Ақ ұлпадағы айбын

Рудныйда өткен дәстүрлі фестиваль спорттық шеберлік пен ұлттық намыстың нағыз додасына айналды

Рудный қаласының Мәдениет және демалыс саябағында қысқы спорттың көркін қыздырған шаңғы спортынан дәстүрлі қалалық фестиваль өтті. Жарыс алаңы емес, ұлттық намысты халықаралық аренада қорғап жатқан отандастарымызға қолдау көрсету орталығына айналды.

Биылғы айтулы шараның басты миссиясы – Олимпиада ойындарында ел намысын сынға салып жатқан қазақстандық спортшыларға жігер беру.

Шараның ашылу салтанатында Рудный қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Шұңғырбаев фестивальдің маңыздылығына тоқталып, жарыстың мақсат-міндеттерін айқындап берді.

– Аталған шара олимпиадалық спортшыларымызды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Қазақстан атынан екі спортшы – Виталий Пухкало мен Наиль Башмаков – ел намысын қорғап, Қостанай облысының атынан шаңғы жарысында өнер көрсетті. Біз осы фестивальді жас ұрпақ осындай спортшыларымыз бар екенін біліп, оларды үлгі тұтсын деген ниетпен өткіздік. Олар шын мәнінде Қазақстан Республикасының абыройын асқақтатып жүрген азаматтар, – дейді Марс Айдарханұлы.

Фестивальге қаламыздағы барлық мектептер, колледж студенттері мен спорт ардагерлері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 350-400 адамға жетті. Қатысушылар 6 жас ерекшелік санатына бөлінді, әр санат бойынша қыздар мен ұлдар, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Жарыс форматы – әр жас санаты үшін бір шақырымдық бір айналым.

Рудныйдағы бұл доданың эмоционалдық жүгі де жоғары болды. Себебі, Олимпиада трассасында өнер көрсетіп жатқан Виталий Пухкалоның жары, қалалық жаттықтырушы Анастасия Пухкало да шараға атсалысты.

– Бұрын бұл жарыс тұрақты түрде басқа форматта өткізіліп келген, кейін оны спартакиада форматына ауыстырды. Ал биылғы фестивальдің орны бөлек, өйткені біздің облыстан екі спортшы Олимпиада ойындарына жолдама алды.

Шара барысында балаларды жаттықтырумен айналыстық, әртүрлі жас санатындағы спортшылармен жұмыс жасадық. Қатысушылар арасында жас спортшылар да, тәжірибелі шеберлер де болды. Біздің командада бірнеше спорт шебері бар еді. Мысалы, Анастасия Ротова өз жас санатында әлем чемпионаттарына қатысып, медаль жеңіп алған.

Сонымен қатар, СК «Рудный» ардагерлер клубы белсенді түрде өнер көрсетті. Светлана Николаевна – ардагерлерді басқаратын жетекші, олар облыстық жарыстарда қаламыздың намысын қорғауға атсалысты.

Балалар өз мектеп командалары атынан шықса да, олардың қасында болып, қолдау көрсетіп отырдық, – деді Анастасия Пухкало.

Жастар арасындағы спортқа деген құлшынысты Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің 3-курс студенті Алихан Ғабдолла да растап отыр.

– Оқу орнынан 20-дан астам студент жиналдық. Бір айналым жасап, денемізді қыздырып алдық. Адам өте көп, бәрі қызықты өтті. Бұл менің алғашқы қатысуым, сондықтан әсерім өте керемет, – дейді жас спортшы.

Рудныйдағы шаңғы фестивалі тек спорттық жарыс емес, халықтың бірлігі мен спортқа деген сүйіспеншілігінің көрінісі болды. Мұндай шаралар жас буынның отансүйгіштік сезімін оятып, салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып қала бермек.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *