«Біз тек робот емес, логикалық ойлауды құрастырамыз»

Рудныйдағы жас инженерлер қалай қанат қағуда?

Рудный қаласы білім бөлімінің Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі бүгінде тек білім ордасы емес, нағыз инновациялар алаңына айналған. Мектептің STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) бағытын ұстануы оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне даңғыл жол ашып отыр. Осы жолдағы ең ерекше үйірмелердің бірі – 5-6 сынып оқушыларын сиқырлы техника әлеміне баурайтын «Робототехника» үйірмесі.

Жас инженерлердің жұмыс үстеліне үңілмес бұрын, олардың айналысып жатқан ісінің мәнін түсіну маңызды. Жалпы тілмен айтқанда, робот – бұл адамның ауыр жұмысын жеңілдету үшін бағдарламаланған автоматты құрылғы. Ал сол құрылғыны жасау, жобалау және басқаруды зерттейтін ғылым – робототехника деп аталады. Мектеп қабырғасындағы бұл үйірме балаларға осы күрделі әлемнің кілтін ұсынып отыр.

Мұндағы жұмыс барысы нағыз конструкторлық бюроны еске түсіреді: қаз-қатар тізілген ноутбуктер, түрлі деңгейдегі моторлар мен лего бөлшектері. Үйірме жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Балауса Есетова әр сабақты жай ғана дәріс емес, шығармашылық экспериментке айналдыра білген. Ұстаздың бағыт-бағдарымен балалар техника тілінде «сөйлеуді» үйреніп жүр.

Үйірменің белсенді мүшесі Бекнұр Сайранов (5 «Б» сыныбы) дүйсенбі мен бейсенбі күндерін асыға күтеді.

«Мұнда біз миымызды дамытамыз. Мен өз қолыммен машиналар, сейфтер, кран мен лифт жасадым. Маған Легомен жұмыс істеген қатты ұнайды. Болашақта осы саланың маманы болып, робототехникадан сабақ бергім келеді», – дейді Бекнұр нық сеніммен.

Тағы бір жас өнертапқыш Досхан Бердіғұжинов роботтардың техникалық сипатына терең үңіледі.

«Біз күнделікті әртүрлі дүниелер жасап үйренеміз: қар тазалағыш, бульдозер, жедел жәрдем көлігі. Мысалы, мен жасаған сейф мотор арқылы жұмыс істейді, қуатты USB немесе батарейкадан алады. Бұл өте күшті! Мен де болашақта робототехника мұғалімі болғым келеді».

Ал Нұрәлі Мәлік бұл үйірме туралы ғаламтордан біліп, өз бетінше қызығушылық танытқан. Ол пластмасса, темір бөлшектер мен моторларды құрастыра отырып, күрделі лифт пен бульдозерлерді өмірге әкелуде. Нұрәлі қиналған сәтте ұстазы Балауса апайының әрдайым көмекке келетінін айтады.

«Бұл үйірме туралы ақпаратты ғаламтордан көріп, бірден жазылдым. Ұстазымыз Балауса Есетова бізге әрдайым қолдау көрсетіп, түсінбеген тұстарымызды егжей-тегжейлі түсіндіреді. Робототехника саласы маған қатты ұнайды. Бұл қызығушылығым кішкентай кезімдегі лего жинауға деген құштарлығымнан басталған сияқты. Сондықтан мұнда күнде келіп, жаңа дүниелерді құрастыруға дайынмын», – дейді ол.

Рудныйлық өрендердің бұл қадамдары – үлкен болашақтың бастауы. Робототехника үйірмесі балалардың жай ғана уақыт өткізетін орны емес, бұл – математика, физика және инженерия заңдылықтарын іс жүзінде қолданатын шыңдалу мектебі. Кім біледі, бәлкім, ертең ел экономикасын алға сүйрейтін бірегей жобалар дәл осы 5-сынып оқушыларының қолынан шығар?

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *