Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының перинаталдық орталығындағы палаталық медбикемен сұхбат
Ақ халатты абзал жандардың еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ адам өмірі үшін аса маңызды қызмет. Әсіресе, жаңа туған және шала туған нәрестелермен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі еселене түседі. Солардың бірі – Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының перинаталдық орталығында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан палаталық медбике Айгүл Аманқұлова. Оның әрбір жұмыс күні – өмір мен үміттің, үрей мен сенімнің арасындағы күрес.
Айгүл Аманқұлованың медицина саласында жүргеніне жиырма жылдан асыпты. Ал перинаталдық орталықта үздіксіз 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жоғары білімді, жоғары санатты медбике. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Екі жыл бұрын қосымша жоғары білім алып, кәсіби біліктілігін арттырған.
– Негізгі жұмысымыз – жаңа туған және шала туған нәрестелермен жұмыс. Аналармен де тығыз байланыстамыз. Бұл орталықта жүргеніме биыл 12 жыл толады. Қазақстанға көшіп келмей тұрып, Өзбекстанда жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып істедім. Өзім Өзбекстан тумасымын. 2012 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 2014 жылдан бері осы орталықта қызмет атқарып келемін, – дейді ол.
Шала туған балалармен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен төзімді талап етеді. Айгүлдің айтуынша, бұл салада эмоцияға берілмеу, салқынқандылық пен батылдық аса маңызды.
– Шала туған балалар өте әлсіз болады. Алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Олар тәулік бойы мониторингте жатады. Кішкентай, салмағы аз. Аналар да қатты уайымдайды, баламды жоғалтып алам ба деп қорқады. Сол себепті біз тек балаға ғана емес, анасына да қолдау көрсетуіміз керек.
Перинаталдық орталықта медбикелер 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істейді. Күндізгі және түнгі кезекшілік бар. Бала неге жылап жатқанын, қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Сондықтан әрбір қимыл, әрбір өзгеріс жіті бақылауымызда, – дейді медбике.
Шала туған нәрестелер бірден өздігінен еме алмайды. Сондықтан алғашқы кезеңде оларды арнайы зонд (түтікше) арқылы анасының сүтімен немесе арнайы медициналық қоспалармен тамақтандырады.
– Алдымен салмақ қосып, әл жинайды. Содан кейін барып соскаға, одан соң емшекке үйретеміз. Бұл – кезең-кезеңімен жүретін ұзақ процесс. Айлап жатып емделетін балалар да бар. Бұл тез біте қоятын ем емес.
Бөлімде орта есеппен 7–8 бала жатады. Өте шала туған нәрестелер алдымен реанимация бөлімшесіне түседі. Онда олар жасанды тыныс алу аппаратына (ИВЛ – өкпені жасанды желдету аппараты) қосылады. Жағдайы тұрақталған соң ғана екінші кезең – палаталық күтім бөліміне ауыстырылады.
Мысалы, бала 1 келі 200 грамм болып туса, 2 келі 500 грамм салмаққа жеткенде ғана үйіне шығарамыз. Орта есеппен 20–30 күн уақыт кетеді, – деп түсіндіреді медбике.
Соңғы жылдары перинаталдық орталықта медициналық жабдықтар айтарлықтай жаңарған.
– Қазір заманауи инкубаторлар бар. Инкубатор – шала туған бала үшін ана құрсағындай жағдай жасайтын арнайы аппарат. Оның ішінде температура, ылғалдылық, оттегі мөлшері автоматты түрде реттеледі, – дейді Айгүл.
Бұл салада заманауи медициналық аппараттар кеңінен қолданылады. Инфузомат дәріні дәл мөлшермен беруге көмектеседі. Мониторлар баланың жүрек қағысын, тынысын және қанындағы оттегінің деңгейін бақылап отырады. Ал тынысы әлсіз балаларға оттегі концентраторлары қосылып, жылытқыш үстелдер арқылы дене температурасы қалыпты деңгейде ұсталады.
– Кішкентай ғана ауытқу болса, монитор бірден белгі береді. Сол сәтте жүгіріп барып, баланы тексереміз. Аппаратура жеткілікті, әрі жыл сайын жаңарып жатыр, – дейді ол.
Перинаталдық орталықта аналарға да ерекше көңіл бөлінеді. Медбикелер күн сайын аналарға бала күтімі жөнінде кеңес береді.
– Баланы қалай дұрыс емізу керек, қалай жуындыру қажет, массажды қалай жасау керек – бәрін түсіндіреміз. Үйге шыққаннан кейін де не істеу керегін айтып жібереміз.
Баланың денсаулығы үшін ананың да күтімі маңызды. Әсіресе, баланың арасы кем дегенде үш жыл болуы қажет.
Организм демалып үлгермесе, келесі бала шала тууы мүмкін. Сондықтан аналар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек, – деп ескертеді ол.
Айгүл Аманқұлованың пікірінше, медбике болу үшін мейірімділік аздық етеді, батылдық та қажет.
– Практикаға келген жас қыздар кейде қорқып қалады. Шала туған баланың тамыры жіп сияқты жіңішке. Аяп тұрып қалсаң, процедураны жасай алмайсың. Ал ол – баланың өмірі үшін қажет.
Күнделікті жұмыс таңертең түнгі ауысымнан балаларды қабылдаудан басталады. Палаталар тексеріледі, дәрігермен бірге науқастарды қабылдау практикасы жасалады. Белгіленген процедуралар уақытылы орындалады. Құжаттар, журналдар толтырылады. Қазіргі таңда барлық мәлімет компьютерлік жүйе арқылы тіркеледі, – дейді тәжірибелі маман.
Айгүл Аманқұлованың айтуынша, медицина саласындағы бұл қызметтен кету туралы ой оның санасында ешқашан болмаған. Ол өз еңбек жолын дәл осы ауруханамен байланыстырып, осында ұзақ жылдар бойы қызмет етуді мақсат етеді. Қазіргі таңда аға мейірбикенің дублері ретінде де жұмыс атқарып, ол кісі жоқ кезде бөлімнің негізгі міндеттерін өз мойнына алады.
– Шала туған нәрестелердің өмірі үшін күрес – күн сайын жүрекке салмақ салатын, үлкен жауапкершілік пен төзімді талап ететін ауыр жұмыс. Әрбір сәбидің тағдыры алақандағыдай сезілетін бұл салада эмоцияға ерік беруге болмайды. Соған қарамастан, атқарып жүрген еңбегім ерекше қымбат. Мамандығымды саналы түрде таңдадым, бүгінгі күні де сол таңдауым үшін еш өкінбеймін.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ