Рудныйда мектеп тапшылығы бар ма? Білім бөлімінің басшысы өзекті сұрақтарға жауап берді
Білім – кез келген қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тірегі. Рудный қаласында бұл сала соңғы жылдары жүйелі түрде жаңарып, инфрақұрылымы кеңейіп, заманауи талаптарға бейімделіп келеді. Жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, білім беру ұйымдары жаңғыртылуда. Сонымен қатар, педагогтерге қойылатын талаптар да күшейді. Осы орайда біз Рудный қаласы білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаевпен әңгімелескен едік.
– Бүгінгі таңда Рудный қаласында 20 мектеп жұмыс істейді. Аталған білім беру ұйымдарында 16 629 оқушы білім алуда. Соңғы жылдары оқушылар санының тұрақты өсімі байқалады: жыл сайын орта есеппен 50-ден 100 балаға дейін артып келеді.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да жағдай тұрақты. Қалада 16 мемлекеттік және 7 жекеменшік балабақшада мемлекеттік тапсырыс аясында 3 845 бала тәрбиеленуде. Балабақшалардың жалпы сыйымдылығы 3 974 орынды құрайды, – дейді Темірхан Жайлыбаев.
Соңғы екі жылда қалада 365 орындық екі жекеменшік балабақша ашылды. Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап «Калинка» жекеменшік балабақшасында 64 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖҮКТЕМЕНІ АЗАЙТУ
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Рудныйдағы мектептер мен балабақшалар желісі «Алматы қағидаттарын» ескере отырып қалыптастырылған және негізгі тұрғын аудандардың барлығын қамтиды.
– Жалпы қала бойынша білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етілу деңгейі жеткілікті болғанымен, белсенді тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан кейбір шағын аудандарда мектептер мен балабақшаларға түсетін жүктеме жоғары күйінде қалып отыр. Бұл мәселе білім бөлімінің тұрақты бақылауында.
ERG компаниясының қолдауымен пайдалануға берілген 1200 орындық жаңа мектептің арқасында мемлекеттік тілде оқытатын №13, №14 және №15 мектептерге түсетін жүктеме айтарлықтай азайды. Сонымен қатар, жуық арада «Келешек» мектебінің іске қосылуы жоспарланып отыр. Бұл білім ордасы №7 және №19 мектептердің толымдылығын төмендетуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді спикер.
Қазіргі таңда қалада оқушы орындарының тапшылығы байқалмайды. 20 мектептің жалпы жобалық қуаты – 17 775 орын, ал нақты оқып жатқан балалар саны – 16 629.
«КЕЛЕШЕК» МЕКТЕБІ ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ
– 2025 жылы қаладағы 8 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал ЦУМ ауданында орналасқан «Келешек» мектебі жақын арада жұмысын бастайды. Бұл нысан оқу жағдайын жақсартуға, сыныптардың толымдылығын азайтуға және шағын аудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.
КАДР МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ЖАС МАМАНДАРДЫ ҚОЛДАУ
– Бүгінде Рудный қаласының білім беру жүйесінде 1700-ден астам педагог еңбек етеді. Оның ішінде мектептерде – 1278 мұғалім, балабақшаларда – 375 педагог, қосымша білім беру ұйымдарында – 64 маман бар. Педагогтердің 83,2 пайызы жоғары білімді, ал сапалық құрам көрсеткіші 53,5 пайызды құрайды. Барлық білім беру ұйымдары лицензия талаптарына сәйкес кадрлармен қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге, қалада математика, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері және педагог-психологтар қажеттілігі бар. Бұл мәселе мектеп ішіндегі жүктемені қайта бөлу және бос орындарды жабуға бағытталған іс-шаралар арқылы шешілуде.
Жас мамандарды қолдау – басым бағыт. 2025 жылы қала мектептеріне 22 жас маман қабылданды. Олардың кәсіби бейімделуі мен эмоционалды тұрақтылығы үшін тәжірибелі кураторлар бекітілген. Екі жылдық еңбек өтілінен кейін педагогтер аттестаттаудан өтіп, «педагог-модератор» санатымен жалақыларына 30 пайыз үстемақы ала алады.
ЖЕТІСТІКТЕР
Рудный қаласының білім саласы соңғы жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 2025 жылы республикалық пәндік олимпиадаларда мына оқушылар жүлделі орындардан көрінді: Арина Қарасатова – құқық негіздері; Гимилье Гортун – орыс тілі мен әдебиеті; Никита Загортнев – география.
Халықаралық деңгейде Эвелина Беспалова ғылыми-зерттеу бағыты бойынша 2-орын иеленді. Сонымен қатар, облыстық қысқы спартакиадада – 3-орын, жазғы спартакиадада 2-орын алынды.
2025 жылғы пәндік олимпиадалар қорытындысы бойынша мектептердің қатысу рейтингіне сәйкес, Рудный қаласының №10 гимназиясы Қазақстанның ТОП-100 мектебінің қатарына енді. Сол жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі академиялық және әлеуметтік көрсеткіштер негізінде еліміздің 100 үздік мектебін анықтап, олардың қатарына №4 мектеп-лицейі мен Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясын қосты.
Қалада балаларға арналған қосымша білім беру жүйесі де белсенді дамып келеді. Қазіргі уақытта көркемсурет мектебі, Шығармашылық сарайы, балаларды тәрбиелеу және сауықтыру кешені (қалада 9 аула клубы жұмыс істейді, оның ішінде Горняцк және Қашар кенттерінде) жыл бойы балаларды қамтып отыр.
Жалпы білім беретін мектептер базасында 264 үйірме мен 84 спорт секциясы жұмыс істейді. Қосымша біліммен қамтылған балалар саны 14 000-нан асады, бұл барлық оқушылардың 87,31 пайызын құрайды. Барлық секциялар тегін ұсынылады.
Мұғалімлердің кәсіби дамуы да жүйелі түрде ұйымдастырылған. Жыл сайын білім беру ұйымдары біліктілікті арттыру курстарына қажеттілікті анықтап, сұраныс облыстық білім басқармасы арқылы министрлікке жолданады.
– Педагогтер мемлекеттік тапсырыс және басқа да көздер есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өте алады. Бұл бағытта Педагогикалық шеберлік орталығы (Қостанай), «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және басқа ұйымдармен тығыз жұмыс істейміз. 2025 жылы мектепке дейінгі ұйымдардың 121 педагогі, мектептердің 338 педагогі пәндік бағыттар бойынша біліктілік курстарынан өтті. Егер тұрғындарда білім беру саласына қатысты кез келген мәселе туындаса, 4-65-17 нөміріне хабарласа алады, – деп қорытындылады сөзін Темірхан Жайлыбаев.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ