Еңбегі көптің өнбегі көп

13 жыл еңбек еткен абаттандырушының бейнеті қалайша зейнетке ұласты?

Кез келген шаһардың мәдениеті мен әлеуметтік деңгейі оның зәулім ғимараттарымен ғана емес, ең алдымен көшесінің тазалығымен, аумағының абаттандырылуымен өлшенеді. Алайда осы тазалық пен тәртіптің артында қандай еңбек тұрғанын көп жағдайда ескере бермейміз.

Бұл – таңмен таласа тұрып, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамай, қолына сыпырғышы мен күрегін алған жандардың маңдай тері. Бүгінгі мақаланың кейіпкері – Рудный қаласының ажарын айшықтап жүрген, «Рахат — 2018» ЖШС-де ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан абаттандыру жұмысшысы Айнагүл Ташетова.

Ол Рудный қаласына 2004 жылы қоныс аударған. Бүгінде ол қаланың әр көшесін, әр бұрышын жатқа біледі. Абаттандыру саласында еңбек етіп келе жатқанына биыл 13 жыл толып отыр.

«Мен бұл салаға 2013 жылы келдім. Ол кезде мекемеміз «Рахат» ұйымы болатын. 2018 жылы қайта құрылып, «Рахат — 2018» ЖШС атанды. Сол уақыттан бері осы ұжымның бір мүшесімін. Ұжыммен бірге өсіп келемін десем болады», – дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, жұмыс күні таңғы сағат 8:00-де басталады. Әуелі басшылық нақты тапсырмаларды бөліп береді. 80-нен астам қызметкер қала аумақтарына бөлініп, әрқайсысы өзіне бекітілген көшенің тазалығына жауап береді. Ленин көшесі, Комсомол даңғылы және өзге де орталық магистральдар мен шағын аудандар кезең-кезеңімен ретке келтіріледі.

«Бізге қай аумақ бекітілсе, сол жер толықтай біздің жауапкершілігімізде. Көшені сыпырамыз, бордюрларды тазалаймыз, аялдамаларды қараймыз. Қала таза болуы үшін әр бөлшек маңызды», – дейді Айнагүл.

Абаттандыру жұмыстары мезгілге қарай өзгеріп отырады. Көктем мезгілі – қарбалас кезеңдердің бірі. Қыс бойы жиналған қалдықтарды тазалау, сырлау, әктеу жұмыстары қатар жүреді.

«Көктемде алдымен көшелерді толық тазалап шығамыз. Бордюрларды жуып, әктеуге дайындаймыз. Ағаштарды әктейміз, аялдамаларды ескі жарнамалардан тазартып, сырлаймыз. Қала қыстан кейін жаңарып шығуы керек. Соған бар күшімізді саламыз», – дейді ол.

Қыс мезгілі – нағыз сын сағаты. Қар қалың жауған күндері жұмыс көлемі еселеп артады.

«Боран соққанда техника көмектеседі, бірақ аялдамалардың ішін, тар жаяу жүргіншілер жолдарын қолмен тазалаймыз. Алдымен орталық көшелерді ашамыз, кейін қалған аумақтарға көшеміз. Қыста жұмыс ауырлау, бірақ үйрендік. Дегенмен, ұйымымыз уақытында керек жарақ пен киіммен қамтамасыз етеді. Мысалы, қыста жылы күртеше, жарық шағылыстыратын жилет аламыз. Құрал-сайман жеткілікті. Жағдайымыз жасалған», – дейді ол.

Бұл еңбек тек физикалық күшті ғана емес, үлкен төзімділікті талап етеді. Айнагүл – төрт баланың анасы. Көп жылғы адал еңбегі еленбей қалған жоқ. «2019 жылы қала басшылығы тарапынан үш бөлмелі пәтер табысталды. Қуанышымның шегі жоқ. Сөзбен жеткізе алмаймын. Жұмыстың қиындығы да ұмытылды. Еңбегімнің жемісі», – дейді ол.

Соңғы жылдары мекемеде оң өзгерістер байқалады.

«Арнайы техника саны артты, қол еңбегін жеңілдетуге бағытталған шаралар қолға алынды. Ұжымда тәжірибелі мамандармен қатар жас қызметкерлер де еңбек етеді. Ұжымымыз өте тату. Бір-бірімізге көмектесеміз. Жастарға айтарым – жұмыстан қашпау керек. Қандай сала болса да, адал еңбек етсең, нәтижесін көресің. Өз ісіңді жақсы көрсең, ешқандай қиындық қорқытпайды», – дейді Айнагүл.

Қала тазалығы – көзге көрінбейтін күнделікті еңбектің нәтижесі. Біз байқамайтын тәртіп пен жайлылықтың артында осындай қарапайым, бірақ қоғам үшін аса маңызды қызмет атқарып жүрген жандар тұр. Айнагүл Ташетова – солардың бірі.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *