Ардақты ардагер Қасымқайыр Дүйсембаевпен сұхбат
Бұл сұхбат – бір адамның ғана емес, бүтін бір дәуірдің естелігі. Қасымқайыр Дүйсембаев еңбек жолын кен өндірісінде бастаған, елге және қаласына 40 жыл адал қызмет еткен ардагер. Биылғы 10 желтоқсан күні 95 жасқа толды. Бұл мерейлі күн Қазақстанның Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанмен бір аптадай уақыт аралығында өтеді. Сондықтан біз бұл әңгімені тек жеке өмірбаян ғана емес, тәуелсіздік пен елді дамытудағы ұрпақтың қосқан үлесінің айғағы ретінде ұсынамыз.
– Қасымқайыр аға, ең алдымен өз өмір жолыңыздан бастасақ. Қай жерде дүниеге келдіңіз?
– Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласына жақын, Шығыс оңтүстік жағында орналасқан ауылдардан бірінде туып-өскенмін. Сол жылы халық шаруашылығын жаңадан ұйымдастырып жатқан кез еді ғой. Бірінші сыныпқа барып, 5-сыныпты 1942 жылдың мамырында бітірдім. Сол жылы соғыс басталып, мектептердің барлығы жабылды. Одан кейін бес жылдай колхозда жұмыс істедім, әртүрлі мамандықтарда. 1945 жылы соғыс біткеннен кейін бізді мектепке жібермеді: колхоз бізден негізгі жұмысшыларды талап етті, сол кездегі жасымыздағы көпшілігіміз жұмыста болдық. Тек 1946 жылы 6-сыныптан бастап оқуымды жалғастырдым. 1950–1951 оқу жылында Өскемен қаласында ашылған Жамбыл атындағы №8 мекеме-интернатында қазақ тілінде оқып, он жылдық білімімді аяқтадым. Содан кейін білім алдым деп қаламай, 1952 жылы Алматыға бардым да, «Қазақ темір кен метал институтына» оқуға түстім.
– Оқудан кейінгі кәсіби жолыңыз қалай қалыптасты?
– 1956 жылы арнайы диплом алдым. Сол жылы маған жолдама беріліп, Соколов – Сарыбай комбинаттарының құрылысын бастап жатқан кезеңге келдім. Қысқаша айтсам, осы жерде комбинаттың құрылысында, одан кейін дамып-өркендеу жолында 40 жыл еңбек еттім. Оның ішінде 15 жылын Сарыбай карьерінде бірінші орында бастап, жылына 20 миллион тонна көлемінде жоспарды орындадық. 1973 жылдың аяғында 15 жылдан кейін комбинаттың бастығының орынбасары болдым да, ары қарай 25 жыл қызмет атқардым. Жалпы, комбинатта 40 жыл еңбек еттім. Мен еңбек жолымды әртүрлі лауазымдардан бастадым: сменщик, учаске бастықтары, горный диспетчер, экскаватор техникасында, кейін басты инженер бөлімдерінде де жұмыс істедім. Бұл – машина-техника, технологияның дамуына куә болған еңбек жолы еді. Мысалы, біз келген кезде экскаваторлар 4 куб метрлік болса, қазір 30 куб метрлік, машиналар бұрынғы 5 тоннадан енді 220 тоннаға дейін көтерілді. Осы технологиялық өсу – жұмысымыздың ерекшелігі.
– Жұмыс барысында қандай қиындықтар есте қалды?
– Қиындық көп болды. Кен жұмысы – қүрылыс, техника, эксплуатация жағынан ауыр сала. Біз бастағанда жер қыртысы беткіде темір рудасы 35 метр тереңдікте болатын, кейін тереңдігі 70 метрге жетті. Бір кезде карьерде жылдық бес миллион тонна өндіру – біздің мақсат болды, кейін кейде 3 миллион шамасында ғана қалып қойған кездер болды. Қай уақытта да капиталдың, технологияның, адамдардың рөлі маңызды. Қазір де темір кенінің маңызы жойылған жоқ – ол болашағы бар сала.
– Қандай марапаттарыңыз бар?
– Марапат көп. 16 жасымда бес жылдықтарды жақсы орындағаны үшін «За добросовестный труд» деген совет медаліне ие болдым. Қазақ мектебін алтын медальмен бітірдім. Комбинатта жұмыс істеп жүрген жылдары түрлі ордендермен, көптеген еңбек мерекелік наградаларымен, сондай-ақ Қазақ КСР-нің еңбек ардагері атағымен марапатталдым. Бұдан бөлек, Рудный қаласының «Құрметті азаматы» атағы бар.
– Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.
– 8-сыныптан бірге оқыған Дина Қабдрахманқызы екеуміз бірге өстік. 1951 жылы бір мектепті бітірдік, бір сыныпта оқыдық. Кейін мен Алматыда оқуымды бітіріп келген соң, 1956 жылы үйлендік. Бізде екі қыз, бір ұл бар. Қазір төрт немереміз, 5-6 шақты шөбереміз бар. Біздің отбасы – қарапайым, еңбекке құрметпен қарайтын ұрпақ.
– Ал Рудный қаласына қоныс тепкеніңізге қанша жыл болды?
– Біз бұл қалаға 1956 жылы келдік. Қала өз атымен 1957 жылы ресми қалыптасқан шығар. Яғни қалаға келгеннен бері 68–69 жылдай болды. Келгенде қала дегеннің өзі болған жоқ: алғашқы жылдары палаталарда тұрдық, жаңадан келіп жатқан адамдармен бірге. Бұл – сол кездің комсомольдық құрылыс жұмысы болатын; барлық Совет Одағынан жас мамандар мен жұмысшылар жиналып келді. Сол кезде бұл комбинат министрліктің де мақтанары, технологиясы дамыған, көптеген инновациялар осы жерде тексеріліп, басқа комбинаттарға тараған. Қазір қала жақсы дамыды: мектептер, гимназиялар, университет бар, тұрғындары 130 мыңға жуық – Қашарды қосқанда. Қаламыз қазіргі күнге дейін өзгеріп, өркендеп келеді.
– Қалаға қоныс аударған уақыттан бері мұнда қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– Біз келгенде қаланың өзі салынып жатқан кезең еді: бастапқыда финландиялық бөлшектелген ағаш үйлер әкелініп тез құрылып, содан кейін біртіндеп инфрақұрылым, фабрикалар салынды. 1957 жылы біз Пионер көшесіндегі екі қабатты, екі бөлмелі пәтерлерді алдық. Сол арадан бастап қала біртіндеп өсіп, 67 жыл ішінде толыққанды қалыптасты. Қазір бұл – әмбебап, қонысқа жайлы, білімге бағытталған қала. 20-дан астам орта мектеп, гимназиялар бар. Газ, жылу жүйелері жақсы дамыған – кей үлкен қалаларда жоқ мүмкіндіктер біздің қалада бар. Біздің қала кеншілер қаласы ғана емес, білім қаласына айналды.
– Бүгінде жастардың ауыр мамандықтарды сирек таңдайды. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?
– Қазір жастарға басқа заманның талаптары, басқа мүмкіндіктер қызықты. Бірақ тау кен жұмысы өте ауыр, қауіпті, төзімділікті талап ететін еңбек. Соған қарап жазушылар да, ақындар да қалам тербемеген, роман жазбаған: бұл саланың қыр-сырын көп адам көрмеген соң жастар тартылмайды. Бұрын транспорт та дұрыс дамымаған, 15 шақырымға жаяу барып-келетін кезеңдер болды. Қазір бәрі өзгере бастады, ол да жастарға әсер етеді.
– Бос уақытыңызда қолыңызға қалам алып, шығармашылықпен айналысасыз ба?
– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылықпен шұғылдандым, өзімді ақынмын деп айта алмаймын, бірақ поэзияға әуеспін. Өзімнің 6 кітабым шықты, барлығы қазақ тілінде. Сол кітаптарды мектептерге, мұражайларға, архивтерге, орталық кітапханаларға, мемлекеттік орындарға таратып бердім. 15-ші мектепте бірнеше рет таныстырылымдар өткіздім. Менің өлеңдерімде Абай, Мұқағали, Қонаев сияқты тұлғаларға арналған салмақты өлеңдер бар. Осы жолмен жастарға поэзия арқылы тәлім-тәрбие беруді жалғастырып келемін.
– 95 жасты қалай қабылдайсыз, бұл жас сізге не берді?
– 95 деген – аз жас емес. Адам қартайған сайын бала сияқты болады, қыңырлау боласың, күтімді көп қажет етесің. Бірақ шүкір, денсаулығым жаман емес. Өмір бойы еңбек еттік, адал жұмыс істедік. Жолдасым екеуміз балаларды оқыттық, жақсы тәрбие бердік. Балаларымыздың қолдауы, мейірімі – бәрі ұзақ өмірге себеп болды. 95 жасқа жету – Алланың берген сыйы. Алда бұйырса, 100-ге де жетермін деп ойлаймын. Өзімнің ойым: 100 жасқа дейін өмір сүріп, ұрпақпен қатар болғым келеді. Мен кетемін деп айтайын деп жатқан жоқпын – денсаулық сақталса, тағы да адамдарға барып, сыр-қиялымызбен бөлісемін.
Қасымқайыр Дүйсембаев тың өмір жолы – осы өңірдің қалай қалыптасқанын, өндірістің қалай өрістегенін өз көзімен көріп, соның бір бөлігі болған адамның тарихы. Оның бастан өткерген кезеңдері қаланың құрылуы, кеңеюі, өзгеруі туралы көп нәрсені аңғартады: жаңа цехтардың ашылуы, өндірістегі алғашқы қиындықтар, жұмыс мәдениетінің орнығуы – бәрі оның өміріндегі нақты оқиғалар арқылы көрініс табады.
– Қорытынды ой, жастарға не айтасыз?
– Жастарға айтарым: еңбек сүйіңдер. Қазіргі заманның барлық дәулеті, технологиясы болса да ең бастысы – адам еңбегі, табандылық, шыдамдылық. Өз мамандығыңа адал бол, істеген ісіңе салмақты қара. Тау-кен ісі сияқты ауыр, қауіпті кәсіптерге бару ерік пен шыдамды талап етеді, бірақ елге қажет мамандықтардың бірі. Сапалы білім алып, арманыңды жүзеге асыру үшін еңбектеніп, төзімді болыңдар.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Андрей МУРЗИН