Мақсат – жазалау емес, ескерту

Алкоголь өнімінің заңсыз айналымын алдын алу мәселесі туралы

Алкоголь – құқық бұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі болып қала береді.  Статистикалық деректерге сүйенсек, қылмыстардың басым бөлігі мас күйінде жасалады. Осыған байланысты Рудный қаласының полиция қызметкерлері аталған көрсеткішті төмендетуге бағытталған профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Сонымен қатар, заңсыз алкоголь айналымына қарсы күреске ерекше назар аударылуда.

Полиция басқармасы азаматтарға еске салады: Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабына сәйкес, алкоголь өнімдерін сату мен тұтынуға қатысты қатаң шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, спирттік ішімдіктерді 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынады, ал этил спиртінің көлемі 30 пайыздан асатын өнімдерді сату тек сағат 12:00-ден 21:00-ге дейінгі уақыт аралығында ғана рұқсат етіледі.

– Осылайша, мұндай алкоголь өнімдерін түске дейін және сағат 21:00-ден кейін сатуға тыйым салынады. Полиция қызметкерлерінің басты мақсаты – жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оның ауыр салдарын болдырмау. Алкогольге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алудағы маңызды бағыттардың бірі – спирттік ішімдіктерді заңсыз сату деректерін анықтау болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша алкоголь өнімдерін тыйым салынған уақытта немесе 21 жасқа толмаған тұлғаларға сату бойынша 26 құқық бұзушылық тіркелген. Ал 2025 жылдың 10 айында мұндай 33 дерек анықталған.

Аталған өсім профилактикалық жұмыстардың күшеюімен байланысты. Мәселен, 2024 жылы қалада 623 қылмыс тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 489-ға дейін азайған, яғни 21,5 пайызға төмендеген. Дегенмен, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде жасалған қылмыстардың үлесі 3,6 пайызға өсіп, биылғы жылы 86 деректі құраған. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Себебі қылмыстардың басым бөлігі дәл осындай масаң күйде жасалады. Біз бұл көрсеткіштерді барынша азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз, – деп атап өтті Рудный қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің орынбасары Ержан Үскінбаев.

– Бұл бағытта қалалық полиция қандай жұмыстар атқарып келеді?

– Биыл қалалық полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» және «Кешен» атты жедел

профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырды. Бұл шаралар ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мен олардың жасалуына жол бермеуге бағытталған. Мысалы, егер белгілі бір тұлғаның қылмыс жасау қаупі байқалса, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен түсіндіру әңгімелері жүргізіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары қабылданады. Сондай-ақ алкоголь өнімдерінің сатылуына қатысты уақыттық шектеулердің сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.

Сонымен қатар, белгілі бір қиындықтар да бар. Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтық санасы мен жауапкершілігі жоғары болған жағдайда, спирттік ішімдіктерді заңсыз сату деректері әлдеқайда азаяр еді. Бұл өз кезегінде алкогольге байланысты қылмыстардың деңгейін төмендетуге сеп болар еді.

Полиция қызметі жергілікті атқарушы органдармен және «АМАНАТ» партиясымен тығыз

ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бірлескен рейдтер бірнеше мәрте өткізілді. Сондай-ақ, қаланың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне бейжай қарамайтын белсенді тұрғындар да бұл іске өз үлесін қосып отыр. Осындай ынтымақты әрекеттердің нәтижесінде құқық бұзушылық деректерін анықтау мүмкіндігі артып келеді.

Қызметімізді заң аясында жүзеге асырамыз. Егер азаматтар қандай да бір дүкенде спирттік ішімдіктердің белгіленген уақыттан тыс сатылып жатқанын байқап, бұл жөнінде жазбаша түрде хабарласа, онда мұндай өтініштер міндетті түрде назарға алынып, тиісті шаралар қабылданады.

– Демек, егер азамат келіп, осы жөнінде арыз жазса, сіздер міндетті түрде оны тексересіздер ғой?

– Азамат тарапынан көрсетілген мекенжайда алкоголь өнімдері сатылады деген мазмұндағы жазбаша өтініш жеткілікті. Бұл талап кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдік сату жағдайларына да қатысты. Кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату заңмен қарастырылған жауапкершілікке әкеледі, алайда ол үшін ресми тексеру бастау қажет. Біздің құзыретімізге мұндай тексерулерді өз бетінше бастау құқығы кірмейді. Мұндай тексерулерді салық органдары, прокуратура немесе төтенше жағдайлар қызметі жүргізе алады. Ал полицияның негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу.

– Қай санаттағы құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі?

– Көбінесе тіркелетін құқық бұзушылықтар – лицензиясыз сауда жасау, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату немесе спирттік ішімдіктерді заңмен белгіленбеген уақытта өткізу деректері. Мысалы, қажетті рұқсат құжаттары мен лицензиясыз алкоголь өнімдерін сату немесе кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактілері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. 2025 жылы осындай тек бір ғана дерек анықталған. Бұл кәсіпкерлердің заң талаптарын жиі сақтай бастағанын, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, алкоголь өнімдерін сатуға қажетті лицензия алатынын көрсетеді. Мұндай мәселелер кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу басқармасының құзыретіне жатады.

Ең жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі – алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат етілмеген уақытта өткізу. Кей жағдайларда тәулік бойы жұмыс істейтін кейбір дүкендер азық-түлік сату сылтауымен түнгі уақытта алкоголь өнімдерін ұсынады. Мұндай жағдайлар арнайы тексеруді қажет етеді. Сондықтан алкоголь өнімдерін сату тек тиісті рұқсат құжаттары болған жағдайда және заңмен белгіленген уақыт аралығында ғана жүзеге асырылуы тиіс.

– Заңсыз сауданы анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар қаншалықты жиі өткізіледі?

– Рудный қаласында бүгінде 9 полиция пункті жұмыс істейді. Сол пункттерге  бекітілген учаскелік инспекторлар дүкендерде спирттік ішімдіктердің заңсыз сатылуын болдырмау мақсатында апта сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып отырады.

Рейд барысында полицейлер сауда нүктелерін аралап, кәсіпкерлермен, сатып алушылармен және тұрғындармен әңгімелеседі. Олар алкоголь өнімдерін сату уақытына қойылған шектеулерді сақтау қажеттігін түсіндіреді. Сонымен қатар, сатушыларға алкогольді сатып алушының жасы 21-ге толғанын жеке куәлік арқылы тексеру міндетті екенін ескертеді. Мұндай түсіндіру жұмыстары құқық бұзушылықтардың алдын алуға айтарлықтай ықпал етеді.

Мысалы, полиция қызметкері дүкен иесіне келіп, спирттік ішімдіктердің 21 жасқа толмаған азаматтарға немесе тыйым салынған уақытта сатылмауын қадағалау қажеттігін ескертеді. Кәсіпкер қызметкерлерімен бұл бағытта нұсқаулық өткізеді. Кейін тәртіп сақшысы бір-екі күннен соң қайта келіп, тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, нәтижесін бағалайды. Әрине, кей жағдайда кәсіпкерлер бұл талаптарға формалды түрде қарайды, алайда заңдылық, тәртіп және «нөлдік төзімділік» қағидаттарын ұстанатын полиция қызметкерлері, сондай-ақ кеудеге тағылған бейнекамералардың көмегімен мұндай бұзушылықтарға көз жұма қарауға жол бермейді. Кейде сатушылар «уақытқа қарамаппын, небәрі 10 минут қана өтіпті» деп ақталуға тырысады. Дегенмен, белгіленген мерзімнен кейінгі кез келген сату – заң бұзушылық.

– Заңсыз сауда фактісі анықталған жағдайда, дүкен иесі мен сатушы қандай жауапкершілікке тартылады?

– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабына

сәйкес, жауапкершілік сатушыға немесе сатып алушыға емес, кәсіпкердің өзіне жүктеледі. Егер алғаш рет заң бұзушылық тіркелсе, кәсіпкерге айыппұл салынып, алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясы бір ай мерзімге тоқтатылады. Ал егер дәл осындай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, кәсіпкер Кодекстің 200-бабының 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады және оның лицензиясы толығымен жойылады. Бұл жағдайда кәсіпкер алкоголь өнімдерін әрі қарай сатып алып, сатуға құқығын жоғалтады.

Рейдтік іс-шаралар кезінде полиция қызметкері дүкеннен шыққан азаматтан не сатып алғанын сұраса, мұны қорқынышпен қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс. Себебі сол қоғамда біздің отбасымыз, балаларымыз, ата-аналарымыз бен достарымыз өмір сүріп жатыр. Біздің мақсатымыз – қаланы барша тұрғын үшін қауіпсіз ету, адамдардың көшеде еркін жүруіне, балалардың мектепке алаңсыз баруына мүмкіндік жасау. Ал спирттік ішімдіктердің сатылу уақыты мен жас шектеулерін реттеу – осы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды шаралардың бірі.

Алайда рейд барысында кей азаматтар ақпарат беруден немесе жеке мәліметтерін ұсынудан  бас тартады. Мысалы, кейде адам дүкенге пакетсіз кіріп, тыйым салынған уақытта қолында пакетпен шығып жатады, ал сұралғанда «алкоголь өзіммен бірге болған, дүкеннен сатып алған жоқпын» деп жауап береді. Мұндай жағдайлар да жиі кездеседі.

– Қалада алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуы жиі тіркелетін аумақтар бар ма?

– Қала аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендер бар, өкінішке қарай, дәл осындай

сауда нүктелері тәуекел аймақтарына жатады. Рейдтік іс-шаралар барысында осындай құқық бұзушылықтар жиі анықталады. Түнгі уақытта жұмыс істейтін кәсіпкерлерге айтарымыз – олар кейде өздері байқамай құқық бұзушылыққа себепкер болып жатады. Мысалы, азамат түнгі уақытта алкоголь сатып алып, мас күйдегі өзге адамдармен жанжалға түсіп, соңы ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Мұның бәрі спирттік ішімдіктің сатылуымен байланысты.

Менің ойымша, жауапкершілікті әрі сатушылар, әрі сатып алушылар тарапынан күшейту

қажет. Себебі жеке кәсіпкер барлық жағдайды толық бақылауда ұстай алмайды. Ол сатушыны жұмысқа аларда оның наркологиялық немесе психиатриялық есепте тұрмағанын тексере алады, бірақ оның адалдығына толық кепілдік бере алмайды. Әрине, кейбір кәсіпкерлер өз дүкендерінде заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда көп жағдайда мәселе сатушылардың салғырттығынан туындайды.

Полицияның басты бағыты – азаматтарды қорғау мақсатында профилактика, алдын алу және құқық бұзушылықтардың жолын кесу. Яғни біздің мақсатымыз – жазалау емес, тәртіп бұзудың алдын алу. Бұрын сатушылар да жауапкершілікке тартылатын, алайда қазіргі таңда бұл міндет толықтай кәсіпкерлердің өздеріне жүктелген. Сол сияқты, кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдіктер сату дерегі тіркелген жағдайда да жауапкершілік тек кәсіпкердің өзіне жүктеледі.

– Егер кәмелетке толмаған жасөспірімге алкоголь өнімдері сатылған жағдай анықталса, ата-аналармен қандай жұмыстар жүргізіледі? Мұндай дерек бір реттік болса да, оның әрі қарай қалай қаралатыны маңызды ғой.

– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабында  ата-аналардың өз міндеттерін орындамауына қатысты кең ауқымды жағдайлар қамтылған. Мысалы, егер кәмелетке толмаған жасөспірімге бірнеше рет әкімшілік хаттама толтырылса, онда ата-аналар бала тәрбиесіндегі өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Сол сияқты, егер бала түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінің ілесуінсіз көшеде жүргені  немесе 22:00-ден кейін көңіл көтеру орындарында болғаны анықталса, бұл да Кодекстің 442-бабына сәйкес ата-аналардың жауапкершілігін туғызады.

Ал егер полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың алкоголь өнімдерін сатып алғанын анықтаса, ол міндетті түрде профилактикалық есепке қойылады. Сонымен бірге, ата-аналар өздерінің тәрбиелік міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *