«Кәсіпорында жағдай тұрақты, дүрбелең жоқ»

«Рудный жылу желілері» кәсіпорнын жекешелендіру тетігі 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен қарастырылатын болады

Жылыту маусымына дайындық, тариф саясаты және кәсіпорынды жекешелендіру мүмкіндігі – «Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Абылкаиров қатысқан брифингтің негізгі тақырыптары болды.

Ол Рудный мен Қашардың тұрғындарын, сондай-ақ Железорудная станциясы мен Горняцкий кентін жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндады.

Дайындық жұмыстарының нәтижесінде бірқатар жылу желілері жаңартылып, 19-шағынауданда жаңа күшейткіш насос станциясы іске қосылды. Бұл маңайдағы үйлердің жылу беру сапасын едәуір жақсартты.

2025–2026 жылғы жылыту маусымына орай кәсіпорын 17,2 шақырым жылу желісін жөндеп, қайта құрды: 6,3 шақырымы – тариф есебінен, шамамен 10 шақырымы – облыстық бюджеттен қаржыландырылды. Бұдан бөлек, 861 метр кварталдық желі жаңартылып, 16,6 мың шаршы метр жол жабыны қалпына келтірілді. Сондай-ақ 4,5 шақырым жерүсті құбырлары қапталып, желілердің тозу деңгейі 54,8 пайызға дейін төмендеді.

– Жылыту маусымы екі айға созылады. Соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша кварталдық және таратушы желілердегі ақаулардың айтарлықтай азайғаны байқалады. Бұл кезеңде 224 ақау тіркелген. Салыстырсақ: 2023 жылы – 571, 2024 жылы – 354 жағдай болған. 2024–2025 жылдары магистральдық желілерде ешқандай ақау орын алған жоқ, тек гидравликалық сынақ кезінде анықталғандары ғана бар. Осы кезеңде барлығы 5 ақау анықталды. Еске сала кетейін, 2023 жылдың 11 айында магистральдық желілерде 61 ақау тіркелген еді, – деп мәлімет берді Олег Абылкаиров.

Қазан–қараша айларында, яғни жылыту маусымы басталғалы бері, кварталдық желілерде 13 ақау тіркелді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2023 жылы – 102, ал 2024 жылы – 101 ақау болған. Бұл көрсеткіш 2023–2024 жылдары магистральдық желілерде атқарылған жұмыстардың нәтижелі болғанын көрсетеді – екінші жыл қатарынан магистральдарда ешқандай ақау жоқ. Биыл кварталдық желілерде жүргізілген жаңғырту шаралары да апат санын азайтуға ықпал етті.

Енді тарифтер туралы. 2025 жылғы 17 қыркүйекте ұлттық экономика жөніндегі вице-премьердің тапсырмасына және 2025 жылғы 23 қазандағы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің шешіміне сәйкес, 2025 жылдың қазан айынан 2026 жылдың наурызына дейін барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызмет тарифтерін өсіруге мораторий енгізілді.

Рудный қаласында 2025 жылға белгіленген тариф 2026 жылға бекітілген тарифтен жоғары болғандықтан, 2026 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін «Рудный жылу желілері» ЖШС 2025 жылғы тарифтерді қолданады. Сонымен қатар тариф төмендетіледі: жылу энергиясын есептегіш құралдары бар тұрғындар үшін – 4,3 пайызға, заңды тұлғалар үшін – 1 пайызға, бюджет ұйымдары үшін – 14,9 пайызға.

Осылайша, мораторий кезеңінде тарифтер өспейді, керісінше кейбір тұтынушылар үшін төмендейді.

– Білуімше, мораторий енгізу туралы шешім инфляцияны тежеу мақсатында қабылданды. Бұл тек жылу желілеріне ғана емес, жалпы барлық коммуналдық қызметтерге қатысты, – деп атап өтті Олег Абылкаиров.

Мораторий мен тарифтердің өзгеруі түбіртектерге қалай әсер ететіні туралы сұраққа жауап берген спикер, төлемдердің төмендеуі әр тұрғынның жеке жағдайына байланысты болатынын түсіндірді: пәтердің көлемі, бөлме саны, есептегіштің көрсеткіштері сияқты факторлар маңызды рөл атқарады.

Оның айтуынша, көпқабатты үйлердің тұрғындары жылуды нақты тұтынған мөлшеріне қарай төлеп жүргендіктен, бір-біріне жақын орналасқан үйлердің өзінде төлемдер арасында айтарлықтай айырмашылық болуы мүмкін. Мұндай айырмашылықтар энергияны үнемдеу деңгейіне тікелей байланысты.

– Жаңа үйлердің бірінде осындай жағдай болған. Ол үйдің коммуналдық төлемі жанындағы үйлерге қарағанда екі есе жоғары шықты. Осыдан кейін депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан комиссиялық тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде жертөледе терезелер ашық жатқан, бітелмеген, жылу батареялары орнатылған, құбырлар оқшауланбағаны анықталды.

Тұрғындар жылуды есептегіштің нақты көрсеткіші бойынша төлейтіндіктен, мұндай кемшіліктер шығынның тікелей өсуіне әкеледі. Нақты соманы айту қиын – ол үйдің қанша жылу тұтынғанына байланысты. Әр үйге жеке есептегіш орнату идеясы адамдарды энергия үнемдеуге ынталандыру үшін енгізілген.

Қазіргі талаптардың бірі – ПИК немесе МИБ төрағалары ай сайын үйдің қанша гигакалория тұтынғаны туралы ақпарат беріп отыруы керек. Бұл көрсеткіштерді көршілес үйлермен салыстыруға мүмкіндік береді. Егер шығын көп болса, себепті анықтап, жертөлелерге қос әйнек орнату, ауа кіретін терезелерді жабу, жертөле мен шатырдағы құбырларды оқшаулау сияқты шараларды қабылдау қажет, – деді «Рудный жылу желілері» ЖШС басшысы.

Журналистер кәсіпорынды жекешелендіру мүмкіндігіне қатысты сұрақ та көтерді.

– Иә, біздің кәсіпорын жекешелендіруге ұсынылған нысандар тізіміне енгізілген. Қазір жекешелендіруге жататын объектілерді айқындау әдістемесін және оны іске асыру тетігін әзірлеу туралы Үкімет қаулысы шықты. Бұл – күрделі де уақытты талап ететін процесс.

Қазіргі кезде «Рудный жылу желілері» порталға шығарылғанымен, бұл жекешелендіру міндетті түрде жүзеге асады деген сөз емес. Заңда белгіленген арнайы рәсім бар, ол әлі қаралу үстінде. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органмен және біздің кәсіпорын мамандарымен бірге қосымша талқыланып, пысықталады. Жекешелендірудің нақты тетігі де сол кезде қаралады. Қаулыда көрсетілген мерзім – 2030 жылға дейін, сондықтан уақыт жеткілікті.

Үкімет әдістемені, тетікті және жекешелендіруге ұсынылатын үлес көлемдерін анықтау бойынша қаулы қабылдады. Бұл толық жекешелендіру болуы мүмкін немесе мемлекеттің бақылаушы пакеті сақталатын нұсқа болуы мүмкін. Бұл мәселелердің бәрі әзірге талқылау кезеңінде, – деді Олег Абылкаиров.

БАҚ өкілдері жекешелендіру мәселесі талқыланып жатқан кезде кадрлардың кетіп қалу қаупі жоқ па деген сұрақ қойды.

– Кәсіпорында ешқандай алаңдаушылық жоқ, өйткені жекешелендіру – ұзақ мерзімді процесс, 2030 жылға дейін жағдай көп өзгеруі мүмкін. Қазіргі таңда бізде 162 қызметкер жұмыс істейді. Айта кетейін, бұл тек Рудныйдағы нысан ғана емес, біз қызмет көрсететін Железорудная станциясы мен Горняцкий кенті де бар. Кадр тапшылығы дерлік жоқ. Негізгі құрам қалыптасты, көптеген қызметкерлер 10, 15, тіпті 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

2023 жылы жөндеу персоналының санын арттырдық: бұрын бес учаске болса, қазір алты. Бұл жазда жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен көбірек атқаруға мүмкіндік берді, тиісінше қаржыны үнемдеп, сол қаражатқа ауқымдырақ жөндеу жүргізуге жағдай жасалды. Жылыту маусымында жеке секторды қамту үшін бригадалар күшейтілді. Бұрын 44 шақырым жылу желісіне тек бір бригада қараған, бұл 2023 жылы қиындық туғызды. Қазір штат толық жасақталған, мамандар жеткілікті.

Жалақыға келсек, ол қала құраушы кәсіпорын деңгейіне жетпесе де, 2025 жылға жоспарланған орташа еңбекақы шамамен 380 мың теңгені құрайды. Бұл, әсіресе 4-разрядты слесарьлар үшін жақсы көрсеткіш. 5-разрядты слесарьлар, дәнекерлеушілер мен арнайы техника машинистерінің жалақысы бұдан жоғары. Біз жыл сайын жалақыны индексациялаймыз. Ол үшін өңірдегі өткен жылдың жылумен қамтамасыз ету саласындағы кәсіпорындарының орташа жалақысы есепке алынады. Осылайша жалақы жыл сайын қайта қаралып, өсіріліп отырады, – деп түсіндірді «Рудный жылу желілері» ЖШС басшысы.

– Соңғы бірнеше жылда Рудныйдағы жылу желілерін жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

– Біз республикалық және облыстық бюджетті бөлек қарап есептемейміз, өйткені республикалық бюджеттен қаржыландырылатын кез келген жобаға облыстың да үлесі кіреді. Жалпы алғанда, 2023 жылдан бастап 2024–2025 жылдардағы жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде, жылу желілерін қалпына келтіруге шамамен 16 миллиард теңге жұмсалды. Бұл қаражат республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінді. Оған қоса, 2023 жылы төтенше жағдай режимі аясында қалалық бюджет есебінен 2,7 шақырым жылу желісі ауыстырылды.

Келесі жылы республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Сондықтан «Рудный жылу желілері» ЖШС екі жобаны жүзеге асыру үшін несиелік қаржыландыру қарастырылған Ұлттық жоба аясында жұмыс істеу жолын таңдады. Екі жоба бойынша құжаттар қазір ТКШ орталығы мен Энергетика министрлігіне жіберіліп, қаралып жатыр.

Бірінші жоба – 28 есептегіш құрылғы орнатуды, жылу камераларын қайта жаңғыртуды, камералар мен павильондардың ішіндегі құбырларды ауыстыруды, сондай-ақ жабу арматурасын жаңартуды қамтиды.

Екінші жоба – бірінші кезектегі жылу магистраліне реконструкция жүргізу. Ол ЖЭС-тен бастап Топорков көшесіне дейінгі бөлікті және Топорков көшесінен сорғы станциясына дейінгі шағын учаскені қамтиды. 80-жылдары салынған бұл жылу желісі 95 пайызға тозған, сондықтан оны жаңарту өте қажет. Жоба аясында ескі құбырларды ауыстырумен қатар, диаметрі 700 мм-ден 800 мм-ге дейін ұлғайтылады. Бұл жаңа салынып жатқан ауданға жетіспей тұрған жылу қуатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бас жоспарға сәйкес, 36, 37 және 38-інші кварталдарда бес және тоғыз қабатты үйлер салу жоспарланған.

– Егер біздің жобалар мақұлданса, жұмыстар 2026 жылы басталып, 2027 жылы жалғасады. Қаржыландыру несие қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Несие  беру мерзімі банктің шарттарына байланысты 8, 10 немесе 12 жыл болуы мүмкін. Бұл шығындар тарифке енгізіледі, соның ішінде жөндеу жұмыстары мен жыл сайынғы 10 пайыздық кредит төлемдері қарастырылған. Яғни, жоба мақұлданса, жаңа шығындарды жабу үшін тариф қайта қаралуы қажет, – деді Олег Абылкаиров.

2020 жылға дейін «Рудный жылу желілері» ЖШС «ССКӨБ» АҚ құрамына кіріп, жеке меншікте болған. ССКӨБ, қала құраушы кәсіпорын ретінде, 90-жылдардан бастап көптеген әлеуметтік нысандарды басқарған: балабақшалар, қызметкерлер үйлері және т.б. Сол кезеңде ЖЭС пен жылу желілерін басқару да ССКӨБ-ға тапсырылған. Дегенмен, мұндай нысандарды ұстау қаржылық тұрғыдан ауыр болып, барлық шығындарды ССКӨБ өз мойнына алған.

2020 жылдан кейін ССКӨБ кез келген жеке кәсіпорын сияқты негізгі қызметіне – окатыш және темір кені концентраттарын өндіруге қатысы жоқ активтерден бас тартуды бастады. Сол кезде «Жылу желілері» мемлекеттік меншікте берілді. Бұл жөндеу жұмыстарын тарифті көтермей, қосымша шығынсыз, бюджет қаржысын пайдалана отырып жүргізуге мүмкіндік берді.

– Сіздің ойыңызша, егер жеке компания басқаруға кірісіп, инвестиция салса, тарифтер көтерілуі мүмкін бе?

– Күрделі сұрақ. Қазіргі кезде нақты ештеңе бекітілмегендіктен, тек гипотетикалық түрде айтуға болады. Егер жеке компания инвестиция салса, бұл қаражат, әрине, тарифке енгізілуі тиіс. Дегенмен, қазіргі уақытта тарифтер тұтынушыларға жүктемені арттырмау үшін шектеліп отыр. Сондықтан мұндай инвестициялар қалай жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз.

Тарифтерді қалыптастыруға қатысты нақты ережелер бар. Кез келген кәсіпорын тарифті бекіту үшін ТМРК-ке өз шығындарын есепке алып, бекітілген әдістемеге сәйкес көрсетуі қажет. Мысалы, жылу желілері мен насос станциялары сияқты негізгі құралдар үнемі инвестицияны қажет етеді. Жыл сайын амортизациялық шығындардан шамамен 1,5 миллиард теңге жөндеуге бөлінуі тиіс, бұл құралдардың құнын сақтау мен арттыруға мүмкіндік береді. Алайда 2026 жылға тарифте тек 225 миллион теңге қарастырылған, бұл қажетті сомадан әлдеқайда аз. Мемлекеттік кәсіпорындар тіпті барлық жөндеу шығынын жаба алмайтын болса, жеке инвестор үшін бұл әлдеқайда қиын болады. Қазіргі таңда жекешелендіруге қатысты ешқандай өтініш немесе материал түспеген. Әдістеме анықталғанымен, осы бағыттағы жұмыстар әлі басталмаған, – деп түйіндеді брифинг соңында «Рудный жылу желілері» ЖШС басшысы.

 

Арай АХМЕТ,

 суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *