№2 гимназия шәкірттері заманауи агротехнологияларды іс жүзінде сынап көруде
Естеріңізге сала кетейік, 2 қыркүйекте Рудный қаласында 1200 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылуы өтіп, №2 гимназия сонда көшірілген болатын. Мектепте STEM-зертхана, робототехника кабинеттері, компьютерлік сыныптар, үлкен спорт және акт залдары, асхана, сондай-ақ мамандандырылған кабинеттер ашылды. Олардың қатарында оқушылар өз қолдарымен өсімдік өсіре алатын гидропоника кабинеті де бар.
Гимназия оқушылары өсімдіктерді топырақсыз өсірудің заманауи әдісі – гидропониканы іс жүзінде меңгеріп жатыр. Сабақтар қосымша білім беру форматында өтіп, негізгі оқу жоспарына кірмейді. Сабақтан соң мектеп оқушылары биология және жаратылыстану кабинетіне жиналып, тәжірибелер мен бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Педагогтың жетекшілігімен екі тоғызыншы сынып оқушысы ғылыми-зерттеу сипатындағы жобаға қатысуда. Қыздар өсімдіктердің өсу кезеңдерін тіркеп, нәтижелерін талдап отырады.
– Оқушыларыммен бірге ғылыми жоба әзірлеп жатырмыз. Өсімдіктер толық пісіп жетілген соң, зерттеу нәтижелерін қорытындылап, тиісті деңгейде рәсімдейтін боламыз. Келесі оқу жылында арнайы үйірме ашу да жоспарымызда бар. Әзірге қыздармен сабақтан тыс уақытта жиналамыз. Өскіндерді суару көп уақытты қажет етпейтіндіктен, бұл шаруаны үзіліс кезінде-ақ істейміз. Негізгі еңбекті қажет ететін тұсы – дән егу процесі, оған шамамен екі сағаттай уақыт жұмсаймыз. Ал одан кейін тек жүйенің жұмысын қадағалап, суын дер кезінде ауыстырып тұрсақ жеткілікті, – дейді №2 гимназияның биология пәні мұғалімі Екатерина Малышко.
Оқушылар гидропоника әдісін алғаш рет қыркүйек айында сынап көрді. Сол кездегі алғашқы өнім – түрлі көкөністер ас әзірлеу сабақтарында кәдеге жаратылды. Кейінірек қияр егіп көргенімізбен, ол талпынысымыз күткендегідей нәтиже бере қоймады. Ал қазіргі таңда тез пісетін дақылдарға басымдық беріп, бұршақ пен үрмебұршақ өсірумен айналысып жатырмыз.
– Жобамыз сәтті жүзеге асып келеді. Дән еккеннен кейін санаулы күнде-ақ алғашқы өскіндер көріне бастады, ал бір аптадан соң олардың қарқынды өскені байқалды. Қаңтар айында алғашқы өнімді жинаймыз деген жоспарымыз бар. Одан кейін қызанақ сияқты күтімі күрделірек дақылдарды қолға аламыз, – дейді педагог.
Оқушылар тәжірибе барысында жинақталған деректерді салыстырмалы талдау үшін пайдаланады. Олар өсімдіктердің өсу қарқынын, жай-күйі мен өнімділігін әртүрлі жағдайда салыстырып отырады. Бұл биология пәнінен алған теориялық білімді бекітіп қана қоймай, ғылыми эксперимент жүргізудің, яғни бақылау, нәтижені тіркеу және қорытынды шығарудың қыр-сырын меңгеруге жол ашады.
Тұқым қоры жеткілікті: аскөк, ақжелкен, салат жапырақтары, райхан мен күнзе сияқты көк шөптердің бірнеше түрі бар. Ал көкөністерден қызанақ, бұрыш және қияр егілуде. Мұнда өсімдіктердің ергежейлі де, кәдімгі де түрлерін өсіруге мүмкіндік бар.
Өсімдік өсіру үшін кокос субстраты, гидрогель, орбиздер, мүк және керамзит сияқты әртүрлі негіздер қолданылады. Әдетте безендіру мен аквариумдарда қолданылатын шар тәрізді орбиздердің де тиімділігі жоғары болып шықты: биылғы маусымда оған егілген дән жақсы өніп шықты.
Суару жүйесінің құрамына ерекше мән беріледі: суға арнайы тыңайтқыштар қосылып, қышқылдық деңгейі әр дақылдың талабына сай реттеледі. Мұндай тәсіл өсімдікті топырақсыз-ақ баптауға мүмкіндік береді.
Педагогтың айтуынша, гидропоника өсімдіктің дамуына қажетті жағдайларды толық бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Температура, жарық, қоректік ерітінді мен қышқылдық деңгейі тұрақты қадағаланатындықтан, бұл процесс оқушылар үшін өте көрнекі әрі зерттеуге қолайлы.
– Үлкен гидропоникалық қондырғыда су үздіксіз айналып тұрады, оған қажетті тыңайтқыштар қосылады. Бұл өсімдіктің топырақсыз өсуіне толық жағдай жасайды. Тыңайтқыш мөлшері дақылдың түріне қарай таңдалады. Кейбір өсімдіктерге қышқылды орта қажет болса, кейбіріне сілтілі орта қолайлы. Мұнда тереңдік онша үлкен емес, сондықтан тұқым топыраққа қарағанда тезірек өнеді. Сондай-ақ әр дақылдың жарыққа деген қажеттілігі де әртүрлі. Қондырғыдағы жасанды жарықтандырудың арқасында мұны оңай реттеуге болады. Егер бақшада суару белгілі бір уақытта ғана жүргізілсе, мұнда ылғал үздіксіз беріледі. Өсу қарқынындағы айырмашылық та осыдан туындайды, – деп түсіндіреді биология мұғалімі.
Бұл әдіс өсімдік ауруларының алдын алуға септігін тигізеді, өйткені мұнда зиянкестер мен түрлі зеңдердің негізгі көзі болып табылатын топырақ жоқ. Бұдан бөлек, су жүйе ішінде қайта айналып отыратындықтан, гидропоника дәстүрлі егіншілікке қарағанда суды әлдеқайда үнемді пайдаланады.
Сабаққа қажетті жабдықтарды гимназияны заманауи құрылғылармен қамтамасыз еткен «STEM Academia» компаниясы ұсынды. Қазір мектеп иелігінде бір үлкен және оқыту процесінде қолданылатын бес шағын гидропоникалық қондырғы бар.
Әзірге бұл іспен жоғары сынып оқушылары айналысуда. Болашақта жоба аясын кеңейтіп, бағдарлама бойынша ботаника пәнін оқитын жетінші сынып оқушыларын да тарту жоспарланған.
Мұғалімнің пайымдауынша, гидропоника оқушыларға биологиялық процестерді іс жүзінде тануға, зерттеушілік дағдыларды қалыптастыруға және жаратылыстану ғылымдарына деген құштарлықты оятуға көмектеседі.
Гидропоника білім мен тәжірибені ұштастыруға зор мүмкіндік береді. Бұл әдіс өсімдікті бақылаулы ортада өсіріп, нәтижені тез көруге және дақылдың даму кезеңдерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Оқушылар үшін бұл тек сабақ құралы ғана емес, сонымен қатар өздерін ғылымда сынап көрудің, талдау жасау мен қорытынды шығаруды үйренудің тамаша жолы. Оқытудың мұндай форматы заманауи технологиялардың мектеп зертханасында да қолжетімді әрі тиімді екенін дәлелдеп отыр.
Арай АХМЕТ,
сурет №2 гимназия мұрағатынан