№5 гимназия экологиялық акцияларды қалай өткізуде
Рудный қаласының мектептерінде экологиялық қозғалыс қызу жүріп, болашақ табиғатты қорғаушылар тәрбиеленуде. Мысалы, №5 гимназияда бұл тек қалдықтарды қайта өңдеудің маңыздылығы жайлы сабақ қана емес. Мұнда планетамыздың тазалығы мен денсаулығы үшін қызықты «шайқас» өтіп жатыр, әрбір оқушы – бағалы жауынгер. Бірақ осы «жасыл армияның/десанттың» жеңіске жетуі үшін тек ынта-жігер мен плакат жеткіліксіз. Дұрыс тәсіл, қызыққан ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ нақты іс-шаралар мен жеке мысалдар қажет.

Бесінші гимназияда экологияға арналған тұрақты конкурстар, акциялар мен іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Мысалы, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында оқушылар көктем мен күз айларында мектеп аумағында сенбіліктерге шығады. Сонымен қатар, гимназистер қалалық «Таза жағалау» экоакциясына да белсенді қатысады. Қаңтар мен ақпан айларында дәстүрлі «Әр құсқа – бір үй» акциясы өтеді: балалар табиғи материалдардан құстарға ерекше қорек беру орындарын жасайды. Қазір мектепте «Күздің сый-сияпаттары» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылған. Барлық іс-шараларға оқушылар мүмкіндігінше тартылуға тырысады. Сондай-ақ, әр сыныпта тұрақты түрде экология тақырыбында сынып сағаттары өткізіліп, әр параллельге өз бағыттары берілген.
«Бізде қалдық материалдан жасалған қолөнер конкурсы бар. Балалар пластикалық бөтелкелер, қақпақтар, қағаз және басқа материалдардан түрлі бұйымдар жасайды. Кейін жұмыстар көрмесі ұйымдастырылады. Мектепте «Қағаз бумы» акциясы өткізіледі, макулатураны жинаумен кітапхана айналысады.
«Бір килограмы – 40 теңге. Дегенмен, нәтиже біртіндеп көрінеді. Жиналған қаражат кітап қорын толықтыруға, сондай-ақ экоакциялар мен іс-шараларға арналған марапаттар мен грамоталарды алуға жұмсалады», – дейді тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Юлия Полякова.
Көп макулатура оқу жылының соңына қарай жиналады, мұғалімдер кабинеттегі артық заттарды мектепке әкеледі. Балалар да бар күшін салып, макулатура жинауда көңілді жарыстар ұйымдастырады, пайдалы істі қызықты ойынға айналдырады. Олар сата алатын барлық нәрсені береді: дәптер, кітап, газета, журнал, картон, орау материалдары.
Кітап қорын толықтыруға ерекше көңіл бөлу үшін жыл сайын 14 ақпанда «Кітапты кітапханаға сыйла» акциясы өткізіледі. Осы тамаша бастама арқылы көп қызықты кітап жинауға болады. Кейде кітаптардың жартысы, тіпті одан да көбі осы акцияның арқасында сөрелерге қойылады.

Сыйлыққа қойылатын талап та бар: кітапхана 2000 жылдан кейін шыққан, балаларға қызықты әрі назар аударатын кітаптарды қабылдайды. Осындай кітаптар ең көп сұранысқа ие.
Әрине, кітапханашылардың басты міндеті – балаларға кітапқа ұқыпты қарауды үйрету. Өйткені кітап – жай ғана қағаз бен сия емес, білімнің кілті, дүниетанымның терезесі. Балалармен жеке әңгімелер өткізіліп, оқулықтар мен көркем әдебиетті күтіп ұстаудың маңызы түсіндіріледі.
Мектепте «Мектеп оқулығын сақтайық» атты арнайы жоба жүзеге асып келеді. Оның мақсаты – балаларға оқулықтарды күтіп ұстауды еске салып, кітапқа деген сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Кітапханашылар тек кітапты таратып қана қоймай, оны қадірлеуді үйретеді. Олар оқулық – жай қағаз емес, бірнеше ұрпаққа қызмет ететін құнды қазына екенін ұғындырады. Ал кітапты сақтаудың басты құралы – скотч. Уақтылы жапсырылған скотчтың арқасында оқулық тағы бірнеше жыл оқушыға қызмет ете алады.
«Балалар кітаптарды біз берген қалпында қайтаруға тырысады. Ата-аналармен және оқушылармен жиі әңгіме жүргізіп, жаңа оқулықтарға ерекше назар аударамыз. Себебі оларды келесі сынып оқушыларына бес-алты жыл бойы сақтау қажет екенін түсіндіреміз. Оқулықтарды тек скотчпен жапсырамыз, өйткені желім ұзаққа шыдамайды. Әсіресе ағылшын және қазақ тілінің үлкен форматтағы, жұмсақ қаптамалы кітаптарымен аса мұқият болу керек», – дейді №5 гимназия кітапханасының меңгерушісі Лимма Талипова.
Төрт жыл бұрын №5 гимназияда «Экологиялық экспресс» үйірмесі құрылды. Қазір онда 3-4 сыныптың 23 оқушысы қатысады.
«Экология – бұл біздің ортақ үйіміз жайлы ғылым. Жер – барлық тіршілік иелерінің мекені, сондықтан бәрі ортақ табиғи заңдарға бағынады. Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Сол себепті балалық шақтан бастап табиғатты аялауға, қорғауға және туған жердің байлығын арттыруға баулу маңызды», – дейді бастауыш сынып мұғалімі, «Экологиялық экспресс» үйірмесінің жетекшісі Татьяна Березий.
Үйірме жетекшісінің айтуынша, балалар экологиялық жобалар жасап, оларды қорғайды және табиғатты қорғау жөніндегі білімдерін тереңдетеді. Осы арқылы оқушылар табиғи ресурстар – бәріміздің ортақ байлығымыз екенін ұғынады. Ал ол байлықты сақтау мен көбейту – әр адамның борышы.
«Экологиялық экспресс» үйірмесінде аптасына бір рет кездесулер өткізіледі. Онда қаладағы экологиялық мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылады. Татьяна Березийдің айтуынша, балалар әсіресе жерді тазалау мен жануарларды қорғау тақырыптарына ерекше қызығушылық танытады.
Үйірме сабақтары тек сыныпта ғана емес, ашық ауада да өтеді. Өткен жылы оқушылар Бурабайдағы Щучье көліне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізсе, биыл «Дискавери Боровое» демалыс кешенінде болды. Сонымен қатар үйірме мүшелері Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи және Великий Устюг қалаларына барып, экологиялық тәжірибелермен танысты.
«Менің ойымша, дәл осы жаста балаларға табиғатты аялауды үйрету өте маңызды. Өйткені олар осы кезеңде табиғатты қорғау, сақтау және қадірлеу керектігін түсініп, оған жауапкершілікпен қарай бастайды. Егер қоршаған ортаңыздың таза болғанын қаласаңыз – бәрін өзіңізден бастаңыз!», – дейді «Экологиялық экспресс» үйірмесінің жетекшісі Татьяна Березий.
«Біздің басты мақсатымыз – балаларды табиғатты аялауға үйрету, қоршаған ортаға қамқор болуға баулу және осы бағытта ой қалыптастыру. Экологиялық іс-шаралардан кейін оқушылар ұран айтып, ән шырқап, туған ел мен қаланың таза болуын тілейді. Үйде де осы тақырыпты жалғастырып, ата-аналармен бірге әңгімелескенін қалаймыз.
Іс жүзінде ата-аналардың барлығы балалардың сенбіліктер мен экоакцияларға қатысуына қолдау білдіреді. Әр сыныпта экологиялық еңбекке жауапты «депутат» бар. Ал мектеп президенті іс-шараларды ұйымдастыру, шығармашылық топтар құру және осы депутаттармен бірлесіп, экологиялық насихат жұмыстарын жүргізеді», – дейді тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Юлия Полякова.
«Жасыл десант» қатарында жоғары сынып оқушылары мен «Экология және еңбек» фракциясының белсенді мүшелері бар. Олар – мектептің экологиялық қозғалысының «жүрегі мен қозғаушы күші». Үлкендер өзінен кішілерге үлгі болып, бастауыш сынып оқушылары арасында табиғатты сүю мен қорғауға бағытталған насихат жұмыстарын жүргізеді.
Кіші сынып оқушылары да экобастамалардан қалыс қалмайды. Олар бояу мен қиялын пайдаланып, табиғатты қорғауға үндейтін жарқын плакаттар салады, бөлме өсімдіктерін көбейтеді, туған өлкенің өсімдіктер дүниесін зерттейді. Бірақ экологиялық қозғалыс – тек сөз емес, нақты іс!
Жоғары сынып оқушылары сенбіліктерге шығып, Рудный қаласының көшелерін, мектеп аумағын, тіпті балалар үйі мен маңайдағы шатқалдарды қоқыстан тазартады. Осы арқылы олар нағыз азаматтық ұстаным танытады. Дегенмен, өздері мойындағандай, бір жылдан кейін кей жерлерде қайтадан қоқыс жиналып қалады – бұл әлі де қоғам назарын қажет ететін мәселе.
Қыста ерекше танымал «Қарды тазалап, алғыс ал!» акциясы өтеді. Жоғары сынып оқушылары күрек алып, мектеп қызметкерлеріне аумақты қар мен мұздан тазартуға көмектеседі. Олар еңбегі үшін тек алғыс қана емес, көтеріңкі көңіл күй де алады. Ең бастысы – бәрі ерікті түрде, шынайы ниетпен жасалады.
Бұл балалар экология – сән үшін емес, өмірдің өз қажеттілігі екенін жақсы түсінеді. Өз үлгісімен өзгелерге шабыт беріп, қоршаған ортаны қорғау – әр адамның парызы екенін дәлелдейді.
Ал енді қоқысқа немқұрайлы қарайтындарға не істеу керек? Бұл сұраққа мектеп парламентінің президенті Дмитрий Классен жауап берді.
«Меніңше, мемлекет тарапынан бақылауды күшейту қажет. Қоқысты ретсіз тастағандар мен қаланы ластағандарға салынатын айыппұлды арттырса дұрыс болар еді. Иә, бұл қатаңдау шара шығар, бірақ басқа амал жоқ. Соңғы үш-төрт жылда қалалық сенбіліктерге қатысып жүрміз, бірақ жыл сайын көшелер қоқысқа толып қалады», – дейді мектеп парламентінің президенті Дмитрий.
Айыппұлды арттыру ең танымал әдіс болмауы мүмкін, бірақ жас көшбасшының айтуынша, ол қоқыс тастайтындарды ойлануға мәжбүр етуі ықтимал.
Дегенмен, экологиялық сананы қалыптастыруды ұмытпау маңызды. Бұл жерде мектептердің рөлі ерекше – олар өсіп келе жатқан ұрпаққа табиғатты дұрыс бағалауды және оған жауапкершілікпен қарауды үйретеді.
«Тәрбие адамның өскен ортасына байланысты. Бұрынғы сыныпта экологияны ұстанатындар көп еді: қоқысты арнайы жәшікке тастайды. Бірақ, үшінші-төртінші сыныпта бұл әдет әлі қалыптаспаған. Сондықтан қазіргі және болашақ ұрпақты дұрыс тәрбиелеу маңызды», – дейді мектеп парламентінің президенті Дмитрий Классен.
Рудный қаласының мектептерінде балаларға экологиялық тәрбие беру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады: оқушылар плакаттар салады, аумақтарды тазалайды, ағаш отырғызады. Барлығы – қаламызда қоршаған ортаға қамқор болу табиғи қажеттілік екенін түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Мектеп парламентінің президенті Дмитрий Классеннің айтуынша, бұл – ұзақ әрі оңай емес жол, бірақ осы бағытта белсенді жұмыс істей берсе, бірнеше жылдан кейін нақты нәтижелерді көруге болады.
Арай АХМЕТ,
суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ