Рудныйда алғаш рет «ALTYN ÁIEL – 2026» байқауы өтті
Рудный қаласында алғаш рет «ALTYN ÁIEL – 2026» байқауы ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, тек бойжеткен аруларды ғана емес, өмірде отбасы мен мансаптық жауапкершілікті қатар алып жүрген 30–50 жас аралығындағы әйелдерді дәріптеу, олардың күш-қуаты мен шығармашылығын көрсету.
– Қандай байқау қызықты болар еді, қандай тақырып өзекті, қазіргі заманға сай іс-шараны қалай өткізуге болады деген ойлардан кейін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай байқау ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Біз бұл сайысты тек әдеттегі сұлулық байқауы ретінде емес, ерекше форматта өткізуді көздедік.
Байқауды 30 жастан асқан әйелдерге арнауды жөн көрдік. Өмір 30 жасқа келгенде жаңа белестерге толы болады, оқиғалар қызықты әрі есте қаларлық болады деп есептейміз. Көрерменге әйелдердің тек үй шаруасындағы ғана емес, талантты, шығармашылығы мол, өз өмірін мәнді өткізетін жан екенін көрсету мақсатымыз болды.
Жалпы 10 әйел қатысты, олар әртүрлі саладан: мұғалімдер, ұйымдастырушылар, өнер адамдары, әншілер, бизнесвумендер, сондай-ақ нумерологтар мен ой-практик мамандар да бар. Біз олардың әрқайсысының жетістіктерін, қабілеттерін көрсетуге тырыстық, – деді ұйымдастырушылардың бірі Любовь Мурашева.
Байқау тек сұлулыққа ғана емес, әлеуметтік белсенділікке де қатысты. Бұл екі ұғым бір-бірін толықтыра отырып, әйел бейнесін жан-жақты аша түсті.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Біріншісі – таныстыру (визитка) – қатысушы өзін, қызығушылықтары мен хоббиін таныстырып, көрерменмен байланыс орнатады. Екінші кезең – шығармашылық. Мұнда қатысушылар өз өнерін және шығармашылық нөмірлерін паш етеді. Үшіншісі – Дефиле – кешкі әсем көйлектермен сахнаға шығып, өз бейнесін, көркін және стилін көрсетеді. Соңғы кезең – сұрақ-жауап. Қатысушылар өз ойларын, өмірлік көзқарасын, қоғамдағы әйел рөлін баяндап, шешім қабылдау қабілеттерін байқатады.
– Байқаудың мақсаты – заманауи әйелді көрсету: әдемі, ақылды, мәдениетті және шығармашыл. Қатысушыларды іріктеу кезінде олардың ерекшеліктерін, қызығушылықтарын, жетістіктерін, сыртқы бейнесін және кәсіби қызметін ескердік. Дайындық кезінде қиындықтар да болды, олардың бірі – демеушілерді табу. Себебі сайыс алғаш рет ұйымдастырылып жатқандықтан, қолдаушыларды тарту оңай болған жоқ. Сонымен қатар визажист, хореограф табу, дефиле ұйымдастыру, фотосессия өткізу мәселелері де туындады. Бірақ бәрін шештік. Осы ретте қолдау көрсеткен «Мәдениет, демалыс және шығармашылық орталығы» МКҚК-на және оның басшысы Мұхан Ноғаевқа алғыс айтамыз, – деп ризашылығын білдірді шара ұйымдастырушысы Фариза Абдуахитова.
Жетінші нөмірлі қатысушы, нумеролог әрі инфлюенсер Жанна Андриевская өз әсерімен бөлісті.
– Биылғы жылы менің энергиям сахнада жарқырау үшін жаралған. Көп адамдарға жылу мен энергия тарату, нумеролог ретінде білімімді бөлісу, ой-практик ретінде әйелдермен жұмыс жасап, олардың өмірлік жолын ашуға көмектесу – менің миссиям, – деді ол.
ЖЕҢІМПАЗДАР
- ІІІ орын –
Камшат Шаухина - ІІ орын –
Татьяна Аношкина - І орын –
Гүланар Парахатова
Көрермен дауыс беру нәтижесі бойынша «Халық сүйіктісі» атағы мен күміс тәж Іңкәр Бақытбекке табысталды. Ал Әсем Түменбаева «ALTYN ÁIEL – 2026» атанды!

«Халық сүйіктісі» Іңкәр Бақытбек тәж алуға лайықты екенін алдын ала сезгенін айтады. Сұхбат кезінде ол «тәжді алуға келдім» деген болатын.
– Мен бұл байқауды өз шығармашылық қабілетімді көрсету және тәжірибе жинау үшін таңдадым. Дайындық кезінде қиындықтар болды, бірақ сахнаға шыққанда барлық қорқыныш жойылып, тек керемет эмоциялар мен қуаныш қалды. Өзімді тәж алуға лайықтымын деп есептеймін, тәж – менікі!, – деп дөп түсті Іңкәр Бақытбек..
– Менің ойымша, «Алтын әйел» – тек сыртқы сұлулық қана емес, ол – өзіне сенетін, бақытты және басқаларға үлгі бола білетін әйел. Ол өмірге оптимистік көзқараспен қарап, айналасына жылу мен қуаныш тарата білуі керек. Бұл байқау мен үшін ерекше тәжірибе болды. Бір ай бойы дайындықтан өтіп, түрлі жағдайларды бастан өткердік. Мен өзім анамын, жұбайым бар, келінмін, сол себепті үйдегі міндеттерді де қатар атқардым. Бірақ бәрін үйлестіре алдым, бәрі жоспарлағандай өтті, мен шын жүректен бақыттымын, – деп «Алтын әйел» атанған Әсем Түменбаева дайындық барысын сипаттады.
Сұхбат барысында ол барша әйел қауымын келе жатқан 8 – Наурыз мерекесімен құттықтады:
– Халықаралық әйелдер күні құтты болсын. Барша әйел қауымына айтарым – өзіңді сүй! Өзіңді сүйгенде ғана әлем сені қабылдайды, әлем сені сүйеді!
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
сурет шара ұйымдастырушылары тарапынан ұсынылды