Ештен кеш жақсы

Рудныйда тұрмыстық қатынастардағы қылмыс деңгейі 40 пайызға төмендеді

Жастар ресурстық орталығында өткен кезекті дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы – гендерлік зорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері болды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, әлеуметтік қызмет мамандары, азаматтық қоғам ұйымдары мен адам құқықтары саласындағы сарапшылар қатысты.

Басқосу барысында қаралған мәселе – қоғамдағы ең өзекті әрі күрделі түйткілдердің бірі. Гендерлік зорлықты тек бір бағытта шешу мүмкін емес, бұл тақырып кешенді шешімдерді, сондай-ақ әртүрлі сала мамандарының бірлескен әрекетін талап етеді. Қатысушылар алдын алу жұмыстарын күшейту, зардап шеккендерге көрсетілетін көмек сапасын жақсарту және мекемелер арасындағы үйлесімділікті арттыру қажеттігін атап өтті. Жиынның басты мақсаты – өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу арқылы осы бағыттағы жұмыс тиімділігін арттыратын нақты ұсыныстар әзірлеу.
Әңгіме барысында тұрмыстық ортада орын алатын зорлық-зомбылық жағдайларының жиілігі өте жоғары екені айтылды. Отбасындағы дау-жанжалдар кейде құқық қорғау органдарының араласуын қажет ететін деңгейге жетеді.

– Полицияға тіркелген отбасыларға тұрақты түрде барып тұрамыз. Көбінесе жағдай бірдей: ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, төбелес болады, полиция шақырылады, біз оқиғаны тіркейміз. Әйел адам сол сәтте осы адаммен бірге тұрғысы келмейтінін айтады, бірақ ертесі күні эмоциясы басылғанда сөйлесуден қашады. Ал профилактикалық жұмыстар жүргізуге барғанымызда, бізді кіргізбейді немесе әңгімелесуден бас тартады. Көпшілік диалогқа дайын емес. Тек кейбір жағдайларда ғана әйел ашылып, шағымын айтып жатады. Мұндай жағдайдың басты себебі – құқықтық сауаттың төмендігі. Көптеген әйелдер мен қыздар өз құқықтарын білмейді және агрессорға қандай шара қолдануға болатынын түсінбейді. Осындай отбасыларға мүмкіндігінше жиі барып, құқықтарын түсіндіріп, іс-қимыл жолдарын көрсетуге тырысамыз, – дейді Рудный қалалық полиция басқармасының отбасы-тұрмыстық зорлыққа қарсы бөлімше басшысы Оксана Сердюк.

Өткен жылмен салыстырғанда отбасы-тұрмыстық қатынастардағы қылмыс деңгейі 40 пайызға төмендеген. Бұрын 27 дерек тіркелсе, биыл олардың саны 16-ға дейін азайды. Бұл оң өзгеріске әкімшілік баптардың қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылуы әсер етті: тұрмыстық жанжал мен ұрып-соғу үшін жауапкершілік қатаңдады. Биылғы 16 дерек – тергеуі аяқталған істер. Дегенмен кей азаматтар тергеу кезінде «татуласуды» алға тартып, арыздан бас тартады. Жалпы динамика қылмыстың азайып келе жатқанын көрсетеді: былтырғы 27 дерекке қарағанда биыл – 16 дерек тіркелді.

Ауыр қылмыстар бойынша екі адам өлтіру жағдайы тіркелген (өткен жылы – біреу). Денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері 5-тен 4-ке, ұрып-соғу және жеңіл жарақат салу жағдайлары 6-дан 1-ге азайған. Дөңгелек үстел барысында «Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы» КММ-ге қарасты Дағдарыс орталығының жұмыс тәжірибесі таныстырылды. Бұл орталық отбасылық зорлықтан зардап шеккен әйелдерге тікелей көмек көрсетеді. Мекеме мекенжайы — Горняков көшесі, 74 үй. Қорғанысқа және уақытша баспанаға мұқтаж кез-келген әйел жүгіне алады.

Орталықта әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетіледі: психологтық кеңес, заңгерлік көмектер, жұмыспен қамтуға жәрдем және сотқа құжат тапсыру кезінде сүйемелдеу. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмаған балалар да анасымен бірге орналаса алады. Үш мезгіл тегін тамақ беріледі, тұру мерзімі алты айға дейін. Дегенмен кейбір әйелдер бірнеше аптадан соң қайтадан агрессордың қасына оралады, нәтижесінде жағдай қайталанады.

Қызмет полициямен тығыз байланыста ұйымдастырылған. Шақыру түскен сәттен бастап әрекет жылдам жүзеге асырылады: өтініш түнде түссе де қабылданады, қорғаныс нұсқамасы жылдам рәсімделеді. Бұл құжат агрессорға 30 күн бойы зардап шеккен адамға жақындауға немесе байланысқа шығуға тыйым салады. Егер нұсқама талаптары бұзылса, орталық қызметкерлері дереу полиция шақырады. Мұндай тетік қайталанатын зорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, кейбір Еуропа елдерінде, мысалы Германияда, бұл шара одан да қатаң: зардап шеккенді қауіпсіз жерге орналастыру үшін жеке өтініш міндетті емес, көршілердің расталған шағымы жеткілікті.

– Біздің басты мақсатымыз – жағдайға дер кезінде араласып, жәбірленушілерге шұғыл көмек көрсету. Бұл құқықбұзушылықтарды азайтуға және әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Алайда ары қарайғы өмір мен шешім қабылдау – ең алдымен әйелдің өзіне байланысты, – дейді Дағдарыс орталығының әлеуметтік қызмет көрсету маманы Елена Трубникова.
Осылайша, зорлықтың алдын алу және тұрмыстық зорлықтан зардап шеккендермен жұмыс кешенді жүйе болып табылады. Мұнда кризистік орталықтардың жедел көмегі, жастар мен еріктілердің қатысуы және қоғамға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары маңызды. Барлығы әйелдердің көмекке қолжетімді екенін және дер кезінде қабылданған шаралар трагедиялық салдардың алдын алатынын білуіне бағытталған.

– Егер сіз зорлық құрбаны болсаңыз, шыдай бермей, трагедиялық соңын күтпеңіз. Әрдайым кеш болғаннан гөрі, ертерек әрекет ету әлдеқайда дұрыс. Дегенмен бұл көп жағдайда қоғамға байланысты. Қазіргі жастар өсіп келеді, саналары қалыптасып, көбірек түсінікке ие бола бастады. Менің үмітім, қазіргі жас отбасылар агрессияға үйретілмеген жаңа ұрпақты тәрбиелей алады. Мұндай отбасында өсіп келе жатқан балалар зорлықты жат әрі қабылданбайтын нәрсе деп қабылдайды, – деп қорытындылады Оксана Сердюк.

Дөңгелек үстелде қатысушыларға отбасындағы тұрмыстық зорлыққа қатысты қауіп немесе факті туындаған жағдайда қайда жүгінуге болатыны еске салынды: 102 – полиция, «жедел желі» телефондары – 111, 150, 8-771-347-82-87 (WhatsApp).

Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Андрей МУРЗИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *