“Рудный құрамасы” Jaidarman TOP лигасының финалында

Астана қаласында өткен Республикалық «Jaidarman TOP» жоғары лига ойындарында “Рудный құрамасы” сәтті өнер көрсетіп, маусымның финалдық кезеңіне жолдама алды.
Биылғы маусым “Әдемі маусым” деп аталады. Ойындар үш топ бойынша ұйымдастырылып, барлығы 12 команда бақ сынады. Нәтижесінде бес үздік команда 2 желтоқсанда өтетін финалға жолдама алды.


“Рудный құрамасы” сәлемдесу және көрініс сайыстарында жоғары ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетті. Команда өздерінің әзіл арқылы әлеуметтік және халықтық тақырыптарды шебер жеткізуімен көрермен көңілінен шығып келеді.

Бұл ұжым жайдарман тарихында өз орны бар тәжірибелі команда саналады. Олар бұған дейін 2020, 2021 және 2023 жылдары жоғары лигада 2 және 3 орындарды иеленіп, тұрақты түрде үздіктер қатарынан көрініп жүр.


Ойын барысында Қазылар алқасының құрамында “Тобыл” футбол клубының жаттықтырушысы Асхат Тағыберген болды. Ол “Рудный құрамасының” ойыншысы Юсуф Еламанды “Үздік ойыншы” деп атап, оған арнайы естелік футболка табыс етті.

Команда капитаны Қазбек Нұрғожин тілшімізге берген сұхбатында дайындықтың қарқынды жүріп жатқанын айтты:

“Қазір финалға белсенді дайындық үстіндеміз. Финалдық ойынның ерекшелігі жұлдызбен бірлескен көрініс дайындау қажет. Бұл – біздің соңғы маусымымыз. Облыс бойынша чемпион болуды, Қостанай өңіріне алғашқы чемпиондықты әкелуді мақсат еттік. Финалға қатысу үшін демеушілер қажет, сондықтан Қостанай облысының, Рудный қаласының кәсіпкерлерін серіктестік пен жарнама бағытында ынтымақтастыққа шақырамыз”, – деді ол.

Айта кетсек, биылғы финалдың жүлде қоры 80 миллион теңге, ал 1-орын иегері 50 миллион теңге қаражатына кино немесе сериал түсіру мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар, биылғы ойынға Өзбекстаннан келген команда қатысып, жарысқа халықаралық сипат берді.

“Рудный құрамасы” үшін бұл-үлкен жетістік әрі өңір жастарының шығармашылық әлеуетінің жарқын көрінісі. Алдағы финалда командаға сәттілік тілейміз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *