.

Клуб қызметіне жаңадан қосылғандардың бірі – Бердебай Ташмуратов.

«Менің ойымша, клубтың мақсаты – Қазақстанда ластамау, табиғатты сақтау, сол табиғатты сыйлауға үйрету. Табиғатты сүйеміз, сыйлаймыз. Ол біздің міндет», – деп атап өтті ол.

Мұғалім мен ерікті жетекшілердің қатысуы оқушыларға үлгі бола отырып, бастаманың тұрақты дамуына кепілдік береді. Оқушылардың да экологияға ықыласы ерекше.

«Менің бұл топқа қосылудағы басты мақсатым – қоршаған орта жөнінде терең білім алып, табиғатты қорғау ісіне өз үлесімді қосу. Табиғатымыздың гүлденіп, қоршаған ортаның таза әрі жайлы болуын қалаймын. Барлық пәннен үздік оқып, білімге ерекше құштарлықпен қараймын, сондықтан әрбір сабақ мен үшін қызықты әрі маңызды. Жоба аясында шамамен 10–12 оқушы белсенділік танытты. Біз мектеп аумағын абаттандыру мақсатында сенбіліктер ұйымдастырып, айналаны тазарту жұмыстарына қатыстық. Сонымен қатар экология тақырыбындағы байқауларға қатысып, тәжірбиемді кеңейттім. Жастарға айтарым – уақытты бос өткізбеу, әрқашан ілгері қадам басу қажет. Өйткені әрекетсіздіктің жемісі болмайды, ал белсенділік қана жарқын болашққа жол ашады», – деп ойымен бөлісті 7 «А» сыныбының оқушысы әрі клуб мүшесі Анель Алданова.

Мектептің бастамаларының бірі – қоқыс сұрыптау контейнерлерін мектеп алдында орналастыру жоспары. Бұл – нақты және уақтылы бастама. Сұрыптау мәдениетін қалыптастыру арқылы оқушылар үйде де, көшеде де сол қағиданы сақтауға дағдыланады. Мұндай практикалық қадамдар мектеп қоғамдастығы мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты арттырады және қалалық масштабта тазалықты сақтауға ықпал етеді.

Клуб белсенділігін арттырып, арнаулы челлендждер мен акциялар ұйымдастыру арқылы қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударуды мақсат етеді. Бастапқыда оқушылар саны аз болса да, уақыт өте келе қызығушылық артып, белсенді мүшелер саны көбейіп келеді. Бұл – ең маңызды көрсеткіштердің бірі: қоғамның, ата-аналардың және жастардың экологиялық тәлімге деген қажеттілігі бар екенін дәлелдейді.

«2024 жылғы Президент жолдауына сәйкес экологиялық бағытта көп жұмыс жасалды», – деген сөздер клубтың ұлттық деңгейдегі бастамалармен үндес екенін көрсетеді. Мемлекеттік деңгейдегі қолдау мен қоғамдық бастамалар бірігіп, экологияны қорғау ісінде нақты нәтижелер көрсетеді. Бұл – мектеп деңгейінен басталып, облыстық және республикалық масштабқа дейін тарайтын жүйелі әрекеттердің нәтижесі.

Жасыл клубтың тәрбиелік мәні кең. Экологиялық сауаттылық, мәдениетті қалыптастыру, жауапкершілік сезімін дамыту арқасында жас ұрпақ өз ортасына пайдалы, белсенді азамат ретінде қалыптасады. Қоршаған ортаны сақтау – әрбір адамның міндеті екені жиі айтылатын, бірақ нақты іс-шаралар арқылы ғана жүзеге асуға тиіс ұғым. Осы тұрғыдан мектеп ұжымы мен оқушылардың бастамалары қоғамда оң өзгерістер тудыруға қабілетті.

Болашақта мектеп пен клубтың жоспары кең: оқушылардың ғылыми жұмыстары мен жобалық сабақтарын кеңейту, экологиялық байқауларға тұрақты қатысу, қалалық деңгейде тұрақты акциялар ұйымдастыру, сұрыптау контейнерлерін орнату және қоғамда экологиялық сананы күшейту бағытында жаңа тиімді жобаларды іске асыру. Бұл бағытта ата-аналар мен жергілікті билікпен ынтымақтастық орнату – табыстың кепілі.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің «Жасыл» экоклубының жұмысы – бұл тек сенбілік пен көшет отырғызудан ғана тұрмайтын, кешенді тәрбие мен тәртіпті қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді миссия. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асқан бастамалар қоғамның бұрынғыдан да саналы және ұйғарымды әрекет етуінің көрінісі. Әрбір жасалған қадам, әрбір отырғызылған көшет, әрбір жасалған ұя – болашаққа жасалған инвестиция. Ал бұл инвестицияның қайтарымы – таза ауа, сау қоғам және тұрақты даму. Сондықтан да «Таза қала – сізден басталады» деген ұран – бос сөз емес, ол әр азаматтың күнделікті ісімен дәлелденуі тиіс.

«Экологияны қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз. Болашақты, табиғатты, денсаулықты сақтау үшін экологиялық сауаттылықты, мәдениетті, табиғатты қорғауды, аялауды үйренуіміз қажет. Экологиялық тәрбие тек теориялық біліммен шектелмеуі тиіс. Біз оны практикалық іс-шаралар арқылы жүзеге асырып келеміз. Осы мақсатта экология клубының апталық бағдарламасы жасалды. Бағдарлама аясында сенбіліктер өткізіліп, көшеттер отырғызылады, қоқыс сұрыптау тәжірибелері жүргізіледі, шағын зерттеу жобалары мен экологиялық бақылау бекеттері ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқушылардың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастырып, экологиялық дағдылардың күнделікті өмірде орнығуына жол ашады. Әр жобаға пән мұғалімдері, еріктілер, тіпті кейде ата-аналар да жетекшілік етеді. Клуб қызметінің нәтижелілігін анықтау үшін нақты өлшемдер жүйесі енгізілген. Атап айтқанда: іс-шаралардың табиғатқа тигізген пайдасы, қатысушылардың саны, жиналған әрі сұрыпталған қалдық көлемі, отырғызылған көшеттердің өсіп-жетілу көрсеткіші есепке алынады. Бұл тәсіл жүзеге асқан жобалардың тиімділігін айқындауға және келер жылға сапалы жоспар құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Экологиялық тақырыпта эссе жазу, плакаттар әзірлеу, бейнеролик түсіру сияқты жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді», – дейді Гүлжазира Абдрахметова.

Клубтың тағы бір маңызды аспектісі – экологиялық білімді жалпы қоғамға тарату. Мектептегі «Таза Қазақстан» акциялары кезінде жасалған видеолар мен фотоматериалдар әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та көрсетіліп, бұл бастама маңызын күшейтті. «Таза қала – сізден басталады» видеокампаниясы – қоғамға бағытталған нақты коммуникациялық қадам болды.

Клубтың тәжірибесі басқа оқу орындарына үлгі болуда. Қолдан жасалған оқулықтар, практикалық нұсқаулар мен мектеп ішіндегі жетістік үлгілері облыс бойынша семинарларда ұсынылып келеді. Бұл білім беру тәжірибесінің кеңеюіне және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Жобалар келешекте қалалық деңгейде де енгізілсе, қоғамның экологиялық сауаттылығы едәуір артар еді.

Осы бастаманың мәні – әр қатысушының және әр отбасының, әр ұстаздың ықпалымен біртіндеп үлкен өзгерістерге қол жеткізу. Таза Қазақстан – бұл мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың ортақ мақсаты. Мектептің «Жасыл» клубы өз әрекетімен дәл осы жақсылықтың бастауы бола алады.

«Біз оқырмандарды және қоғам мүшелерін мектептерде және аудандарда сұрыптау контейнерлерін орнатуда көмектесу, мектептерге материалдық қолдау көрсету, экологиялық сабақтарға ерікті ретінде қатысу, «Таза Қазақстан» акциясына белсене қосылу және балаларыңызды осындай бастамаларға жігерлендіру сияқты нақты қадамдар жасауға шақырамыз. Әрбір іс – үлкен өзгерістің алғашқы буыны», – деп қорытындылады Гүлжазира Абдрахметова.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің эко клубы – қоғамның экологиялық сана-сезімін көтеруге бағытталған нақты және тиімді бастама. Ол мектеп қабырғасынан басталғанымен, оның әсері кең ауқымды: отбасыдан қоғамға, одан әрі мемлекеттің даму стратегиясына дейін созылады.

Бұл кезде БАҚ ретінде біздің міндетіміз – осы бастаманы қолдап, оны күнделікті өмірде жүзеге асырып, таза Қазақстанның негізін бірге қалауға үлес қосу.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *