Рудный қаласында онкологиялық қызмет қалай дамып келеді?
Рудный қаласында онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасы жыл сайын артып келеді. Қатерлі ісікті ерте анықтау, заманауи ем тәсілдерін енгізу, скринингтік бағдарламаларды жүйелі жүргізу – мұның барлығы халық денсаулығын сақтауға бағытталған кешенді жұмыстың нәтижесі. Осы бағыттағы қызметтің барысы туралы Рудный қалалық емханасының онколог-маммолог дәрігері Айнұр Қуантаевамен әңгімелестік.
– 2024 жылдың тамыз айынан бастап Рудный қалалық емханасында онколог-маммолог дәрігері қызметін атқарып келемін. Қарағанды медицина университетін тәмамдап, 2022 жылы «Ересектер онкологиясы» мамандығы бойынша резидентураға оқуға қабылдандым. 2024 жылы оқуымды сәтті аяқтап, кәсіби жолымды туған өңірде жалғастыруды жөн көрдім, – дейді дәрігер.
Резидентура кезеңінде Қарағанды қаласындағы облыстық онкологиялық орталықта тәжірибе жинақтап, онкогинекология бөлімшесінде жұмыс істеген. Сол жылдар жас маманның кәсіби қалыптасуына үлкен мектеп болды. Теория мен тәжірибені ұштастырған дәрігер бүгінде Рудный қаласының тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр.
– Жұмыс күніміз таңғы сағат 08:00-де басталады. Терапевт дәрігерлер қатерлі ісікке күдігі бар науқастарды қабылдауға жібереді. Әрбір науқас толық тексеруден өтеді. Қажетті зертханалық және аспаптық талдаулар тағайындалады.
Егер қатерлі ісікке күдік расталса, науқас облыстық онкология орталығына жолданады. Барлық тексерулер «жасыл дәліз» жүйесі бойынша жүргізіледі, – деп түсіндірді ол.
Аталған жүйе қатерлі ісікке күдігі бар науқастарды диагностикалық тексеруден және мамандардың кеңесінен кезек күтпей, тез арада (жеделдетілген түрде) өткізу қағидаты. Бұл жүйе онкологиялық ауруларды ерте анықтап, емдеуді уақытылы бастау үшін қажет.
– Қатерлі ісікпен күресте қаламыздың көрсеткіштері қандай? Ахуал алаңдатарлықтай ма?
– Қазіргі таңда Рудный қалалық емханасында 1815 науқас қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік есепте тұр. 2024 жылы 291 жаңа жағдай тіркелсе, өткен жылы 295 жаңа жағдай орын алды. Бұл көрсеткіштер қатерлі ісікпен сырқаттанушылықтың әлі де өзекті мәселе екенін аңғартады. Дегенмен, жағымды жаңалық та бар: ерте сатыда анықтау көрсеткіші айтарлықтай жақсарған. 2024 жылы І сатыда анықталған науқастар үлесі 60% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 66%-ға жеткен. Ал IV сатыда тіркелген науқастар саны – 30 адам.
Ерте сатыда анықталған ісік емге жақсы жауап береді. Бұл – науқастың өмір сүру сапасы мен ұзақтығына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Маманның мәліметінше, Рудный қаласында қатерлі ісіктің бірнеше түрі жиі тіркеледі. Атап айтқанда, өкпе қатерлі ісігі, сүт безі обыры, жатыр мойны мен жатыр денесінің қатерлі ісігі, ер адамдардағы қуықасты безінің қатерлі ісігі, сондай-ақ зәр шығару жүйесінің онкологиялық аурулары кең таралған. Соңғы жылдары тіркелген жағдайлардың ішінде өкпе қатерлі ісігі алдыңғы орында тұр. Бұдан бөлек, әйелдер арасында сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігі жиі анықталып отыр.
– Алаңдатарлық жайт – соңғы жылдары ауру жасарып барады. Бұрын қатерлі ісік көбіне 60–70 жастан асқан адамдарда анықталса, бүгінде 30–40 жастағы азаматтар арасында да тіркелуде. Мәселен, 30 жастағы әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі, 40 жастағы ер адамдарда өкпе қатерлі ісігі анықталған жағдайлар бар.
Қатерлі ісікті емдеу бірнеше бағытта жүргізіледі: оперативті ем (хирургиялық араласу), химиотерапия, сәулелік терапия, иммунотерапия, таргеттік терапия. Емдеу әдісі ісіктің түріне, сатысына және науқастың жалпы жағдайына байланысты таңдалады. Ерте сатыда анықталған ісіктерге операциялық ем мен қосымша терапиялар тиімді нәтиже береді. IV сатыда көбіне паллиативті ем жүргізіледі. Мұндай жағдайда негізгі мақсат – науқастың өмір сапасын жақсарту, ауырсынуды азайту және аурудың асқынуын баяулату, – деп назар аударды онколог.
Ем қабылдап, жазылған науқастар толық айықтым деп есептен шығарылмайды. Олар міндетті түрде диспансерлік бақылауда болады. Бірінші жылы – әр 3 ай сайын, екінші жылы – әр 6 ай сайын, үшінші жылдан бастап – жылына 1 рет. Бұл рецидивтің алдын алу және ауруды қайта ерте кезеңде анықтау үшін аса маңызды.
– Қатерлі ісіктің алдын алуда скринингтік бағдарламалардың рөлі ерекше. Қаламызда сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу (40–70 жас аралығындағы әйелдер әр 2 жыл сайын маммографиядан өтуі тиіс), жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу (30–70 жас аралығындағы әйелдер әр 4 жыл сайын ПАП-тест тапсырады), колоректалды қатерлі ісіктің алдын алу (ерлер мен әйелдер әр 2 жыл сайын нәжістегі жасырын қанға талдау тапсырады) скринингтері жүргізіледі.
Айнұр Қуантаеваның айтуынша, жұмыстың ең күрделі тұсы – кейбір науқастардың диагнозды қабылдай алмауы немесе емнен бас тартуы. Уақытылы тексерілмеу, ем аралығын сақтамау – дерттің асқынуына алып келеді.
– Қала тұрғындарына айтар негізгі кеңесім – жыл сайын профилактикалық тексеруден өтіңіздер, скринингтік бағдарламаларға қатысып, кез келген шағымды елемей қалдырмаңыздар! Дәрігерге қаралуды кейінге шегермеңіздер. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Денсаулық – адамға берілген ең үлкен аманат. Оны сақтау – әр азаматтың өз жауапкершілігі, – деп ескертті маман.
Жанарай НУРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген Даниил САЕНКО