Рудныйда басқару органдарын жаппай қайта тіркеу басталды: заңға бағынбағандар таратылады
Ағымдағы жылдың 17 шілдесіне дейін барлық ПИТК мен ПИК көппәтерлі үйлерді басқару органдарын қайта тіркеуден өткізіп, өз жұмыстарын заң талаптарына сәйкестендіруі тиіс. Бұл өзгерістер басқару нысанын таңдауға, үйлерді қаржыландыру тәртібіне, міндетті түрде екі шоттың болуына және тұрғындардың ортақ мүлікті басқаруға қатысуына тікелей қатысты.
Осы мәселелер Рудный қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мейірбек Исмағұловтың қатысуымен өткен брифингте талқыланды.
Қазіргі таңда Рудныйда 30 пәтер иелері тұтыну кооперативі (ПИТК) және 29 мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) жұмыс істеп тұр. Қайта тіркеуден барлық басқару органдары өтуі керек.
ПИТК өз жұмысын тоқтатпайды, бірақ атқаратын қызметі өзгереді. Бұрын олар басқарушы орган болса, енді басқару субъектісіне айналады. Ал басқарушы орган ретінде тек екі нысан қалады: МИБ немесе тікелей бірлескен басқару (ТББ).
ПИТК төрағасы енді ПИТК кеңесінің мүшелері арасынан сайланады. Бұл кеңеске әр үйден сайланған үй белсенділері (үйдің үлкені) кіреді. Мұндай қадам шешім қабылдау үдерісін жеңілдетіп, бүкіл тұрғындарды жинап, кворум іздеп әуре болудан құтқарады.
Мейірбек Исмағұлов тұрғындарды жалпы жиналыстарға белсенді қатысуға шақырды. Өйткені заңнаманың өзгеруіне байланысты әр үй өз басқару субъектісін таңдауы қажет. Бұл жиналыстар жазбаша сауалнама түрінде жүргізіледі.
Әр үйде міндетті түрде үй белсендісі (үйдің үлкені) сайлануы тиіс. Ол ПИК кеңесінде өз үйінің мүддесін қорғайды. Бұл қызмет үшін ешқандай әкімшілік немесе қаржылық жауапкершілік жүктелмейді. Тұрғындар өз арыз-шағымдары мен сұраныстарын осы үй белсендісі арқылы жеткізе алады.
– Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына сәйкес үлгілік жарғы бекітілді. Барлық ПИТК осы құжат бойынша қайта тіркеледі. Қалай болғанда да, ПИК басқару субъектісі болып қала береді. ПИК бар ма, жоқ па, оған қарамастан әр үй жазбаша сауалнама немесе тұрғындардың үштен екісі қатысқан бетпе-бет жиналыс өткізіп, басқару нысанын таңдауға міндетті, – деп түсіндірді спикер.
Бір көппәтерлі үйдің екі банктік шоты болуы – заңның қатаң талабы. Шоттардың болмауы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Тұрғын үй қатынастары бөлімі бұл салаға мемлекеттік бақылау жүргізеді.
–Жаңа ереже бойынша әр үй жеке қаржыландырылады. Әр үйдің өз алдына екі шоты болуы шарт: жинақтаушы шот – күрделі жөндеуге, ал ағымдағы шот – күнделікті шығындарға арналған. Әр үй ай сайын өз шотын толтырып, сол ақшаға аула сыпырушының, сантехниктің, электриктің, ағаш шеберінің және басқа да қызметтердің ақысын төлейді, – деді Мейірбек Исмағұлов.
– Тұрғындар өз үйіне қанша қаражат бөлінгенін қалай тексере алады?
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, басқару органдары ай сайын шоттағы ақшаның қозғалысы мен атқарылған жұмыстар туралы есеп беруге міндетті. Есепті подъездерге іліп қоюға, үй чаттарына жіберуге немесе «Е-Шаңырақ» ақпараттық платформасы арқылы таныстыруға болады.
Арай АХМЕТ
Фото Даниила САЕНКО