Рудный полициясы қаржылық пирамидалардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді
«Тиімді» криптовалютаға инвестиция салудан бастап, мұқият ойластырылған қаржылық пирамидаларға дейін – алаяқтардың әдістері күннен-күнге күрделене түседі, ал алданған адамдардың шығыны көбейе береді. Күн сайын полицияға оңай табысқа кенелемін деп, жинақтарын жоғалтқан азаматтар хабарласады.
Рудный Полиция басқармасының қылмыстық полиция бөліміндегі мүліктік қылмыстарды ашу бөлімі бастығы Нұрсұлтан Бексұлтанов алаяқтар қалай әрекет ететінін, неге кейде білімді адамдар да олардың айла-шарқына түсетінін және полиция қандай шаралар арқылы тұрғындарды қорғап жатқанын егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Қаржылық пирамидалар көбінесе инвестициялық жобалардың артқы қақпағына жасырылған. Адамдарды өз жинақтарын алтынға, валюта қорларына, криптовалютаға, биткоинге, USDT-ге және басқа да активтерге салуға көндіреді. Алайда көп жағдайда бұл – алаяқтық схемалар. Алаяқтар бастапқыда адамға жоғары пайыз уәде етеді. Кейде олар салынған ақшаны бастапқы инвестициясымен бірге қайтарып, сенімділік иллюзиясын туғызады. Мысалы, бір миллион теңге салсаңыз, 10 күннен кейін 1,5 миллион теңге аласыз деп сендіреді. Осыған сеніп, кейбірі несие алады, мүлкін сатады, отбасы мүшелерін де қатыстыруға мәжбүр болады, ақыры барлығын схемаға салады. Бірақ ақшаны қайтару уақыты жеткенде ол мүмкін болмай қалады. Сол кезде ғана адамдар полицияға хабарлайды, алайда қаражатты қайтару өте қиын.
Қаламызда интернет-алаяқтық басты мәселенің бірі болып отыр. Ақша көбіне шетелге – Украина, Ресей, Беларусь, Грузия, Армения сияқты елдерге жіберіледі. Кейде қоңыраулар тіпті АҚШ-тен, мысалы, Майамиден келіп жатады. Мұндай қылмыстарды жергілікті деңгейде анықтау оңай емес. Күн сайын полицияға интернет-алаяқтардың құрбаны болған 5–6 адам хабарлайды. Мұндай қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Қазір басты міндет – алаяқтықтың алдын алу. Үй-үйді аралап, дәріс оқып, БАҚ-та сұхбат береміз, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ақпарат таратып, тұрғындарды ескертеміз, – дейді спикер.
Интернет-алаяқтардың құрбаны көбіне орта және үлкен жастағы адамдар, әсіресе зейнеткерлер болады. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындарды қорғау мақсатында әлеуметтік чаттар мен мессенджер топтары арқылы белсенді жұмыс жүргізуде.
– Полиция адамдарға алаяқтардың әрекеттері туралы ескертуге тырысады, бірақ олардың схемалары үнемі өзгеріп отырады. Бұл қылмыскерлер өте айлакер, әрекеттерін қарапайым деп айту мүмкін емес. Олар психологиялық әсер ету өнеріне шебер, сенім туғызып, адамдарды қаржылық пирамидаларға инвестиция жасау арқылы оңай табысқа сендіреді.
Адам интернетте, мысалы, TikTok-та жарнаманы көргенде, алдын ала алаяқтар жасаған оң пікірлерді оқиды: «10 күнде миллион таптым», «Алтынға инвестиция жасаңыз» деген сөздер – адастыруға арналған. Құрбандар көбіне қаржылық білімсіз, экономикамен байланысы жоқ әртүрлі мамандық иелері болуы мүмкін. Олар бұл схемаларға сенеді, алаяқтардың құрбаны екенін білмейді.
Алаяқтар табысқа ұмтылған адамға «қармақ» – сенгішті алдау үшін арналған приманка ұсынады. Адам ақша салып, отбасын қаржылық жағынан жақсартуды ойлайды, «Қазір табыс табамыз, несие төлемдерін жабамыз» деп сенеді. Бірақ соңында қаражаты қалмайды, – дейді Нұрсұлтан Бексұлтанов.
– Биткоин туралы атап өттіңіз. Алаяқтар осы схеманы да пайдалана ма?
– Иә, біздің қалада валютамен айналысуға тырысатын адамдар көп. Барлық осындай операциялар Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің бақылауында. Заңды түрде жұмыс істеу үшін лицензия алу, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және басқа да талаптарға сай болу қажет. Алайда көбіне бұл әрекеттер алаяқтықпен қатар жүреді. Адамдар ақша салып, пайда табамын деп үміттенеді: мысалы, криптовалюта арқылы – теңгені долларға немесе биткоинге айырбастайды, криптокошелек ашады, курс ауытқуларынан пайда табуды ойлайды. Бірақ көбіне бұл қаражат жоғалуға әкеледі. Алаяқтық тек криптовалютада ғана емес, басқа салаларда да кездеседі. Сізге «тегін жүк жібереміз» немесе «домофон құрылғысын ауыстырдық» деп хабарласуы мүмкін. Бұл әрекеттердің бәрін жасаушы –алаяқтар. Интернет шексіз, терең. Күн сайын полиция, біздің құрылымдық бөлімді қосқанда, «Кибер қадағалау» арқылы тыйым салынған сайттарды бұғаттайды. Мысалы, 100 сайтты бұғаттадық, олар 1000 жасайды. 1000 бұғатталды – олар 10 000 жасайды. Бұл шексіз күрес, – дейді мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы.
Алаяққа ұрынған әрбір жанға келтірілген материалдық зиян көбіне қалпына келмейді. Мысалы, бір азаматша 44 миллион теңге, екіншісі 51 миллион теңге, үшіншісі 33 миллион теңге жоғалтқан. Бұл адамдардың жинақтары, мүлкі немесе кірістері болуы мүмкін, және әрдайым несиеге байланысты емес.
Алаяқтар құрбаның жеке кабинетіне қол жеткізіп, оның несие әлеуетін, мүлкін, қаржылық тарихын, отбасы жағдайын мұқият зерттейді. Бұл оларға адаммен тиімдірек әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл олардың сендіру, алдау деңгейін күрделендіріп, тиімдірек етеді. Сондықтан адамдар жиі: «Не істеп жатқанымды түсінбедім» деп айтады. Кейде бұл өз әрекетін ақтау немесе қателігін мойындамау әрекеті болуы мүмкін.
– Кейде жақындары қиындықтың алдын алу үшін араласады. Мысалы, бір әйел полицияға келіп, күйеуі шексіз ақша аударып, оны әртүрлі инвестицияларға салуға тырысатынын айтып, көмектесуді өтінді. Біз учаскелік инспекторды жібердік. Бірақ ер адам полицейді формада көргенде телефонмен сөйлесуді тоқтатпай, ақша аударуды жалғастырып қаша бастады. Мұндай жағдайлармен күресу оңай емес. Көп жағдайда полиция банкоматқа жақындап, зейнеткерді тоқтатуға тырысады, алайда кейде қарттар түсінбей: «Бұл менің құқым, мен ақша аударғым келеді» дейді. Біз түсіндіреміз, бірақ сенбейді. Адам полицияны көрсе де, жанында отырған алаяқты байқамайды. Ал алаяқ: «Ешкімге сенбеңіз, біз қаржылық операция жүргізіп жатырмыз» деп сендіреді. Сондықтан адамдар ескертулерге қарамастан, алдау құрбаны болып, ақшасын аударады, – дейді спикер.
Жүйелі түрде «Антиалаяқ», «Hi-Tech», «Anti-fraud» сынды жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Жақында Рудный қаласында азаматтардың телефондарын пайдаланып, олардың банктік шоттарынан ақша аударып жүрген адам ұсталды. Оның қолынан сим-бокс құрылғысы табылды. Ұсталған адам – Ресей азаматы, Орынбор облысынан келген, бұрын сотталған және осы жабдықты өзімен бірге әкелген. Сим-бокс тәркіленіп, әрі қарай тергеу үшін Мәскеуге жіберілген.
Сим-бокс – мобильді нөмірлерді генерациялау немесе ауыстыруға арналған құрылғы. Ол мобильді операторлардың шектеулерін айналып өтуге мүмкіндік береді. Құрылғыға 128 SIM-картаға дейін салынады және жаппай алаяқтық қоңыраулар жасауға пайдаланылады. Алаяқтар қала бойынша сигналды қамтамасыз ету үшін биік қабаттағы пәтерді жалға алады. Тұрақты интернет қажет болғандықтан, жақсы Wi-Fi-ге қосылады. Жабық Telegram-чаты арқылы нұсқаулар алады, бірақ кураторларын көрмейді – олар жасырын атпен жұмыс істейді.
Ұсталған адам ешкімді жеке көрмеген, құрылғыны күтіп ұстау үшін күн сайын 100 доллар аударылып отырған. Дегенмен, ол заңсыз әрекетпен айналысып жүргенін түсінген. Қазір іс Астанаға, Ішкі істер министрлігіне жолданды. Жақын арада соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Көбінесе бұл бас бостандығынан айыруға әкеледі. Қазір ол қамауда отыр.
– Қаржылық пирамидаларды танудың қарапайым жолы бар ма?
– Ең бастысы есте сақтау керек: оңай ақша болмайды. Ақшаны жазбаша келісімсіз немесе сенетін адаммен жеке кездеспей салу – үлкен қауіп. Көп адамдар несие алып, жинақтарын салады, бірақ қаражаттың қайтарылатынына ешқандай кепілдік жоқ. Бұл нақты ақша жоғалтуға әкеледі. Алаяқтар қаражатты жергілікті делдалдарды айналып, бірден халықаралық шоттарға аударады. Ақша, мысалы, Беларуське немесе Грузияға кетеді. Құжаттарда халықаралық шот пен басқа елдің банкі көрсетіледі. Адамдар мұны көрсе де, ақша аударуды тоқтатпайды, сондықтан оны қайтару мүмкін болмайды.
Көптеген алаяқтар дропперлерді – делдалдарды қолданбайды. Себебі адамдар сұрақ қоймай-ақ ақша аударады. Егер дроппер қатысса, оның қаражатын жеке тәртіппен қайтаруға болады. Бұл заңсыз байыту болып саналады және мұндай әрекеттерге жауапкершілік қатаңдатылды. Біз адамдарға үнемі ескертіп, алаяқтардан сақтануды ұсынамыз, әсіресе қаржылық пирамидаларға, оңай табыс уәделеріне және интернет арқылы сауда жасауға қатысты.
Алаяқтар барлық жерде бар. Сатып алу немесе сату мүмкіндігі бар барлық салалар көбіне олар тарапынан «құрып алынған». Зейнет жастағы адамдар әсіресе осал топ ретінде саналады. Олар көбіне наивті әрекет етеді. Мысалы, бізде 72 жастағы, бұрынғы БелАЗ жүргізушісі, алаяқтарға 7,2 миллион теңге аударған оқиға болды. Қызы оны ескертті, бірақ ол сенді, себебі теледидардағы жарнаманы көрген.
– Алаяққа алданған адам адвокатқа жүгінсе, ақшасын қайтарып алу қаншалықты мүмкін?
– Егер екі қатысушы да Қазақстан азаматы болса, қылмыскерлерді анықтау мүмкін болады. Ең тиімді алдын алу – құқық бұзушылықтарды ашу. Егер қылмыстар анықталса, алаяқтар өз әрекеттерінен бас тартады. Өкінішке орай, қазіргі жағдайда мүмкіндіктерімізге қарамастан, мұндай істерді ашу деңгейі төмен. Алаяқтар бейімделіп, жаңа схемалар ойлап тауып, көбінесе шетелде отырып, үлкен ақша табады. Оларды тоқтату өте қиын. Есте сақталған ең үлкен зиян – 51,5 миллион теңге, бір әйел құрбан болған. Биылғы жылдың басынан бері Рудныйда 212 алаяқтық факті тіркелген. Қазіргі таңда алаяқтар өз әдістерін жаңартып, видеороликтер жасап, жоғалтқан қаражатты қайтаруға немесе инвестицияны қалпына келтіруге уәде береді. Бірақ бұл хабарламалардың артында сол бір қылмыскерлер тұр, – дейді спикер.
Нұрсұлтан Бексұлтанов тұрғындарға егер адам ақшасын аударғаннан кейін дереу алданғанын сезіп, банкпен шұғыл байланысқа шықса, қаражатты қайтару мүмкіндігі едәуір артатынын ескертті.
– Ақшаны аударған алғашқы екі-үш минутта қаражат әлі «ауада» болып, банк оны блоктай алады. Бірақ уақыт өтіп кетсе, ақша нақты шоттарға түсіп, оны қайтару өте қиын болады. Біз осы қылмыстармен күресті жалғастырып отырмыз және бір күні оларды жеңеміз деп үміттенеміз. Ол үшін бақылау жүйесін жетілдіру қажет, соның ішінде онлайн-несиелерді реттеу маңызды. Мысалы, кейбір банктер клиенттің несие қабілетін есепке алмай несие береді. Нәтижесінде адам айлық жалақасының өзі ай сайынғы төлемдерді жабуға жетпей қалады. Мұндай мәселелер жүйелі шешімді қажет етеді, – дейді Рудный полиция басқармасының қылмыстық полиция бөліміндегі мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ